Accessibility links

Ауғанстан ІІМ: Кабул шабуылға ұшырамайды, транзит бейбіт өтеді


АҚШ әскери тікұшағы Кабулдегі елшілігі жанында ұшып барады. 15 тамыз 2021 жыл.
АҚШ әскери тікұшағы Кабулдегі елшілігі жанында ұшып барады. 15 тамыз 2021 жыл.

Ауғанстан ішкі істер министрі Абдул Саттар Мирзаквал видео үндеу жолдап, Кабулдың транзиттік үкіметке бейбіт жолмен берілетінін айтты.

Мұның алдында қаланың сыртқы аудандарына тәліптердің кіргені хабарланды. Қала тұрғындары тәліптерді қаланың Қалақан, Қарабақ және Пагман аудандарынан байқаған.

Оған дейін "Талибан" Ауғанстанның ең ірі деген қалаларының бәрін өз бақылауына алған. Кабул үкімет бақылауында қалған жалғыз қала болды.

Бірақ "Талибан" мәлімдеме жасап, ауған астанасын "күшпен алмайтынын" айтты.

Осыдан кейін ауған президентінің әкімшілігі халықты абыржымауға шақырды.

"Дүрлікпеңіздер! Кабул қауіпсіз!" деп жазды ауған президенті әкімшілігінің жетекшісі Матин Бек Twitter желісінде.

Қазақстан үкіметі террористік ұйым деп таныған "Талибан" қалаға күшпен кіруді көздемейтінін, бейбіт жолмен кіру жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Әскери топ сарбаздарына Кабулге кіреберіс бекеттерді бақылауды тапсырғанын айтты.

"Талибан" өкілдері бейбіт транзит мәселесін талқылау үшін президент сарайына жол тартты деп хабарлады Associated Press агенттігі үкіметтегі дереккөзіне сілтей отырып.

15 тамыз күні таңертең тәліптер шығыстағы бас қала Жалалабадты өз бақылауына алған. Одан бір тәулікке жетер-жетпес уақыт бұрын "Талибан" қолына елдің солтүстігіндегі ірі қала Мазари-Шариф өткен. Бұл екі қала да тәліптерге соғыссыз берілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG