Accessibility links

АҚШ Ауғанстандағы жағдайды қате бағалағанын мойындады


АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен

Осыдан бір ай бұрын Кабул үкіметі әлі де бірнеше ай билікте тұра алады деп есептеген АҚШ президенті Джо Байден мен оның әкімшілігін Ауғанстан қарулы күштерінің ойсырай жеңіліп, ауған өкіметінің жылдам құлағаны айран-асыр етті.

Ақ үй бұрынғы есептерінің қате болғанын мойындады. "Ауғанстан қауіпсіздік күштері өз елін қорғауға жарамады" деді АҚШ мемлекет хатшысы Энтони Блинкен. Оның сөзінше, жағдай Вашингтон болжағаннан әлдеқайда тез өзгерген.

Кабулды тәліптердің қоршап алуына байланысты америкалықтардың эвакуациялануын Вьетнам соғысының соңғы күндеріндегі бей-берекет қашумен теңестіруге тырысқандарға Блинкен тоқтау айтты.

Блинкен АВС телеарнасына: "Бұл Сайгон емес, — деді. — Одан айырмасы, 20 жыл бұрын Ауғанстанға бір ғана тапсырманы орындауға бардық. Біздің алдымызда 2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-қа шабуыл жасағандарды жазалау міндеті тұрды. Оны табысты орындадық".

Жексенбіде тәліптер (Қазақстанда, тағы да бірқатар елде террорлық ұйым ретінде тыйым салынған "Талибан" радикал ислам қозғалысының өкілдері) Ауғанстан астанасы Кабулды ұрыссыз алып, президент сарайына кірді. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елді тастап кетті.

Кабулда комендант сағаты енгізілді. Батыс елдерінің шағын әскери контингенті қорғап тұрған әуежай жексенбі күні дипломаттар орналасатын уақытша базаға айналды. Онда АҚШ, Франция мен Германияның дипломаттары бар. Ауғанстаннан кеткісі келетін өзге де мыңдаған адам әуежайға жиналған.

Пентагон АҚШ азаматтары мен АҚШ-пен ынтымақтаса жұмыс істеген ауған азаматтарын эвакуациялауға көмектесу үшін Кабулдағы әскери контингентін 6 мың адамға дейін уақытша көбейте тұратынын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG