Accessibility links

Пандемия өршіген кездегі өлім деректерін талдау нені байқатты? Зерттеушімен сұхбат


Вирустан қорғану үшін арнайы киім киген адамдар коронавирустан қайтыс болған кісіні жерлеп жатыр.
Вирустан қорғану үшін арнайы киім киген адамдар коронавирустан қайтыс болған кісіні жерлеп жатыр.

Коронавирус инфекциясының бірінші толқыны өршіп тұрған кезде респираторлық дертке шалдыққандар саны пандемияға дейінгі көрсеткіштен төрт есе, ал осы аурудан көз жұмғандар саны 11 есе өскен. Қазақстанның бір өңірінен алынған деректерді зерттеген отандық және шетелдік ғалымдар осылай деп қорытты. Ғалымдар өткен айдың соңында халқы ең тығыз қоныстанған облыстың 2020 жылғы маусым-тамыз айларында жазылған медицина деректерін талдау қорытындысын жариялады.

Мамыр айында британдық BMC Infectious Diseases журналында жарияланған ғылыми мақаланың сипаттамасында авторлар "Бұл – Орталық Азия мен Еуразиядағы респираторлық дертпен ауырып, ауруханада және үйге шыққаннан кейін көз жұмған науқастар туралы деректер талданған алғашқы зерттеу" деп жазған. Ғалымдар "ковидке ұқсас пневмония" (Covid-19 вирусы белгілері байқалғанымен, ПТР-тест нәтижесі теріс болатын ауру) статистикасын зерттеген. Бұл аурудың өршуі былтыр маусым-шілде айларына тұспа-тұс келгенімен, Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі "ковидке ұқсас пневмония" статистикасын жүргізуді 2020 жылдың тамыз айында бір-ақ бастаған. Көбі министрліктің деректерді жариялауына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қысымы (Қазақстанда жаз мезгілінде жиі кездеспейтін өкпенің қабынуы ауруы өршіген кезде ДДСҰ "өлім қаупі жоғары қазақстандық пневмония" (бұл ауру шетелдік басылымдарда осылай аталған) – дұрыс анықталмаған Covid деп мәлімдеген) әсер етті деп есептейді.

Азаттық медицина ғылымдарының кандидаты, Назарбаев университеті медицина мектебінің доценті, АҚШ-тағы Теннеси университеті жанындағы денсаулық ғылыми орталығының постдокторанты, "Covid-19 пандемиясы өршіген тұста SARS-CoV-2 пневмониясымен ауруханаға түскен, ПТР тест нәтижесі оң және теріс шыққан науқастар: ауруханада және үйде болған өлім фактілеріне сараптама" (SARS-CoV-2 PCR-positive and PCR-negative cases of pneumonia admitted to the hospital during the peak of Covid-19 pandemic: analysis of in-hospital and post-hospital mortality) зерттеуі авторларының бірі Әбдіжаппар Ғайыповпен сөйлесті.

Азаттық: Ғайыпов мырза, әріптестеріңізбен бірге Қазақстандағы "ковидке ұқсас пневмония" деректерін зерттеуге не себеп болды? Неге зерттеу тек Түркістан облысының деректері негізінде дайындалды?

Әбдіжаппар Ғайыпов: Маусымда ақпарат құралдары пневмониямен ауырып, ПТР-тест нәтижесі теріс шыққан науқастар туралы жаза бастады. Қытайда "Қазақстанда пневмонияның жаңа түрі пайда болды" деген мақала жарияланды. Ғалым ретінде назарым ПТР-тест нәтижесі оң және теріс пневмонияның арасында қандай айырмашылық бары және олардан болатын өлім көрсеткішіне ауды.

Әбдіжаппар Ғайыпов – медицина ғылымдарының кандидаты, Назарбаев университеті медицина мектебінің доценті.
Әбдіжаппар Ғайыпов – медицина ғылымдарының кандидаты, Назарбаев университеті медицина мектебінің доценті.

Әріптестерім ПТР-тест нәтижесі теріс шыққан науқастар көз жұмып жатқанын айтты. Осыдан кейін көп сұрақ туындай бастады.

Сол кезде Түркістан облысында тұратын жақындарым ауырып қалды. Бізге [отбасымызбен] сол жаққа баруға тура келді. Әкемде Covid белгілері байқалғанымен, ПТР-тесті теріс нәтиже көрсетті. Түркістан облысында ауру қатты өршіді. Ол жақта ауру ерте, маусымда басталып, тамызда аяқталды, біз осы үлкен толқынның астында қалдық.

Біз алдымызға пневмония диагнозымен ауруханаға түскен, ПТР-тест нәтижесі оң және теріс шыққан науқастардың клиникалық-демографиялық сипаттамасын зерттеп, 2019 және 2020 жылдардың сәйкес кезеңдеріндегі тыныс алу жүйесінің аурулары туралы деректерді салыстырамыз деген мақсат қойдық. Мұқым Қазақстандағы жағдайды зерттеуге тырысқан жоқпыз. Бір облыстың дерегін талдау бүкіл елдегі статистиканы қарап шығудан әлдеқайда жеңіл. Деректерді өңдеуге, ақпарат алып, талдауға көп уақыт кетті.

Азаттық: Жұмыс барысында қандай деректерге сүйендіңіздер? Ақпаратқа қол жеткізу қиын болған жоқ па?

Әбдіжаппар Ғайыпов: Науқастардың аты-жөні көрсетілмеген деректер жинақталған республикалық электронды денсаулық сақтау орталығымен келісімшартымыз бар. Медицина жазбаларының барлық ретроспективті деректерін зерттеуге кірістік. Ақпаратқа қол жеткізу қиын болған жоқ.

ӘЙЕЛДЕР МЕН ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТІРІ ҚАЛУ МҮМКІНДІГІ ЖОҒАРЫ

Азаттық: Қандай қорытындыға келдіңіз?

Әбдіжаппар Ғайыпов: Пандемия өршіген тұста респираторлық аурумен ауырып, ауруханада және үйге шыққаннан кейін көз жұмған науқастар туралы деректерді зерттедік. Зерттеу тек коронавирусқа ғана емес, респираторлық жүйенің ауруларына да қатысты болғанын атап өткен жөн. Зерттеу кезінде 2020 жылдың маусым-тамыз айларында түскен науқас саны 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – төрт есе, ал ауруханада болған өлім көрсеткіші 11 есе өскенін анықтадық.

Азаттық: Дәрігерлердің "көбіне ПТР-тест нәтижесі теріс шыққан науқастар көз жұмып жатыр" деген сөзі расталды ма?

Әбдіжаппар Ғайыпов: [Жоқ], ПТР-тест нәтижесі теріс науқастар көп болғанымен, ағзасында коронавирус бары анықталған адамдар екі есе көп көз жұмған. Пневмония диагнозымен ауруханаға түскен науқастардың 84 пайызында ПТР-тест теріс нәтиже көрсеткен.

Әйелдерге қарағанда, ерлер арасында өлім қаупі 25 пайызға жоғары болған.

Инфекциялық ауруханалармен салыстырғанда, провизорлық ауруханаларда көп өлім тіркелген.

Одан бөлек, көз жұмғандар арасында қалада тіркеуде тұрған науқастарға қарағанда, ауылда тұратын адамдар көп. Зерттеу барысында төменде көрсетілген бірнеше маңызды қорытындыға келдік:

Ауруханадағы және үйге шыққаннан кейінгі өлім көрсеткіші: зерттеу деректері

"Ресми статистика Covid-19 инфекциясынан болғаны анықталмаған өлім көрсеткішін төмендетіп көрсетіп отыр. Яғни, ауруханадан шыққаннан кейін немесе медициналық көмекке қол жеткізе алмай, үйінде қайтыс болған, диагнозы дұрыс қойылмаған адамдардың өлімі [есепке алынбаған]. Түркістан облысы бойынша дерегімізге сәйкес, ауруханада болған өлім көрсеткіші – 1,3 пайыз, ал жалпы (ауруханадағы және үйге шыққаннан кейінгі) өлім көрсеткіші – 3 пайыз. ПТР-тест нәтижесі теріс болған бірнеше науқас жағдайы жақсармай, тіпті, денсаулығы нашарлаған күйде ауруханадан шығарылған. Науқасты ауруханадан шыққаннан кейін бақылау деректері аурухана ішінде болған өлімге қарағанда, үйге жіберілген науқастар арасында тіркелген өлім көрсеткіші жоғары екенін көрсетті. Ауруханадан шығарылғаннан кейінгі бірінші және екінші күні 55 және 35 өлім тіркелген. Мұны бірнеше себеппен түсіндіруге болады: а) науқастар немесе олардың туыстары емнен бас тартқан; б) науқастар жағдайы қиын болғанына қарамастан, ауруханадан ерте шығарылған; в) өлім фактісі ауруханадан шыққаннан кейін амбулаториялық жағдайда тіркелген; г) Covid-19 пандемиясы кезінде медицина қызметкерлеріне шектен тыс жүктеме түсуіне байланысты қайтыс болған науқастар туралы күнделікті электронды есеп кешігіп жеткен".

Азаттық: Сіз қалада тұратын науқастарға қарағанда, ауыл тұрғындарының тірі қалу мүмкіндігі төмен болғанын айттыңыз. Бұл ауылдағы медицинаның даму деңгейімен байланысты ма?

Әбдіжаппар Ғайыпов: Өлім көрсеткішінің жоғары болуы пандемия өршіп тұрған, ауруханада орын болмаған, табылса да, жағдайы әбден ауырлаған науқастар ғана қабылданған кезге тұспа-тұс келді деп ойлаймын. Мысалы, әкем ауырған кезде басында үйде емделді. Кейін оған ауа жетпей, ағзасының оттегімен қамтылу деңгейі 70 пайызға дейін түсіп кетті. Жедел жәрдемге хабарластық. Олар ауруханаға жеткізу радиусы – 300 километр деді, яғни, қалалық және аудандық ауруханаларда орын болған жоқ. Жедел жәрдем қызметкерлері ауыл ауруханаларының біріне бару керегін айтты.

Ауылда тұратын науқастар арасында өлімнің көп болуының себебі олардың қаладағы ірі ауруханаларда емделе алмауымен байланысты. Олар қалалық ауруханаға түскен күннің өзінде пандемия өршіп тұрған кезде ол жақтағы медициналық көмек сапасы төмендеген болуы мүмкін. Кей ауыл тұрғыны дәрігер көмегіне тым кеш жүгінген. Оның үстіне, ауылда немесе аудан орталығында орналасқан емханалар мен медицина мекемелерінің жабдықталу деңгейі жағынан қалалық және облыстық ауруханаларға, сол кезде салынған Covid орталықтарға ілесе алмайтыны жасырын емес. Негізгі себеп – өкпені жасанды желдету аппараттары жетіспеді. Бірақ ауру өршіген кезде бұл мәселе біздің елде ғана емес, барлық жерде байқалды.

"ПТР-ТЕСТ НӘТИЖЕСІ ТЕРІС" НАУҚАСТАР

Азаттық: Былтыр саяси шолушылар "пандемия басқарудағы дағдарыс пен жүйелі кемшіліктерді көрсетті" деген пікір айтты. Медицина тұрғысынан алғанда, 2020 жылдың басындағы "бәрі дайын, провизорлық ауруханалар ашылды, дәрі-дәрмек пен қорғаныш құралдары сатып алынды" деген есеп, мәлімдемелерге қарамастан, Қазақстан пандемияға дайын болмады деуге бола ма?

Әбдіжаппар Ғайыпов: Бізде карантин шараларын ешкім қатаң сақтаған жоқ. Әсіресе, Қазақстанның оңтүстігінде. Сондықтан ауру өршіп кетті. Пандемия өршіген маусымның соңы - шілденің басындағы үш аптаға қарасақ, провизорлық орталықтарға түскен науқас саны ондағы төсек санынан көп болғанын көреміз. Ауру күшейген сайын үкімет ауруханалардағы орын санын көбейтіп отырды. Адамдар жаппай ауруханаға түсе бастаған қиын шаққа 100 пайыз дайын болу мүмкін емес әрине, оны өзіңіз де түсінесіз ғой. Оның үстіне, ауыр халде түскен науқас бірден жансақтау бөліміне жатқызылып, оттегі аппаратына қосылып, басқа да ем қабылдауы керек. Бірақ бір орталықтан жансақтау бөліміне жүз төсек бөлу мүмкін емес. Инфекциялық стационар ашып үлгеріп, кей стационарды инфекциялық етіп өзгертіп, Шымкентте үлкен инфекциялық стационар салғанымен, пандемия өршіген тұста науқастарды стационарларға теңдей бөлмегенін көріп отырмыз.

Медицина қызметкерлеріне аса ауыр салмақ түсті. Көп әріптесім көз жұмды. Әкем жансақтау бөлімінде жатқан кезде ауруханада бірдей дәрігерлерді көретінмін, шаршағаннан көзі қызарып жүретін. Олар күн сайын қаншама адамның өлімін көреді. Бұл – адамның рухын "сындыратын" аса ауыр психологиялық жүк. Пандемияға дайын болмадық деп айтуға болады, бірақ мен біраз жұмсартып, бұл аурудың шынымен қауіпті екенін атап өтер едім. Білуімше, пандемиядан еш қиындықсыз өткен мемлекет жоқ.

Азаттық: Зерттеуге оралсақ, мақалада пневмониямен ауырған науқастардың 84 пайызында ПТР-тест нәтижесі теріс болғаны жазылған. Неге бұлай болды? Пандемияның басында Қазақстанда мәселе тестінің сапасында болуы мүмкін деген болжам айтылып еді.

Әбдіжаппар Ғайыпов: Қазір аурудың алғашқы апталарында вирус жоғары тыныс жолдарында болатыны, мұны қарапайым ПТР-тестінің өзі анықтай алатыны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Негізгі себеп науқастардың медициналық көмекке кеш жүгінуімен байланысты. Бұл кезде вирус төменгі тыныс жолдарына өтіп кетеді. Мұндай жағдайда мұрын мен ауыз қуысынан сынама алып, тексеретін қарапайым әдіс көмектеспейді. Ғылыми дәлелденген ақпаратқа сәйкес, ауырған адамға екі апта ішінде диагноз қойылуы керек. Адамдардың бәрі осы уақыт ішінде тексерілгенде, бізде ПТР-тест нәтижесінде коронавирус жұққаны анықталған науқастар саны өте көп болар еді. Бірақ басқа себептер де бар.

ПТР-тест нәтижесі теріс шыққан, пневмониямен ауырғандардың көбеюіне не себеп болуы ықтимал? Зерттеушілер пікірі

Ондай себептің бірі – жалған теріс нәтиже. Бұған келесі факторлар әсер еткен болуы мүмкін:

а) дәлдігі немесе сезімталдығы төмен тестілер;

б) мұрын мен ауыз қуысынан сынаманы дұрыс алмау;

в) тестіні тиімсіз уақытта (өте ерте немесе тым кеш), вирустық жүктеме төмен кезде жүргізу.

Тағы бір себепке SARS-CoV-2 вирусының генетикалық алуантүрлілігі жатады. Жарияланған зерттеулерде жалған теріс нәтижелер жиілігі 2-50 пайыз аралығында болған. Бірақ біздің дерегімізше, бұл көрсеткіш - 94,5 пайыз.

Азаттық: Дәрігерге кеш барған жағдайда вирус төменгі тыныс жолдарына өтіп, оны тестінің көмегімен анықтай алмайтынын айттыңыз. Онда бізде коронавируспен ауырған науқастар туралы сенімді дерек жоқ деп айтуға бола ма?

Әбдіжаппар Ғайыпов: Көрген болсаңыз, республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы әр апта сайын коронавирустан емдеу хаттамасын жаңартып отырды. Басында емдеу хаттамасының идеологиясы былай болды: ПТР-тест нәтижесінде коронавирус жұққаны расталған науқасты инфекциялық ауруханаға, ПТР-тест теріс нәтиже көрсетсе, провизорлық ауруханаға алып кететін; науқаспен байланыста болған немесе эпидемиологиялық аймақтан келген адамды міндетті түрде екі аптаға карантинге жіберетін. Бірақ шілденің ортасында компьютерлік томография нәтижесінде пневмония бары анықталған, ағзасынан дене қызуының көтерілуі сияқты коронавируспен ауырған науқаста кездесетін тұмау тектес белгілер байқалған, бірақ ПТР-тесті теріс нәтиже көрсеткен адамдар көбейгеннен кейін мұндай науқастар Covid анықталмаған топқа жататыны айтылды. Дегенмен [ковид тектес пневмонияның] статистикасын жүргізу ресми түрде 1 тамызда басталды. Сондықтан ресми статистикада науқас саны толық көрсетілмеген шығар, бірақ бұл олардың шынайы деректі жасырып қалуға тырысуымен емес, мұның бірыңғай стационар жүйесінен көрінбеуімен байланысты. Аздаған кемшілік болуы мүмкін.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СТАТИСТИКАНЫҢ "ЕРЕКШЕЛІГІ"

Азаттық: Сіздің ойыңызша, Қазақстандағы коронавирус статистикасына сенуге бола ма?

Әбдіжаппар Ғайыпов: Статистика жүйеге тіркелген, қолда бар деректер негізінде жасалады. Әрине, олар науқастарды ойдан шығарып, статистикаға қосып қоя алмайды. Бізде мыңнан астам емхана, жүздеген стационар бар, сондықтан бұл кодтарды жүйеге тіркейтін әр медицина қызметкерін бақылау мүмкін емес. Ол кезде медицина қызметкерлеріне қандай ауыр жүк түскенін жоғарыда айттым. Сондықтан код тіркеу, оны дұрыс жазу кезінде адами факторға байланысты қиындықтар туындаған болуы әбден мүмкін.

Медициналық стационарға бармаған, үйде емделген, тіпті, стационарға жетпей көз жұмған адамдар да бар. Сондықтан статистика толық болмауы ықтимал.

Азаттық: Жақында денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен "пневмониядан" болған өлім саны туралы деректерді жаңартып, қайта есеп жүргізді. 2020 жылы елде Covid-19 вирусынан 1783 адам, "пневмониядан" 2946 адам көз жұмғаны анықталды. Осыған дейін денсаулық сақтау министрлігі былтыр ковидтен 2284 адам, "пневмониядан" 499 азамат көз жұмды деп жариялаған еді. Екі мың өлімнің осылай бірден "пайда болуы" ғалымдар арасында күмән туғызбай ма?

Әбдіжаппар Ғайыпов: Жүйеге – стационар науқастар регистріне қайтадан талдау жүргізіліп, деректер түзетілді деп ойлаймын. Қайтыс болған адамның өлім себебі әртүрлі көрсетіледі: біреу тыныс жолының зақымдануынан, енді біреу инфарктен, үшіншісі инсульттен қайтыс болған. Стационарда тіркелген өлімнің бәрі Covid-тен болды деу дұрыс емес. Өйткені бұл науқастар созылмалы дерттен көз жұмған болуы мүмкін. Бірақ әрине, ондай аурудың асқынуына коронавирус әсер еткен.

Коронавируспен ауырып жазылған науқас стационардан шыққаннан кейін екі аптадан соң басқа ауруынан көз жұмса, бұл коронавирустан болған өлім деп тіркелмейді. Көбіне "коронавирус" диагнозымен стационарға түсіп, сол жақта көз жұмған адам Covid-тен болған өлім статистикасына енеді. Әрине, адам коронавирус жұқтырған деген диагнозбен түсіп, екі апта - бір ай ішінде стационарда көз жұмса, негізгі диагнозы "коронавирус" болғандықтан, жоғарыдағы топқа жатқызылады. Бұл жерде ешқандай мәселе жоқ деп ойлаймын.

Біздің статистика жүйеге күнделікті шынайы клиникалық тәжірибе жағдайында енгізілген деректерге негізделген.

Коронавируспен ауруханаға түсіп, кейін жүрек талмасы ұстап қалған адамның өлім себебі "инфаркт" деп жазылады. Біздегі тәжірибе бойынша науқас пневмониядан қайтыс болса ғана коронавирустен келген өлім деп тіркеледі.

Министрлік Covid статистикасына екі мың марқұмды қосты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

Азаттық: Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирустан болған өлім статистикасын қайта қарауы америкалық медициналық көрсеткіштер және бағалау институтының (IHME) мақаласымен байланысты емес пе? Аталған зерттеу орталығы Қазақстанды Covid-19 вирусынан болған өлім туралы ресми статистика мен шынайы деректің арасындағы алшақтық бойынша бірінші орынға қойып, 2020 жылдың наурыз – 2021 жылдың мамыр айларында 81 мың адам көз жұмған деп жариялады.

Әбдіжаппар Ғайыпов: Америкалық зерттеулер модельдеу әдісі негізінде жүргізіледі. Яғни, олар іс жүзінде тіркелген өлім фактілерін санамайды. Оларда бір формула бар. Әр мемлекетке өлім көрсеткішіне арналған математикалық модельдеу формуласын қолданады. Бұл көрсеткіштер асыра көрсетілуі мүмкін. Иә, мүмкін біздің статистика шынайы жағдайды дұрыс бағаламайтын шығар, бірақ бізде мұндай үлкен алшақтық жоқ.

Мүмкін олар өз еліндегі шынайы деректер негізінде модель дайындап, кейін оны басқа мемлекеттерге қолданған болар. Сондықтан осындай айырмашылық шыққан. Мен модельдеу әдісіне негізделген америкалық зерттеулер деректер арасында алшақтық барын көрсетті, ал біздегі шынайы жағдай басқа деп алаңдамас едім.

Азаттық: Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирус инфекциясы статистикасын жүргізу әдісі бірнеше рет сынға ұшырады. Әсіресе, министрлік коронавирус белгісі бар, бірақ ПТР-тест нәтижесі теріс "пневмония" үшін көп сөзге қалды. Ведомство "ковидке ұқсас пневмония" статистикасын тамыз айында ғана жүргізе бастады, бірақ әлі де пневмония (КВИ-) мен Covid-19 (КВИ+) деректері біріктірілген жоқ. Көбі денсаулық сақтау министрлігінің жеке статистика жүргізу туралы шешіміне ДДСҰ мен жергілікті белсенді дәрігерлердің қысымы әсер етті деп есептейді.

Әбдіжаппар Ғайыпов: Олардың ПТР-тест нәтижесінде ғана айырмашылығы бар бірдей ауру деректерін екі топқа бөлгенін көргенде мен де таңғалдым. Бір ауру түрінде көрсетуге болар еді, өйткені ол кезде ауруларды жіктеудің халықаралық коды дайын болды. Онда ПТР-тест нәтижесінде анықталған және ПТР-тест нәтижесінде анықталмаған деп көрсетіледі. Статистиканы бір кодпен жүргізуге болар еді. Өйткені ПТР-тест нәтижесінде анықталған және анықталмаған коронавирус бар. Бірақ мұның бәрі біздегі мәселеден кейін біртіндеп енгізіле бастады. Статистиканы біріктіруге болар еді, олардың ПТР-тест нәтижесі теріс пневмонияны неге бөліп тастағанын білмеймін.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG