Accessibility links

Қызылорда түрмесінде төрт тұтқын өзіне қол салды, туыстары "қысымға шыдамағанын" айтады


Қызылордадағы түрме
Қызылордадағы түрме

Қызылорда қаласындағы түрмелердің бірінде төрт тұтқын өзіне қол жұмсады. Туыстары "тұтқындар түрме әкімшілігінің қысым мен қорлауына төзе алмай, өздерін жарақаттады" дейді. Ал қылмыстық атқару жүйесі комитеті мұны "тыйым салынған заттарға жүргізілген тексеріске наразылық" деп түсіндіреді.

Ақпаратқа қарағанда, Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан төрт тұтқын: Абай Ұзынжасов, Берік Бердешов, Меңілік Бейбітов және Бақытжан Есенбаев 10 тамызда наразылық ретінде өздеріне қол жұмсаған. Туыстарының айтуынша, олар түрме қызметкерлері тарапынан өздеріне қысым жасалатынын, ар-намыстарына тиетін сөздері естуден жалыққандарын айтып, сондай әрекетке амалсыз барған.

Әлеуметтік желіде денесін жарақаттаған кейбір сотталушының суреті де тарады. Солардың бірінде Абай Ұзынжасов делінген тұтқынның ішіне ұзын шеге сұғылғаны айқын көрінеді.

Оның жұбайы Аягөз Науашеваның Азаттық мәлімдеуінше, оқиға 10 тамызда таңертеңгі сағат 10-11-лерде болған. Ол соңғы бір аптаның ішінде Абай Ұзынжасов осымен екінші рет өзіне қол жұмсағанын айтады.

– Күйеуім маған хабарласып, "өзіме қол жұмсап өлмесем, мына жерде тыныштық жоқ, не басқа жаққа ауыстырып алып кетші" деген. Бұған дейін 31 шілде күні қарнына шеге тыққан күйеуімді ауруханаға апармай, ауырсынуды қойдыратын дәрі беріп, өздері шегені суырып алған. Ал кеше жағдайы ауыр болған соң операцияға ауруханаға алып кеткен. Мекемеде қысым бар. "Әкімшілік мені баласынып сөйлеспейді, кінәні күйеуіме арта береді. Не себепті, не үшін" деген сұраққа жауап іздейтін адам жоқ бұл жерде, - дейді Аягөз Наушаева.

Оның сөзіне қарағанда, түрме қызметкерлері нард ойынын өздері пайдалануға беріп, кейін оны арнайы видеоға түсіріп, "рұқсат етілмеген зат" ретінде арнайы видеоға түсірген. Ол бұл туралы Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне де, прокуратураға да шағымданған. Бірақ нәтиже болмаған.

Ал сотталушылар Берік Бердешов, Меңлік Бейбітовтың туыстары түрмедегі жақындарының жағдайын біле алмай отыр. Олар оқиғаны өзге тұтқындардың туыстарынан естіген. Ал ресми мекеме түсіндірмеген.

- Маған күйеуім [10 тамызда] таңертең жетіде хабарласып өзіне қол салуға мәжбүр екенін айтты. "Күн бермейді. Мекеме мен зона бастығының орынбасары неше түрлі қылып балағаттайды, намысымызды таптайды. Шағым айтсақ қайда барсаң онда бар дейді" деген, - деді Мұрат Үсеновтың жұбайы.

ЗК 169\5 мекемесіндегі жағдай туралы ішкі істер министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитеті Polisia.kz сайтында ақпарат жариялап, "аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған үш тұтқын мекемедегі тексеріске наразылық ретінде өздерін жарақаттады" деп жазды. Ресми ақпаратқа қарағанда, мекемеге жедел тергеу тобы, қоғамдық бақылау комиссиясы келіп, зерттеу жұмыстары жасалып жатыр. Денесін жарақаттаған сотталушылар Қызылорда облысының медицина орталығына жеткізілген. Хабарламада оларды ауруханада жатқызуға қажеттілік жоқ деп көрсетілген.

Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары Мұрат Нәкенов сотталушылар әрекетін "елдің назарын аудару үшін жасап жатыр" деп бағалады.

- Олар үнемі "бізді балағаттап жатыр" деп айта береді. Олар да солай жасап жатыр, бірақ біз оны айтып жатқан жоқпыз. Режимдік тәртіпке бағынғылары келмейді. Бос жүргісі келеді, бір-біріне қонаққа барғысы келеді. Тамақтан соң жатқылары келеді. Қызметкер ескерту жасаса, ашуланады. Тыйым салған заттарды пайдаланатындарын анықтап жазалаймыз. Олар сол үшін бізге "сендерге көрсетеміз деп" осылай істеп жатыр, - деді ол.

Қызылордадағы ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан "саяси тұтқын" Ержан Елшібаев та сотталушылар құқығының сақталмайтынына наразылық білдіріп, 16 шілде күні қарнын тілген еді. Оны да ресми орган алдымен терістеп, кейін растаған болатын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG