Accessibility links

Үш өңірде "ковидтектес пневмониямен" ауырғандар көп. Себеп неде?


№2 қалалық ауруханадағы "қызыл аймақ". Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.
№2 қалалық ауруханадағы "қызыл аймақ". Шымкент, 5 тамыз 2021 жыл.

9 тамыз күні Қазақстанда "ковидтектес пневмониямен" 588 науқас тіркелді. Бұл – коронавирус індеті басталғалы ең жоғарғы көрсеткіш. Оның ширек бөлігі Шымкент үлесінде. Коронавирустың жұққан-жұқпағанын анықтайтын ПТР тесті (полимеразды тізбекті реакция) бұл науқастардан инфекцияны анықтай алмаған. Олардың диагнозы ауру белгілері бойынша қойылған. Әдетте мұндай науқастар саны вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталғандардан едәуір төмен келеді. Бірақ Шымкентте және Маңғыстау мен Жамбыл облыстарында пневмонияның осы түріне шалдыққандар үлесі өзге аймақтардыкінен жоғары.

2 тамыздан бастап Шымкентте "ковидтектес пневмонияға" (КВИ-) шалдыққандар күрт көбейді. 9 тамызға дейін осындай диагнозбен барлығы 776 науқас тіркелді. Бұл осы мерзімдегі республикалық көрсеткіштің 30 пайызға жуығын құрайды.

Дәл осы аралықта қалада КВИ+ немесе анализінен коронавирус инфекциясы анықталған науқас саны 4386 болған. Яғни әрбір КВИ- науқасына 5,6 КВИ+ науқасы келген.

Қазақстанда коронавирустың екі есебі жүргізіледі: бірі ПТР тестімен расталған КВИ+, бірі ПТР тестімен расталмаған КВИ-. Сол жақтағы кестеде 2021 жылғы 2-9 тамыз аралығындағы КВИ- науқастары, оң жақта КВИ+ науқастар көрсетілген. Кестені Азаттықтың Қазақ қызметі түзді.
Қазақстанда коронавирустың екі есебі жүргізіледі: бірі ПТР тестімен расталған КВИ+, бірі ПТР тестімен расталмаған КВИ-. Сол жақтағы кестеде 2021 жылғы 2-9 тамыз аралығындағы КВИ- науқастары, оң жақта КВИ+ науқастар көрсетілген. Кестені Азаттықтың Қазақ қызметі түзді.

Ал коронавирус науқастарының саны бойынша көш бастап тұрған Алматы қаласында әрбір "ковидтектес пневмонияға" 140 КВИ+ науқастан келген. Өзге аймақтарда да осы екі көрсеткіш арасында белгілі бір алшақтық байқалады. Шымкент қаласында және Маңғыстау мен Жамбыл облысында бұл алшақтық шамалы ғана. Маңғыстау облысында арақатынас 5,2 болса, Жамбыл облысында 4,6.

Кестеде 2021 жылғы 2-9 тамыз аралығында әрбір КВИ- науқасқа қанша КВИ+ науқастан келетіні көрсетілген. Кестені Азаттықтың Қазақ қызметі түзді.
Кестеде 2021 жылғы 2-9 тамыз аралығында әрбір КВИ- науқасқа қанша КВИ+ науқастан келетіні көрсетілген. Кестені Азаттықтың Қазақ қызметі түзді.

Халықаралық денсаулық сақтау ұйымдары, медицина ғалымдары коронавируспен күресте Covid тестілеуінің маңызды екенін айтады. Көптеген дамыған елде вакцина салумен бірге Covid скринингіне де мән береді.

Мамандар ПТР тестінің дәлдігі 100 пайыз емес дейді, бірақ ол адам ағзасында коронавирус инфекциясы бар-жоғын анықтайтын ең сенімді құрал саналады. Бұл тестің қате нәтиже көрсетуі мүмкін екенін қазақстандық мамандар да айтады.

Мәселен, Қазақстанның штаттан тыс бас инфекциялық дәрігері Динагүл Баешева коронавирустың 5-7 күнде өкпеге түсетінін, ол кезде ПТР тестінің вирусты көрмейтінін айтады. Маман адами факторды да жоққа шығармайды.

Ал эпидемиолог Рафаил Қыпшақбаев тест дәлдігіне оның сапасы да әсер етеді дейді.

– Мұның бәрі тест сапасына, оның қайдан алынғанына, қалай тасымалданып, қалай сақталғанына байланысты. Бұл тест жүйелері өте сезімтал материалдардан тұрады, егер оны дұрыс қолданса, ол дәл нәтиже береді, – деді ол Азаттыққа осыдан бірнеше ай бұрын.

Ал Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының бас эпидемиологы Гүлфайра Мырзабекова мәселе сынама алуда болуы мүмкін дейді.

– Сынаманы (ПТР тестінде мұрыннан және тамақтан сынама алады – ред.) дұрыс алмаған болуы мүмкін. Оның дұрыс тасымалдамауы да ықтимал, – дейді ол.

Бірақ бұл мамандардың ешқайсы ПТР тестінің қателесу деңгейі жекелеген аймақтарда не себепті жоғары екенін айта алмады.

"35-40 жастағы науқастар да қайтып жатыр". Ковид ауруханасынан репортаж​

"35-40 жастағы науқастар да қайтып жатыр". Ковид ауруханасынан репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:57 0:00

Қазақстан "ковидтектес пневмонияның" есебін былтыр 1 тамыздан кейін ғана жүргізе бастады. Бұл қадамға билік жергілікті және халықаралық деңгейдегі үндеуден кейін барды. Былтыр маусым-шілде айларында Қазақстанда мұндай пневмония дерті күрт өршіді.

Денсаулық сақтау министрлігі 2020 жылғы 1 қаңтардан 2 тамызға дейін пневмонияға 256 мың адам шалдыққанын айтқан. Министрлік дерегінше, сол жылы 1-8 шілде аралығының өзінде пневмония диагнозымен 98 мыңнан астам науқас тіркелгенін, оның 59 мыңға жуығында коронавирус белгісі болғанын айтқан. Бірақ мұның ешқайсы коронавирус статистикасына кірмеді.

Билік "ковидтектес пневмония" есебін жүргізе бастағанымен, оның есебін коронавирустың бас статистикасына қоспады. Ресми есеп бойынша, Қазақстанда 2020 жылғы 1 тамыздан 2021 жылғы 9 тамызға дейін "ковидтектес пневмониямен" 64 мың науқас тіркелген, оның 3949-ы қайтыс болған.

Қазақстан вакцина салу науқанын биыл 1 ақпанда бастап, көктемге қарай коронавирустың тарауы бақылауға түскендей болған. Бірақ маусымның аяғында елде коронавирустың қауіптірек саналатын "Дельта" варианты тіркеліп, ауру қайта өршіді.

Шілденің басында денсаулық сақтау министрлігі қызмет көрсету саласындағы азаматтарды екпе салуға міндеттеуге көшті. Вакцина алғысы келмейтіндерге балама ретінде аптасына бір рет теріс нәтижелі ПТР анықтамасын өткізіп отыруды ұсынды. Осы кезде екпе салуға қарсы көңіл-күй күшейіп, вакцина паспортын сатып алу оқиғалары жиі айтыла бастады. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында вакцина паспортымен қатар теріс нәтижелі ПТР анықтамасын сатып алу фактілері де тіркелгені хабарланды.

Қазақстанда індет басталғалы барлығы 656 777 адамның анализінен коронавирус анықталған. Оның 7103-і қайтыс болған. Бұл есепке коронавирус жұқтырған, бірақ "өзге аурудан қайтыс болды" деген 2367 адам кірмей қалған.

11 тамыздағы ақпарат бойынша елде 4,5 миллион адам вакцинаны толық салдырған. 19 миллион халқы бар Қазақстанда үкімет 10 миллион адамға вакцина салуды көздейді. Кәмелетке толмағандарға екпе салу мәселесі қаралып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG