Accessibility links

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 8,1 мыңға көбейді, 129 адам қайтыс болды


Коронавирус жұқтырғандарды емдейтін орталық.
Коронавирус жұқтырғандарды емдейтін орталық.

11 тамызда Қазақстанда 7 747 адамның анализінен коронавирус анықталды. Бір күнде 7 512 адам жазылды. Денсаулық сақтау министрлігінің бейсенбі күнгі хабарламасында осындай мәлімет көрсетілген.

Сәрсенбі күні Алматыда – 1510, Нұр-Сұлтанда – 1384, Қарағанды облысында – 1127, Шымкент қаласында – 515, Атырау облысында – 460, Ақтөбе облысында - 364, Павлодар облысында 297 науқас тіркелген. Қалған облыстарда бұдан төмен көрсеткіш тіркелген.

Бір күн бұрын денсаулық сақтау министрі Алексей Цой тамыз басталғалы бері індет бәсеңдеді деп мәлімдеген. Бірақ соған қарамастан күн сайын орташа есеппен 7,5 мың төңірегінде науқас анықталып жатыр. Бұл министрліктің "оптимистік сценарийіндегі" көрсеткіштен шамамен мың науқасқа көп.

Ведомство мәліметінше, 10 тамызда 427 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған. Сол күні 129 адам өлімі тіркелген: 105 адам – коронавирустан, 24 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болды деп айтылады.

Денсаулық сақтау саласының мамандары вирустың күшеюін коронавирустың дельта вариантының жылдам тарауымен байланыстырады. Дәрігерлердің айтуынша, дельта "ағза таңдамайды, ол жылдам асқынады, созылмалы аурудың жоқтығы аурудың асқынбауына кепілдік бола алмайды".

Індет басталғалы бері 664 мың адамның коронавирус тесті оң шыққан. 548 мыңы жазылған. 7 208-і қайтыс болған. 2020 жылдың тамыз айынан бері 64 мың адам коронавирус пневмониясына шалдыққан. 3973-і қайтыс болған.

Қазір 113 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 30 мың науқас стационарда жатыр. 1849 адамның жағдайы ауыр, 479 науқастың халі мүшкіл. 215 адам жасанды тыныс аппаратына қосылған.

Ақпан айынан бері 4,5 млн адамға коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасы салынған. 1,4 млн адам бірінші дозасын алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG