Accessibility links

Швецияда "5 мың саяси тұтқынды дарға асуға қатысы бар" деп айыпталған ирандық экс-прокурор соты басталады


Хамид Наури.
Хамид Наури.

10 тамызда Швецияда бірнеше мың саяси тұтқынды дарға асуға қатысы бар деп айыпталған ирандық бұрынғы прокурордың соты басталады.

Швед прокурорлары 60 жастағы Хамид Науриді 1988 жылы Иранда биліктің бұйрығымен дарға асылған шамамен 5 мың саяси тұтқынның қазасына қатысы бар деп айыптап отыр.

Прокурорлардың мәліметінше, Наури 1988 жылы шілде мен тамыз айларында Иранның Карадж қаласының маңындағы Гохардашт түрмесінде прокурор орынбасарының көмекшісі болып жұмыс істеген және ондағы адам төзгісіз азаптау фактілеріне қатысы бар болуы мүмкін.

Оның адвокаты Томас Содерквистің сөзіне қарағанда, Наури өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады және 1988 жылғы "жаппай дарға асу ісіне" қатысы барын терістейді.

Швецияның SVT арнасының хабарлауынша, Наури 2019 жылы қараша айында Швецияға келген кезде қамалған және содан бері тергеу изоляторында отыр.

Швеция юрисдикциясы әскери қылмыс сияқты ірі әрі ауыр қылмыс бойынша күдікке ілінгендерді, оқиға қай елде болмасын, жазаға тартуға мүмкіндік береді. Сот келесі жылдың сәуір айына дейін созылуы мүмкін. Үш күн ішінде ондаған куәгер тыңдалады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG