Accessibility links

Балалардың Covid жұқтыруы неге жиіледі? Балалар инфекционисімен сұхбат


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Коронавирус балаға жұқпайды" деген былтырғы тұжырым өзгеріп барады. Қазақстанда коронавирусқа шалдыққан науқастың 6 пайызы – бала. Ресми дерек бойынша, жыл басынан бері 45 мың балаға вирус жұғып, алты сәби осы дерттен көз жұмған, қазір 6 380 бала емделіп жатыр, оның 918-і ауруханада. 25 баланың жағдайы ауыр. Балалар ауруханаларындағы төсек-орынның жартысынан көбі (53%) толған.

Денсаулық сақтау министрлігі Азаттыққа ұсынған дерекке қарасақ, кішкентайлардың коронавирусты жұқтыру көрсеткіші шілде айында күрт өсіп, 13 047-ге жеткен. Басқа айларда мұнша көп науқас тіркелмеген. Азаттық биыл наурыздан бастап Covid орталығына айналған Нұр-Сұлтандағы №3 балалар ауруханасының дәрігер-инфекционисі Асылзат Байғоновамен сұхбаттасты.

Азаттық: Былтыр дәрігерлер коронавирусты жұқтырған балаларда аурудың жеңіл өтетінін, кейде симптомдары да байқалмайтынын айтқан. Бірақ биылғы деректерде Covid жұқтырған бала көп, шетінеген сәбилер де бар. Шынымен солай ма?

Асылзат Байғонова: Биыл Covid жұқтырған бала көбірек. Біздің ауруханаға күніне шамамен 10-15 бала түседі. Біз арнайы Covid орталығы болған соң мұнда тек вирус жұқтырған балаларды әкеледі. Бірақ олардың кейбірінде ПТР нәтижесі теріс болуы мүмкін. Ауруханаға келген баланың кейбірі ауру ошағынан. Яғни отбасында не әкесі, не анасы вирус жұқтырған. Балада ауру белгілері байқалса, ол да ауруханаға жеткізіледі. Дегенмен, бәрін жатқыза бермейміз, кейде жағдайы бірқалыпты балаларға ем тағайындап, үйіне жібереміз.

Азаттық: Орталықтаға ахуал қалай? Төсек-орын жете ме?

Асылзат Байғонова: Бөлімде 550 төсек-орын бар. Қазір жүзге тарта бала емделіп жатыр. Мұнда Covid жұқтырған балалар да, үлкендер де аралас. Бірақ бала жатқан палатаға үлкендерді кіргізбейміз. Орын жеткілікті, бірақ дәрігер тапшылығы байқалады. Қазір вируспен күресуге тек инфекционист-дәрігерлер ғана емес, терапевт, кардиологтар да жұмылдырылған. Жұмыс қиындап кеткені рас. Ауыр жағдайда жатқан науқастарды емдеу оңай емес. Бала болсын, ересек болсын, науқасты жазылатынына сендіреміз. Олар біздің де көңіл-күйімізге қарайды. Осындай көзге көрінбейтін жауапкершілігіміз де бар.

Азаттық: Балалардың вирус жұқтыруы неге жиілеп кетті?

Асылзат Байғонова: Менің ойымша, вирустың мутацияланғанына байланысты. Коронавирус бір жыл бойы халықтың арасында адамнан адамға өтіп, кең тарап кетті. Екінші себебі, карантиндік шаралардың әлсіздігі. Қазір сауда орталықтары, тамақтану орындары, балабақша – бәрі ашық. Халық та босаңсып қалғандай. Ауырып жатқан балалардың ішінде көбісі науқастармен қарым-қатынаста болғандар. Өйткені, балалар ешқайда жалғыз бара алмайды ғой. Үлкендер жұмысқа, қоғамдық орындарға барады. Балаларға вирусты көп жағдайда ересектер жұқтырады. Коронавирусты жұқтырған балалар ересектерше қатты ауырмауы мүмкін. Бірақ бұрыннан жүрегі, жүйке жүйесі не басқа ауруы бар балалар орташа ауыр жағдайда өткізеді. Өйткені, мұндай балалардың иммундық жүйесінің вируспен күресуге шамасы келмейді.

Азаттық: Қазір науқас балалардың бәрінде "дельта" штамм анықталып жатыр ма?

Асылзат Байғонова: Ауруханада бала вирустың қай штамын жұқтырғанын анықтайтын мүмкіндік жоқ. Біз тек ПТР тест арқылы я бар, я жоқ деп қана айта аламыз. Әрі қарай терең тексеретіндей зертхана жоқ. Бірақ коронавирустың қай түрі болса да емі бір. Ерекшелігі – биыл ауырған ересек науқастардың көбінде ауыр өтіп жатыр. Адам ағзасы тез әлсіреп қалады. Реанимацияда жатқан жағдайы өте ауыр науқастар бар.

Азаттық: Қазір ауырып жатқан балалардың жас ерекшелігі қандай?

Асылзат Байғонова: Нақты айту қиын. Барлық жастағы балалар ауырып жатыр. Тіпті жаңа туған бір айға дейінгі шақалақтар да бар.

Азаттық: Covid жұқтырған балалардың емі үлкендердікіндей бола ма? Балаларды қалай емдейсіздер?

Асылзат Байғонова: Жоқ, ересектерде қолданатын ем балаларға болмайды. Кішкентайларды емдеудің арнайы хаттамасы бар. Коронавирусқа қарсы кей дәрі балаға қолданылмайды. Баланың жағдайы нашарлап кетсе, мысалы, тыныс алуы қиындаса консилиум өткізіп, дәрігерлер шешім қабылдайды. Балалар мен үлкендердің ауру белгілері ұқсас келеді. Тек бала симптомдарды анық айта алмауы мүмкін. Қазір ауруханаға түсіп жатқан балалардың көбіне ыстығы көтеріледі, жөтеледі, іші өтеді, кейбірі иіс сезбей, әлсіреп, ентігіп қалдым деп жатады. Бұл белгілердің қайсысы болса да жедел басталады. Бала мен ересектің айырмашылығы ауру ағымында. Балада созылмалы ауру аз болғандықтан, Covid жеңіл әрі тез өтуі мүмкін. Ал үлкендер ұзағырақ ауырады, себебі көбінде қосымша аурулар болады.

Азаттық: Қазақстанда жаңа оқу жылында мектептер ашылып, балалар дәстүрлі оқу форматына көшетіні айтылды. Олай болса балалар арасында Covid жұқтыру қазіргіден көбейіп кетеді деген қауіп жоқ па?

Асылзат Байғонова: Әбден мүмкін. Бірақ дәрігерлер ұжымдық иммунитет қалыптасады дегенге сеніп отырмыз. Коронавирусқа қарсы вакцинаны тұрғындардың бәрі салдырса, ересектердің арасында ауру көрсеткіші азаяр еді. Сол кезде балаларға да соншалық қауіпті болмас па еді деп ойлаймын. Мектепке барғанда балалар топтасады, кішкентайлар арақашықтықты сақтай қоймайды. Дәрігер ретінде айтсам, жұқтыру көрсеткіші шарықтау шегіне жетіп, одан өткенше мектептерді ашпай қоя тұру керек.

Азаттық: Он екі жастан асқан балаға вакцина салдыру жайы айтылып жатыр. Вакцина балаға қалай әсер етеді? Салдыру керек пе?

Асылзат Байғонова: Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы зерттеп, балаларға рұқсат беріп жатса, салдыру керек. Екпе профилактика үшін керек. Вакцина алса ауыр жағдайда өтпейді, соның арқасында балалар арасында вирус жұқтыру азаяды деп ойлаймын. Вакцина салардың алдында міндетті түрде баланы педиатр қарап, рұқсатын беруі керек. Ұйғарымды сол шығарады.

Азаттық: Әңгімеңізге рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG