Accessibility links

"Талибан" ірі қалаларды басып алды. Кабулды не күтіп тұр?


Тәліптер Қандағарда. 13 тамыз 2021 жыл.
Тәліптер Қандағарда. 13 тамыз 2021 жыл.

"Талибан" қозғалысы Ауғанстандағы ең ірі қалалар – Герат пен Қандағарды, Мазари-Шариф пен Жалалабадты басып алды. Сарапшылар бұл соғыстың бетбұрыс кезеңі екенін айтады.

Тәліптердің Ауғанстанның Қандағар мен Герат секілді ірі қалаларын басып алуы халықаралық қауымдастық қолдаған ауған үкіметі мен "Талибан" қозғалысының арасындағы 20 жылға созылған соғыстың бетбұрыс кезеңі дейді сарапшылар.

Қандағар – елдегі екінші ірі қала, оңтүстік Ауғанстанның экономикалық орталығы. Бұл қала 1996-2001 жылдары билік құрған "Талибанның" астанасы болған.

Герат – ежелгі қала. Ауғанстандағы үшінші ірі қала батыс Ауғанстанның мәдени және сауда орталығы саналады.

"Талибан" 12 тамызда бірнеше сағатта екі қаланы бақылауға алды. Сарапшылар мұның "Талибанға" едәуір басымдық беретінін айтады.

Ауғанстанның батыс, оңтүстік-орталық, солтүстіктегі көп бөлігін басып алған тәліптер енді Кабулге тікелей шабуыл жасап, Батыс қолдауына ие ауған үкіметіне қауіп төндіріп отыр.

"Талибан" сарбаздары Гератта. 13 тамыз 2021 жыл.
"Талибан" сарбаздары Гератта. 13 тамыз 2021 жыл.

"Қандағардың құлауы ойын ережесін өзгертетін оқиға сыңайлы" дейді АҚШ әскерінің бұрынғы кеңесшісі, америкалық CNA ғылыми-сараптама орталығының қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Джонатан Шроден.

"Тәліптердің [Ауғастан] ислам эмиратының бұрынғы астанасын басып алуы Ауғанстанның ішіндегі эмираттың жандануы сияқты көрінеді" дейді ол. Шроден 1996-2001 жылдары билік құрған "Талибан" режимінің ресми атауы Ауғанстан ислам эмираты болғанын айтып отыр.

БАСЫМДЫҚ "ТАЛИБАНДА"

15 тамыздағы жағдайға қарағанда, "Талибан" Ауғанстандағы 34 уәлаяттың 25-ін, 400-ге жуық ауданның жартысынан астамын басып алған.

Тәліптер бірнеше аптаға ұласқан шайқастан соң Қандағар мен Герат қалаларын бақылауға алған. Үкімет әскерінің көбі не кері шегінді не тәліптерге беріліп, кейбірі содырларға қосылып кетті.

13 тамызда Герат құлаған соң, тәліптер Ауғанстандағы ең мықты қолбасшылардың бірі болған Исмаил Ханды ұстады. Қартайған Хан Гератты қорғайтын үкіметшіл топты басқарған еді.

Сол күні тәліптер оңтүстіктегі Гильменд уәлаятының орталығы Лашкаргахқа шабуылдады. Шабуыл "Талибанның" оңтүстіктегі позициясын нығайта түсті. Бұл өңір пуштун тобынан тұратын тәліптердің қорғаны саналады.

13 тамызда тәліптер оңтүстіктегі Урузган уәлаятының орталығы Таринкотты, Забуль уәлаятының орталығы Калатты да басып алды.

Елдің оңтүстігін басып алған тәліптер Ауғанстан астанасы Кабулге бағыт алды. Кейінгі апталарда ондаған мың адам содырлардан бас сауғалап, 5 миллионға жуық тұрғыны бар Кабулға қашқан.

Ауған үкіметі күштерінің сарбазы әскери күлік үстінде тұр. Кабул, 15 тамыз 2021 жыл.
Ауған үкіметі күштерінің сарбазы әскери күлік үстінде тұр. Кабул, 15 тамыз 2021 жыл.

НЫСАНАДА – КАБУЛ

12 тамызда "Талибан" содырлары Ауғанстанның оңтүстік-шығысындағы стратегиялық маңызы бар қала Ғазниді басып алып, Кабулге қауіп төндірді. Бұл қала Кабул мен Қандағарды жалғайтын негізгі магистральдің бойында, ел астанасынан 150 шақырым жерде орналасқан.

Тәліптердің Кабулды нысанаға алғанын көрсететін тағы бір белгі – 13 тамызда содырлар Логар уәлаятының орталығы Пули-Аламды басып алды. Бұл қала Кабулдан 70 шақырым жерде орналасқан. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани осы Логарда туған.

"Ғазни, Герат, Қандағардың бір уақытта тәліптер қолына түсуі "Талибанға" басымдық береді" дейді Кабулдағы тәуелсіз сараптама орталығының зерттеушісі Әли Адили.

"Кабулда тұратын адамдар қаланың келесі нысана ретінде шарасыз екенін сезеді" дейді ол.

Ауғанстан әскерінің жылдам және үлкен ауқымда шегінуі бақылаушыларды таңғалдырды. Тәліптер бір аптаның ішінде 16 орталықты басып алды.

Тәліптер Жалалабадта. 15 тамыз 2021 жыл.
Тәліптер Жалалабадта. 15 тамыз 2021 жыл.

Кей бақылаушылар бұл капитуляцияны 2014 жылы Ислам мемлекеті экстремистік тобының Ирак пен Сирияның көп ауданын басып алып, "халифат" жариялауымен салыстырды.

Қазір Ауғанстан күштері Кабулді қорғауға басымдық беріп отыр. Тәліптердің ел астанасына шабуылы гуманитарлық апатқа әкелуі мүмкін. Содырлар қаланы күшпен басып алуға тырыса ма, әлде капитуляция туралы келісімге ұмтыла ма, бұл жағы белгісіз. Ауғанстан шенеуніктері содырларға қарсы тұруға уәде берді.

АҚШ қорғаныс министрлігі ресми өкілдерінің сөзінше, "Талибан" Кабулды бір айда қоршап, 90 күннің ішінде басып алуы мүмкін.

"Талибанның" жылдам әрекетіне жауап ретінде 12 тамызда Америка әскерилері Ауғанстанға 48 сағат ішінде 3 мыңға жуық солдат жіберіп, АҚШ-тың Кабулдағы елшілігі қызметкерлерін эвакуациялайтынын мәлімдеді. Басқа елшіліктер мен топтар да қызметкерлерін алып кететінін айтты.

Вашингтон Батыс әскері 31 тамызға дейін елден кететінін мәлімдеген. АҚШ әскері Ауғанстанға 2001 жылғы 11 қыркүйектегі террор шабуылынан кейін кірген. АҚШ күштерінің кіруімен Ауғанстанды 1996 жылдан бастап билеп келген "Талибан" биліктен кетіп, кейінгі 20 жылда партизан соғысын жүргізді.

"Кабулды Талибанның басып алуынан құтқару үшін саяси шаралар қабылдауға болады, бірақ ахуал үкіметке қарсы болып тұрғандай" дейді Шроден.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG