Accessibility links

"Талибан" Жалалабадты да басып алды. Үкімет бақылауында ірі қалалардан Кабул ғана қалды


15 тамыз күні тәліптер Ауғанстанның шығысындағы маңызды қала Жалалабадты басып алды. "Талибанның" солтүстіктегі ең ірі қала Мазари-Шарифті алғанына бір тәулік те өтпеген еді. Енді ауған үкіметінің бақылауында ірі қалалардан тек Кабул ғана қалды.

"Талибан" Нангархан уәлаятының орталығы Жалалабадты соғыссыз алды. Тәліптер уәлаят басшысының үйінде жүрген суреттерін жариялады.

Нангархар уәлаятынан шыққан депутат Абрарулла Мурад Associated Press агенттігіне берген сұхбатында Жалалабад қаласының тәліптерге ақсақалдар шешімінен кейін берілгенін айтты.

Тәліптердің Жалалабад пен Мазари-Шарифті басып алуы Ауғанстан президенті Ашраф Ғанидің 14 тамыз күнгі телеүндеуінде айтқан сөзін жоққа шығарды. Өз үндеуінде ол кейінгі 20 жылдың "жетістігін" қорғауға уәде еткен.

2001 жылғы 11 қыркүйектегі террор шабуылынан кейін АҚШ Ауғанстанға басып кіріп, "Талибанды" биліктен кетірген. Содан бері ауған жерінде болған АҚШ әскері биыл мамырдан бастап елден шығарыла бастады. Содан бері "Талибан" белсенділігін арттырып, ауған аудандары мен қалаларын бірінен кейін бірін басып алып жатты. Кейінгі апталарда Батыс қолдауына ие Ауған үкіметінің күштері тәліптерге тойтарыс беруден қалды.

Тәліптер Газни қаласында күзетте тұр. 13 тамыз 2021 жыл.
Тәліптер Газни қаласында күзетте тұр. 13 тамыз 2021 жыл.

АҚШ бастаған халықаралық коалиция елден тамыздан соңына дейін толық кетуі тиіс болған. Бірақ кейінгі күндердің оқиғалары ауған үкіметінің күйреу қаупін күшейтіп, АҚШ пен Ұлыбритания өз азаматтарымен мен өздеріне қызмет еткен ауғандарды эвакуациялау үшін қосымша әскер жіберіп отыр.

"Талибан" мәлімдеме жасап, жылдам жеңістері ауған халқының қолдауын білдіреді деді, ауғандар мен шетелдіктерге қауіп төндірмейтінін айтты.

АҚШ ҚОСЫМША ӘСКЕР ЖІБЕРДІ

Ауған қалалары бірінен кейін бірі тәліптердің қолына өтіп жатқан тұста АҚШ президенті Джо Байден бірқатар шешім қабылдады. 14 тамыз күні ол Ауғанстанға әуе-десант күштерінің 1000 сарбазын жіберуді мақұлдады. Содан екі күн бұрын ол АҚШ қызметкерлерін эвакуациялау үшін 3000 сарбазды жіберуді құптаған. Олар Кабулда қалған 650 сарбазға көмек болмақ.

АҚШ әскерінің алғашқы легі Кабулға 14 тамыз күні таңертең жетті. Олар эвакуация операциясының қауіпсіз өтуін қадағалап, әуежайды бақылауда ұстайды.

Қосымша әскер жіберетінін мәлімдеген Байден жылдам эвакуацияны қолдап, АҚШ әскерін Ауғанстанда ұзағырақ ұстауға қарсы екенін айтты.

"Ауғанстандағы соғыстың 20 жылында Америка ол жерге үздік ерлеріміз бен әйелдерімізді жіберді, 1 триллион доллар инвестиция салды, 300 мың ауған әскері мен полицейін жаттықтырды, оларды әскери құрал-жабдықпен қамтамасыз етті және олардың әуе күштерін күшейтті" деді ол.

"Егер Ауған қорғанысы елді ұстап тұра алмаса, бір жыл бола ма, бес жыл бола ма, АҚШ әскерінің ол жерде болуы түк шешпейді. Өзге елдің азаматтық соғысында америкалықтардың болуы маған қисынсыз көрінді" деп мәлімдеді Байден.

АУҒАН ҮКІМЕТІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Ауған президенті Ашраф Ғани өз жолдауында үкімет ішінде ақсақалдармен және саяси лидерлермен, түрлі деңгейдегі қауымдар мен халықаралық одақтастардың өкілдерімен кеңесу басталғанын айтты.

"Жақын арада нәтижесін айтамыз" деді ол.

14 тамыз күні Ашраф Ғанидің мәлімдемесінен бұрын тәліптер Пактика уәлаятының орталығы Шаран қаласын, содан кейін Кунар уәлаятының орталығы Асадабад қаласын басып алған.

Осылайша қазір тәліптер Ауғанстандағы 34 уәлаяттың 25-ін өз бақылауына алып отыр.

Ондаған мың ауған өз үйін тастап, бас сауғалап кетті. Олардың көбі "Талибанның" репрессияшыл заңдары қайта орнайды деп қорқады. Әскери топ елді 1996-2001 жылдары басқарып, Шариғат заңдарының қатаң нұсқасын енгізген. Атап айтқанда, әйелдерге жұмыс істеуге, білім алуға, ер адамсыз үйінен шығуға тыйым салынды.

Аудан басқаратын санаулы әйелдердің бірі Сәлима Мазари Associated Press агенттігіне берген сұхбатында "Талибанның" келуінен қорқатынын айтты. Ол мұны Мазари-Шарифте тұрып айтқан. Осы сұхбаттан көп ұзамай қала тәліптерге бақылауына өтті.

"Әйелдерге орын болмайды. Тәліптер бақылайтын уәлаяттарда, қалалардың өзінде де әйелдер қалмады. Олардың бәрі өз үйінде қамалып отыр" деді Мазари-Шарифтің төңірегіндегі ауданды басқаратын Сәлима Мазари.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG