Accessibility links

Оппозиция белсендісі Любовь Соболь Ресейден кетті


Любовь Соболь. Мамыр айы 2021 жыл.

Алексей Навальныйдың жақын әріптестерінің бірі Любовь Соболь Ресейден кетті. Бұл туралы жексенбі күні анонимді дереккөздерге сүйенген бірқатар ресейлік ақпарат құралдары хабарлады.

"Интерфакс" агенттігінің мәліметінше, Соболь Стамбулға ұшып кеткен.

Бұған дейін Мәскеу соты "санитарлық іс" бойынша Собольді кінәлі деп танып, бостандығын 1,5 жылға шектеген. Сот үкіміне сәйкес, ол түнгі сағат 22.00 мен таңғы сағат 6 аралығында үйден шықпауы тиіс, мекенжайын ескертусіз өзгертпеуі керек, Мәскеу мен облыс аумағынан шығуына тыйым салынған. Жаппай қоғамдық шараларға да қатыса алмайды.

Ақпаратқа қарағанда, енді Соболь Ресейге оралса, өкілетті орган соттан оның шартты жазасын түрмеге ауыстыруды сұрауы мүмкін.

"Санитарлық істен" бөлек, сәуір айында сот Любовь Собольді ФСБ қызметкері Константин Кудрявцевтің пәтеріне "заңсыз кіргені үшін" кінәлі деп танып, қоғамдық жұмыс істеуге де міндеттеген. (Константин Кудрявцев – Алексей Навальныйға оны қалай улағаны туралы телефонмен айтып берген ФСБ қызметкері).

  • "Санитарлық іс" – биыл қаңтар айында Ресейдің ондаған қаласында өткен оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қолдау акциясынан кейін тергеу комитеті ашқан іс. Осы іс аясында Навальныйдың жақын әріптестері ұсталып, кейбіріне іздеу жарияланды. Оларға санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзды деген айып тағылды.
  • Тергеу органдарының айтуынша, айыпталушылар әлеуметтік желі арқылы карантин кезінде халықты наразылыққа шығуға үндеген. Соның салдарынан оқшаулануы тиіс болған адамдар көшеге шығып, вирустың жылдамырақ тарауына ықпал еткен.
  • Ал айыпталушылар тағылған айыптармен келіспеген. Олар өздерін мемлекеттік дума сайлауына қатыстырмау үшін қудалап отыр деп санайды. Құқық қорғаушылар билікті "бірізділік танытпағаны үшін" сынаған. Олардың айтуынша, билік ұйымдастырған шараларға қатысқандарды полиция байқамағансып, оларды тексеріп жазаламаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG