Accessibility links

Жайылымы жанып кеткен ұлытаулықтар шөпті қайдан аларын білмей дал


Жайылымдағы шөпті сөндіру.
Жайылымдағы шөпті сөндіру.

Қарағанды облысы Ұлытау ауданында өрттен жас жігіт мерт болып, ондаған мың гектар жайылым жанып кетті. Бұл қайғылы оқиға ауыл адамдарының табиғат апатынан мүлде қорғалмағанын, ел басына күн туғанда халықтың өзінен басқа ешкімге арқа сүйей алмайтынын анық көрсетті. Өрттен жапа шеккендер күнкөріс қамы мен мал азығын ойлап алаңдайды, ал билік өкілдері жергілікті шаруаларға әртүрлі нұсқа ұсынып отырғанын айтады.

КӨМЕККЕ БАРЫП, ОТТЫҢ ОРТАСЫНДА ҚАЛДЫ

Ұлытау ауданындағы бірнеше ауылдық округте өршіген дала өртінен Қоскөл ауылының 23 жастағы тұрғыны Бейбарыс Ескендір қаза тапты. Ол от сөндіру жұмыстарына көмектесуге барған. Марқұмның туыстары өрттің 1 шілдеде басталғанын, ауылдық округ тұрғындары апатты ауыздықтауға бірден ұмтылғанын еске алды. Бейбарыстың әкесі ұлының өрт сөндіруге жүгірген көптің артынан еріп кеткенін айтады.

– Ол кезде ұлым шаруашылықта трактормен шөп орып жүрген. Біз жеке шаруамен қалаға кеткенбіз. 2 шілде күні ұлым хабарласып, ауылдың жігіттеріне көмекке бару үшін көлігімді сұрады. Тракторымыздың күйі нашар еді. Рұқсат бердім, бірақ ұлыма қас қарайған соң барған дұрыс, сол кезде алыстағы өрт жақсы көрінеді, қатты ыстық болмайды деп айттым, – дейді марқұмның әкесі Құлжанбай Ескендіров.

Дала өртінен қаза тапқан Бейбарыс Ескендір.
Дала өртінен қаза тапқан Бейбарыс Ескендір.

Бейбарыс жұмысын тастап, ауыл тұрғындарына көмекке ұмтылған. Оның кешті күткені не жолда бір оқыс оқиғаға ұшырағаны белгісіз. Белгілісі, Бейбарыс діттеген жеріне жете алмаған. 4 шілде күні ауыл маңындағы аумақты аралап шыққан жергілікті тұрғындар Бейбарыстың денесі мен өртенген көлігін тапқан.

– Ауыл жігіттері қашанда көмекке дайын. Бір жағдай бола қалса, шақырту күтпей, өздері барып, көмектеседі. Бейбарыс қыстаулар мен шаруа қожалықтары отқа орануы мүмкін деген қауіпті жерлерге өрт сөндіруге шыққан еріктілерге қосылуы керек еді. Біздің болжамымыз бойынша, ол жан-жақтан қаумалаған оттың ортасында қалып қойған не улы газға тұншығып, есінен танып, кейін сол жерге жеткен өрттің құрбаны болған. Бейбарыстың отқа күйген денесін өртенген көлікке жақын маңнан тапты. Соған қарағанда, өрттен қашып құтылмақ болып, көліктен түскенге ұқсайды. Ары қарай бір жағдай болған. Ол жерде қалың шөп бар еді, сол қатты жанған. Бейбарыс өртті өшірмек болғанда, түтінге тұншығып, оттың ортасынан шыға алмай қалған сияқты. Анығын білмей отырмыз, – дейді марқұмның туысы Гүлмира Бекмағанбетова.

Бейбарысты денесі табылған күннің ертеңіне, 5 шілдеде жерлеген.

Марқұм Қоскөл станциясының темір жолында күзетші болып істеген. Қыркүйек айында мамандығы бойынша өрт сөндіруші болып жұмысқа тұрамын деп күтіп жүрген. Бейбарыс Әлия Молдағұлова атындағы спорт мектеп-интернатында оқып, Қарағандыдағы политехникалық колледжде өрт қауіпсіздігі және төтенше жағдай кезіндегі қорғау мамандығы бойынша білім алған. Екі жыл бұрын әскерден оралған. Төтенше жағдайлар саласы бойынша жоғары оқу орнына түсуді жоспарлаған. Туыстары Бейбарысты қарапайым, батыл, мықты, белсенді, әрдайым көмекке дайын тұратын, қыздар мен балаларға сүйкімді жігіт еді деп сипаттайды.

Бейбарыс Ескендір (сол жақта) әскерден оралған сәйтте. Отбасы архивінен.
Бейбарыс Ескендір (сол жақта) әскерден оралған сәйтте. Отбасы архивінен.

Бейбарыстың отбасында алты бала болған. Бірақ марқұмның туыстары ол туралы өткен шақта сөйлегенді құп көрмейді. Үйдің кенжесі – әскерде, төрт қызы – тұрмыста. Бейбарыс ата-анасымен тұрған, шаруаға көмектесіп, отбасының жалғыз асыраушысы болған. Әкесі – екінші топ мүгедегі. Құлжанбай Ескендіров ұлы өзі туралы естелік қалдырғысы келгендей соңғы жалақысын жақындарына сыйлық алуға жұмсағанын айтады. Достары марқұмның отбасына Бейбарыстың дзюдодан жарысқа қатысып, кір тасын көтеріп, ауылдағы сайыста иығына қой салып, отырып-тұрып жатқан (ол осы жарыста бірінші орын алған) видеосын жіберген. Жақындарының айтуынша, ауыл жастары әртүрлі сайыстар ұйымдастырғанды жақсы көреді.

Қаза тапқан жігіттің туыстары берген ақпарат пен ресми дерек бір-бірімен қиыспайды. Төтенше жағдайдан кейін облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Қарағандыда өткен брифингте жас жігіттің өрт сөндіруге қатысы болмағанын мәлімдеген. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Бекбосыновтың айтуынша, "марқұмды ешкім шақырмаған, ол ерікті өрт сөндірушілер реестрінде болмаған". Бірақ Бейбарыстың туыстары төтенше жағдай кезінде ауыл тұрғындары шақырту күтпей, өзінің және көршілерінің жері мен мүлкін сақтап қалу үшін көмекке асығатынын айтады. Сот медициналық сараптамасын белгілеген полиция әзірге өлім себебін жариялаған жоқ.

"ӨРТТІ ТРАКТОРМЕН, КҮРЕКПЕН, МАТАМЕН ӨШІРДІК"

Ауылдың көнекөз қариялары Ұлытау ауданында кейінгі жылдары мұндай үлкен өрт болмағанын айтады. Кей жерлерде өрт ауылға жақындап, тұрғындардың үрейін алған. Халық мүлкінен ғана емес, мал-жанынан айырыла жаздаған.

Қарпық қыстауы, Ақтас округінің тұрғыны Жаңбырбай Елтаев өрт сөндіремін деп жүріп, шашы күйіп, бір апаттан аман қалған. Оның өрт сөндіруге мініп шыққан тракторына зақым келген.

Ақтас округінің тұрғыны Жаңбырбай Елтаев ауылдастарымен бірге өрт сөндірген.
Ақтас округінің тұрғыны Жаңбырбай Елтаев ауылдастарымен бірге өрт сөндірген.

– Өз жерімді қорғау керек болды. Үстіме өрт тиді, бірақ тез өшіріп үлгердік. Шашым жанып кетті, өйткені трактормен оттың ортасына кіріп, өрт сөндіруге тырыстым. Жеті адам болдық. Өрт бір шаруаның жеріне жақындай бастады, оны өшірдік. Кейін біз жақтағы отпен арпалыстық. Трактормен кетіп бара жатқанымда артымда кішкентай өрт ошақтары қалды, оларды халық күрекпен, матамен, шартылдақпен өшіріп жатты. Екінші күні төтенше жағдайлар [қызметінің өкілдері] келіп, көмектесе бастады. Даланың 80 пайызы жанып кетті. Үш мың гектар жер бар еді, оның шамамен 2,7 мың гектары өртенді. Мұндай өрт бірінші рет болды. Бұрын өрт болса, жұрт жұмылып, өшіріп тастайтын. Ал биыл ондай мүмкіндік болмады: құрғақшылық, шөп оқ-дәрі болып тұр, – дейді Жаңбырбай Елтаев.

Елтаевтың енесі Ақнұр Ағайдарованың айтуынша, шөп оратын шабындық жерлер түгел жанып кеткен, тек мал жаятын шағын аумақ ғана қалған. Енді шаруалар отбасы малға азық болатын шөпті қайдан аларын, көктемге дейін қалай күнелтерін білмей, алаңдап отыр. Ақнұр Ағайдарова азық болмаған соң, биыл әдеттегіден көбірек мал сатуға тура келетінін, одан түскен ақшаға қарызды жауып, солярка сатып алу керегін айтады.

– Ендігі қысқа шөп дайындауды бастауымыз керек еді. Бірақ үлгермедік, бәрі жанып кетті. Қазір мүлде шөбіміз жоқ, шөп жинайтын жер де қалмады. Халық жиналған кезде билік өкілдеріне осыны айттым. Бізге жақын жерде жайлау сияқты жер бар, ол мемлекеттің иелігінде. Маған бір жылға шөп орып алуға сол жерді алуды ұсынды. Бірақ бір жылдан кейін не болады? Келер жылы жерімізге шөп өспейді ғой. Оларға "сол жерді маған берсеңдер дұрыс болар еді" дедім. Қазірге дейін ол жерді басқа адамдар пайдаланып келді, қанша жыл тұрды. Мемлекетке биыл ғана берді. Бірақ билік өкілдері байқау өткізбей, шешім қабылдамайтынын, маған бұл жерді бермейтінін, тек бір жыл ғана пайдаланып, шөп орып алуға болатынын айтты. Ол жердің шөбі былтыр орылған. Қанша шөп шығатынын білмеймін. "Шөп оруға кірісе беріңдер" деді, бірақ біз рұқсат құжаттарын күтіп отырмыз. Жеріміз қашан қалпына келетінін білмейміз. Ауыл ақсақалдары жаз жаңбырлы, жақсы болса, екі-үш жылдан кейін қалпына келеді, бірақ құрғақшылық болса (бізде жаңбыр көп бола бермейді), әзірге шөп шықпайтынын айтады, – дейді өрттің кесірінен жерінен айырылған шаруалардың бірі Ақнұр Ағайдарова.

Ұлытау жұртын дала өрті әбігерге салды. Бір адам қаза болып, мыңдаған гектар жерді өрт шарпыды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:52 0:00

Тұрғындардың айтуынша, биыл құрғақшылықтан онсыз да шөп аз шыққан. Енді өрт салдарынан мал өсірушілер мүлде шөпсіз қалған. Шаруалар қолда бар жерлерден шөп жинаған күннің өзінде қажет көлемдегі мал азығы жиналмайды деп уайымдайды.

"БІР АМАЛЫН ТАУЫП, КҮНЕЛТЕМІЗ"

Ауыл тұрғыны Шәкіржан Сейітжанов әйелдер мен кішкентай балалардан басқалардың бәрі тегіс өрт сөндіруге шыққанын, адамдар отты қолына түскен нәрсемен өшіруге тырысқанын айтады.

– Бізде 800 гектарға жуық жайылымдық жер өртеніп кетті. Негізінен тракторға баллон, диск жалғап, өртті қолмен сөндірдік. Үш күн бойы өшірдік, көбіне түнде жұмыс істедік, өйткені күндіз отқа жақындау мүмкін болмады. Өрт сөндірушілер мен төтенше жағдай қызметінің негізгі күші Байқоңыр ауылы жақтағы өрт өршіп тұрған жерлерге барды. Біздің жақта бір өрт сөндіру көлігі ғана болды. Өрт басталған кезде Ұлытауға хабарластым. Бізге көмек келді, бірақ ертеңіне олардың жанармайы таусылып қалды, жанармай әкелгенше күтіп тұрды. Көршім көп шығынға батты, бүкіл шабындық жері өртеніп, өрт тіпті қыстауға дейін жетті. Қалай екенін білмеймін, бірақ бір амалын тауып, күнелтуіміз керек. Биыл шөп жинау қиын болып тұр: шөп те, жауын да жоқ. Қазір малды ауданның басқа жағына жайып жүрміз, әзірге көршілеріміз ештеңе деп жатқан жоқ. Бірақ малдарыңды алып кетіңдер десе, кетеміз, – дейді Амангелді ауылдық округінің тұрғыны Шәкіржан Сейітжанов.

Жиналған шөптің қалдығы. Ұлытау ауданындағы шаруа қожалығы.
Жиналған шөптің қалдығы. Ұлытау ауданындағы шаруа қожалығы.

Шаруа қожалығының басшысы, 25 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысатын Сағынтай Әбдібеков 300 мал басынан (негізінен қой мен бұзау) айырылған. Жануарлар қоршауда тұрған жерінде жанып кеткен. Шаруа өршіген от пен бағыты жиі өзгерген екпінді желден малын құтқарып үлгермеген. Билік өкілдері шаруаға нарық бағасымен өтемақы төлеуге уәде берген.

Тағы бір шаруа қожалығының иесі Омар Жакупов жайылым және шабындық жерлерінен айырылған. Қазір ол шаруа қожалығындағы малын жайып, оларға шөп дайындауға жарайтын жер іздеп жүр.

– Менде барлығы 2 мың 310 гектар жер болған: малымды қысы-жазы жайып келген жер жанып кетті, шамамен 10 ғана қалды, шөп шабатын жерлер де өртенді, малға азық дайындап үлгермедім. Өрт болған кезде малды қораға қамап үлгердік, үш күн бойы от өшкенше сол жақта тұрды. Қыруар шығынға баттық. Әкімдік бізге 200 километр жерден шөп орып алуды ұсынды. Бұл өте алыс, ескі техникам мұндай қашықтыққа жарамайды. Бірақ әкімдік басқа ештеңемен көмектесе алмаймыз, бір-біріңнен сұраңдар деп отыр. Бірақ көршілеріміздің де жері аз, өздеріне жетпейді, әркім өзі үшін тіршілік жасайды ғой. Қазір шөп қымбаттап кетті. Жылда қысқа 3500 түк шөп дайындайтынмын, мал көп жейді. Қазір қайтерімізді ойланып, жақын маңдағы көршілерден шөп оратын жерін бөлісуді сұрап отырмыз, – дейді шаруа Омар Жакупов.

Шөп жинауға арналған техника.
Шөп жинауға арналған техника.

ШЕНЕУНІКТЕРДІҢ УӘДЕСІ МЕН ЖОСПАРЫ

Қарағанды облысының билігі жайылым және шабындық жерлерінен айырылған шаруаларға әртүрлі нұсқа ұсынып отырғанын айтады. Бірінші нұсқа – жерін бөлісуге келіскен көрші шаруалардан көмек сұрау, екінші нұсқа – мемлекет қорындағы жерді бір жылға беру. Әкімдіктің дерегінше, Ұлытау ауданында өрт салдарынан 39 жер иесі зардап шеккен.

– Бір жер иесі мемлекет қорындағы 600 гектар жерді бес жылға беруді сұрады. Қазір құжат рәсімдеу жүріп жатыр. Қалған жер иелері басқа шаруалардың жерін пайдаланады. Үшжақты келісім бар. Әбдібековтың малының өтемақысы мәслихат сессиясында бюджет бекітілгеннен кейін төленеді. Мал шығынын 16 миллион теңгеге бағалап отырмыз, – деп хабарлады Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, қазір облыс аумағындағы өрт толықтай өшірілген. Ресми дерек бойынша, Ұлытау ауданында 36 мың 538 гектар жер аумағы өртке оранған. Өрт сөндіру жұмыстарын ыстық ауа-райы мен қатты жел қиындатқан. Қарағанды облысында барлығы 141 жерден өрт шыққан. 41 мың гектар жерде сегіз ірі дала өрті болған. 15 орман өрті тіркелген.

Билік осы айдың басында Ұлытау ауданының үш ауылдық округінде төтенше жағдай жариялаған. Апат кезінде осындай ауқымдағы өртке жол берген жергілікті шенеуніктерді жазалау керек деген талаптар да айтылған.

Өрттен кейін Қарағанды облысының билігі азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін көтеріп, мал өсіруші шаруалар қысқа 2,2 миллион тонна шөп дайындауы керегін айтты.

Қарағанды облысы әкімдігінің сайтында "Ауыл шаруашылығы министрлігіне шөп шабуға қосымша арзандатылған дизель отынын бөлу туралы өтініш берілді. Қажет болған жағдайда ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге мемлекеттік қордан жер бөлінеді. Шөп бағасын көтермеу туралы меморандумға қол қою жоспарланып отыр. Сондай-ақ шөпті басқа өңірлерге шығарып, сатуға тыйым салынуы мүмкін" делінген.

Маңғыстау облысын қуаңшылық қысып, жұрт малға "картон беріп жатыр"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:48 0:00

Биліктің дерегінше, қазір Қарағанды облысында 300 мың тоннадан астам шөп дайындалған. Қысқы мал азығын дайындау жұмыстары 1 қазанда аяқталады деп күтіліп отыр. Ауыл тұрғындары өрт шығынын ескеріп, малға қажетті азық көлемін жинап үлгеретіндеріне сенбейді.

Биыл жазда құрғақшылық Орталық Қазақстаннан басқа өңірлерде де болған. Елдің батысында аптап ыстық пен көктемгі жауын-шашынның аз болуынан жаз басында шөп құрғап кеткен. Маңғыстау және Қызылорда облыстарында шөп болмай, мал қырылып жатыр. Арал маңында төтенше жағдай жарияланған. Өткен аптада өңірлердегі шаруалардың шағымынан кейін ауыл шаруашылық министрі өз саласындағы мәселелерді шеше алмағаны үшін отставкаға жіберілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG