Accessibility links

Кабулда комендант сағаты жарияланды. Әуежайда атыс болды


АҚШ-тың Кабулдағы елшілігі жанынан түтін шығып жатыр. Ауғанстан, 15 тамыз 2021 жыл.
АҚШ-тың Кабулдағы елшілігі жанынан түтін шығып жатыр. Ауғанстан, 15 тамыз 2021 жыл.

Кей ақпаратқа қарағанда, Ауғанстанда мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық көліктердің тоқтауына, тәліптер басып алған аймақтарда босқындардың күрт көбеюіне байланысты Үйлестіру кеңесі құрылған. Кеңеске Бітім жөніндегі жоғарғы кеңес төрағасы Абдулла Абдулла, Ислам партиясының жетекшісі Гүлбеддин Хекматияр және Ауғанстанның 2004-2014 жылдар аралығындағы президенті Хамид Карзай кірген деген ақпарат бар.

"Эхо Москвы" Кабулдағы Ресей баспасөз атташесінің "қаладағы жағдайы бірқалыпты" деп хабарлағанын жариялады. Ресей елшісі жаңа билікпен жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеген.

АҚШ дипломаттарына сілтеген ВВС-дің мәліметінше, Кабул әуежайында атыс болған. АҚШ әуежайдағы өз азаматтарын қауіпсіз жерге тығылуға шақырған. Батыс елдері әскери контингенті қорғап тұрған әуежай жексенбі күні дипломаттар орналасатын уақытша базаға айналды. Әуежайға АҚШ, Франция және Германияның дипломатиялық қызметкерлері жиналған. Әуежайға кімнің оқ атқаны әзірге белгісіз. Әуежайда Ауғанстаннан кетуге бекінген тағы да жүздеген адам бар. Коммерциялық рейстер атысқа байланысты тоқтап қалған.

16 тамыз, дүйсенбіде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ауғанстандағы жағдайды талқылайды.

15 тамызда "Талибан" радикал қозғалысы Ауғанстанда билікті басып алды. Заңды сайланған президент Ашраф Ғани "қантөгісті болдырмау" үшін елден кетті.

Биыл 1 мамырда АҚШ бастаған халықаралық коалиция Ауғанстаннан шығуға кіріскенде "Талибан" қозғалысы күшіне еніп, аймақтарды біртіндеп өзіне қарата бастаған. Батыс күштері осы айдың соңына дейін елден толық кетуі керек болған.

АҚШ президенті Джо Байден әскерді әкету туралы шешімін дұрыс екенін қайта мәлімдеді. Ол Ауғанстанда АҚШ әскерін ұстауға ешқандай негіз жоғын айтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG