Accessibility links

Lancet журналдарының бірі QazVac екпесі жайлы мақаланы жариялады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Lancet ғылыми журналдар тобына кіретін EClinicalMedicine ашық ғылыми мәліметтерге арналған онлайн-платформа коронавирус инфекциясына қарсы "QazCovid-in" атты ("QazVac" деп те аталады) қазақстандық вакцинаны сынаудың бірінші және екінші кезеңі туралы мақала жариялады. Бұл туралы бірінші болып Facebook-тегі парақшасында Қазақстан білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов хабарлаған.

14 тамызда жарияланған мақалаға сәйкес, авторлар зерттеудің екі кезеңінің қорытындысына сүйене отырып, "QazCovid-in® вакцинасы қауіпсіз, жақсы әсер ететін және бұлшық ет ішіне екі рет салынғаннан кейін кемінде алты айға созылатын айқын гуморальды иммунитетке сеп болады" деген тұжырым жасаған.

Зерттеуде "QazCovid-in®-инактивацияланған тұтасвириондық вакцина" және 1-кезең мен 2-кезең клиникалық зерттеулері "QazCovid-in® вакцинасын (бір немесе екі дозасын алу арқылы) қабылдаған 18 бен 70 жас аралығындағы ересектерге қауіпсіз және жақсы әсер ететінін дәлелдеді" деп жазылған.

"QazCovid-in® вакцинасының екі дозасын алған 18-49 жас аралығындағы сынақ жүргізілген адамдардың барлығының ағзасы вакцинацияға жауап рефлекс танытты және бейтараптандыратын антидене түзді", дегенмен, 50 жас пен осы жастан асқан адамдарды қамтитын топта "вакцинаның екі дозасын алған соң пайда болатын бейтараптандыратын антидене саны 18-49 жас аралығындағы (сынаққа) қатысушыларға қарағанда төмен болды" дейді авторлар.

Зерттеуде сынақ нәтижесі осы тәжірибелік сынама жүргізудің үшінші кезеңіне "негіз жасайды" делінген. Мақалада вакцинаның анықталған пайдалы әсері келтірілмеген.

Мақала авторлары ретінде Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының, Алматы клиникалық медицина және зерттеулер орталығының әрі "Omicron 3D" клиникалық диагностикалық зертханасының және Санкт-Петербургтегі (Ресей) Смородинцев атындағы ғылыми-зерттеу институтының 14 ғалымының аты-жөні келтірілген.

Басылым мәліметінше, бұл ғылыми мақала биыл 5 сәуірде алынған, зерттеліп, 28 шілдеде баспаға қабылданған.

QazVac вакцинасын (ғылыми атауы – QazCovid-in) Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты даярлаған. Клиникалық сынақтардың бірінші және екінші кезеңіне 244 ерікті қатысқан. Үшінші кезеңге үш мың адам қатысты.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы бұл екпені қазірдің өзінде-ақ жүргізіліп жатыр. 2020 жылдың 31 желтоқсанында бұл вакцина тоғыз ай мерзімге уақытша тіркеуден өтті. Жаппай вакцинация – клиникалық зерттеулердің үш кезеңі аяқталмай жатып, 26 сәуірде басталды. Ол кезде Денсаулық сақтау министрлігі сынақтардың екінші кезеңінің нәтижелері бойынша QazVac екпесінің пайдалы әсері 96 пайыз деп мәлімдеді.

Вакцина медицина қоғамдастығы арасында екпе құрамында вирусты инактивациялайтын формальдегид қолданылғаны сынға алынды. Вакцинаның пайдалы әсеріне де күмән келтіргендер болды. Сол кезде Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры вакцина пайдасының нақты мөлшері шілдеде аяқталуы тиіс үшінші кезеңнен кейін есептелетінін айтқан.

Маусым айының ортасында елде осы зерттеу институтының тағы бір әзірлемесі саналатын QazCoVac-P вакцинасының сынала бастағаны хабарланды.

Қазір Қазақстанда QazVac-тан басқа ресейлік "Sputnik V" вакцинасы мен Қытай компанияларының өнімі Sinovac пен Sinopharm-ды қолдануға рұқсат етілген. Ресми мәліметтерге сәйкес, қазірге дейін елде 4,6 млн-нан астам адам вакцинаның екі дозасын да алған. Ал әзірге вакцинаның бірінші дозасын алғаны – 1,3 млн адам.

Сарапшылар вакциналау қарқыны баяу екенін айтып, мұны ақпараттық үгіт-насихаттың жеткілікті дәрежеде жүргізілмейтіндігімен және халық арасында ұсынылған дәрі-дәрмектің сапасына сенбейтіндердің көптігімен байланыстырады.

Сонымен бірге, Қазақстанда коронавирустың аса қауіпті әрі өте жұқпалы "Дельта" вариантының таралуымен бірге вирус жұқтырғандардың күрт көбейгені байқалады. Денсаулық сақтау министрлігінің 14 тамыздағы мәліметі бойынша, елде инфекцияның тағы сегіз мың жайты тіркелген. 142 адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG