Accessibility links

Ақтөбе облысында 4 күнге созылған дала өртінен соң шаруа қожалықтары жайылымсыз қалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы төрт күнге созылған дала өртінен соң шаруа қожалықтары жайылым мен шабындықсыз қалды. Ресми дерекке қарағанда, 15 000 гектар алқап жанып кеткен. "Ақтөбе фермерлік орталығы" қауымдастығы өртенген аумақ ресми деректен анағұрлым көп, 100 000 гектардан асып кетті деп санайды.

Әйтеке би ауданы Ақтасты ауылындағы "Шыңғыс" шаруа қожалығының иесі Орынбай Жолмұрат ала жаздай Маңғыстауға шөп жөнелтуге ат салысқан.

"Енді өзіміз де Маңғыстаудың кебін киіп отырмыз. Ауыл маңындағы жайылым мен шабындық түгел өртеніп кетті. Өрттің қатты болғаны сонша ауыл тұрғындарының 90 пайызы төрт күн, төрт түн жабылып өрт сөндірдік" дейді Орынбай Жолмұрат.

Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, дала өртінен адамдар зардап шекпеген. Шаруалар жайылым мен шабындықтан айырылып, Әйтеке би ауданындағы "Қонысбай" қожалығының сегіз бас жылқысы күйіп қалған.

Құтқарушылар жер рельефінің ерекшелігіне қарай Қайрақты ауылындағы дала өртін сөндіру қиынға соққанын айтады. Өрт Аралтоғай, Әйке, Ақтасты, Ақкөл және тағы басқа жалпы саны алты округте шыққан.

- Бүгін (10 тамыз) таңғы үште Әйтеке бидегі дала өрті толық сөндірілді. Біздің есебімізше, 15 000 гектар алқап жанып кетті. Дала өртінің екі себебі болуы мүмкін. Оның ең бастысы- адами фактор. Яғни, өрт темекі тұқылынан тұтануы ықтимал. Тағы бір себебі, шөпке найзағай түскен болуы мүмкін, - дейді Ақтөбе облыстық төтенше жағдай департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев.

"Ақтөбе фермерлік орталығы" қауымдастығының төрағасы Марлен Баймағамбетов Әйтеке би ауданындағы алты округте 100 000 гектардан астам алқап өртенгенін айтады.

"Ресми дерек 15 000 гектар алқап өртенді деп отыр. Бұл шындыққа жанаспайды. Дала өртінен соң жүздеген шаруашылық жайылым мен шабындықсыз қалды" дейді фермерлер қауымдастығының төрағасы.

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов дала өртінен зардап шеккен фермерлерге мемлекеттік резервтегі жерлерден жайылым мен шабындық берілетінін айтады. Иманқұловтың сөзінше, өртенген алқап пен шығын әлі де есептеліп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG