Accessibility links

70 ел тәліптерді Ауғанстаннан кеткісі келетіндердің барлығына жол ашуға шақырды


Ауғанстаннан кетуге жанталасқан адамдар. Кабул әуежайы
Ауғанстаннан кетуге жанталасқан адамдар. Кабул әуежайы

50-ге жуық ел мен Еуроодақ тәліптерді Ауғанстаннан кеткісі келетін шетел азаматтары мен жергілікті тұрғындардың бәрне жол ашуға шақырды.

"Кетемін деушілерге жолдар мен әуежайлар және шекара ашық болуы тиіс. Ауған халқы қауіпсіз және жайбарақат өмір сүруге лайықты, халықаралық қауымдастық мүшелері олара көмектесуге дайын" делінген АҚШ мемлекеттік департаменті таратқан бірлескен мәлімдемеде.

Жексенбіде тәліптер (Қазақстанда, тағы да бірқатар елде террорлық ұйым ретінде тыйым салынған "Талибан" радикал ислам қозғалысының өкілдері) Ауғанстан астанасы Кабулды ұрыссыз алып, президент сарайына кірді. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елді тастап кетті.

Кабулда комендант сағаты енгізілді. Батыс елдерінің шағын әскери контингенті қорғап тұрған әуежай жексенбі күні дипломаттар орналасатын уақытша базаға айналды. Онда АҚШ, Франция мен Германияның дипломаттары бар. Ауғанстаннан кеткісі келетін өзге де мыңдаған адам әуежайға жиналған. Коммерциялық рейстер жексенбідегі атыстан кейін тоқтап қалған.

Дүйсенбіде жүздеген адам Ауғанстаннан кету үшін әуежай қоршауын бұзып өтіп, ұшақ траптарына қарай ұмтылды. АҚШ әскери қызметкерлері нөпірді тоқтату үшін аспанға оқ атып, ескертуге мәжбүр болған.

Пентагон АҚШ азаматтары мен АҚШ-пен ынтымақтаса жұмыс істеген ауған азаматтарын эвакуациялауға көмектесу үшін Кабулдегі әскери контингентін 6 мың адамға дейін уақытша көбейте тұратынын мәлімдеді.

Кабулдағы Ресей елшілігі кетпейтінін, жұмысын жалғастыра беретінін мәлімдеді. Қазақстан мен Өзбекстан елшіліктері де әзірге қала тұратынын айтты.

"Талибан" қозғалысының өкілі "Әл-Жазира" арнасына берген сұқбатында "Ауғанстандағы соғыс аяқталды, елді басқару тұрпаты таяуда анықталады" деп мәлімдеді. Бұрын Reuters агенттігінің екі дереккөзі "Ауғанстанда өтпелі кезең үкіметі болмайтынын, тәліптер билікті толығымен қолға алатынын" хабарлаған.

"Талибан" қозғалысы саяси бюросының ресми өкілі Мұхаммед Наим "тәліптер ешбір дипломатиялық миссияға тиіспейді, шетел азаматтары мен шетел миссияларының қауіпсіздігіне кепілдік береді, Ауғанстандағы барлық саяси жетекшілермен диалогқа дайын" деп мәлімдеген. Ол "тәліптер әйелдер мен азшылық құқығын құрметтейді" деп сендіруге тырысып, "бірақ барлығы шариғат заңы бойынша жүретінін" айтқан.

"Талибан" 1996-2001 жылдар аралығында Ауғанстанның басым бөлігін бақылаған. 2001 жылы АҚШ пен оның одақтастарының әскери операциясынан кейін мұндай мүмкіндігінен айырылған. АҚШ Ауғанстаннан әскерін әкете бастаған кезде тәліптер шабуылды үдете түскен. Халықаралық коалиция елдегі әскерін тамыздың соңына дейін алып кетуді жоспарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG