Минск полициясы BelaPAN тәуелсіз ақпарат агенттігі қызметкерлерінің үйін тінтті. Былтыр тамызда болған нәтижесі даулы президент сайлауынан кейін елде демократияшыл күштер мен тәуелсіз ақпарат құралдарын қудалау толастамай тұр.
BelaPAN ақпарат агенттігінің журналисі Александр Зайцевтің Naviny.by сайтына айтуынша, 18 тамызда полиция "қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу" ісі бойынша үйінде тінту жүргізген. Полиция Зайцевтің ұялы телефонын, компьютерінің қатқыл дискін, нетбугын, журналистік құжаттарын және бірнеше карточкасын тәркілеген.
BelaPAN-ның тағы бір журналисі Ирина Турчина және агенттіктің есепшісі Катерина Боева да полицей үйлеріне тінту жүргізгенін хабарлады.
Naviny.by сайтының хабарлауынша, полиция BelaPAN-ның директоры және бас редакторы Ирина Левшинаның үйін де тінткен.
Беларусь журналистері қауымдастығының мәлімдемесіне сенсек, Левшинаның үйін тінткен соң полицейлер оны ақпарат агенттігінің кеңсесіне апарып, олар жерде де тінту жүргізген.
BelaPAN тілшісі Захар Щербаковтың үйінде тінту жүргізген соң полиция оны бөлімшеге тергеуге алып кеткен. Бұл жөнінде Щербаковтың әйелі Facebook-те жазды.
Тінту басталған кезде Беларусьте де, шетелде де ақпарат агенттігінің вебсайты ашылмай қалды.
Қаңтарда полиция BelaPAN-ның кеңсесін тінтіп, құрал-жабдық, құжат, компьютердің қатқыл дискі, сервер сияқты заттарды алып кеткен. Агенттік директорының бұрынғы орынбасары Александр Александров тұтқынға алынып, оған отанына сатқындық жасады және жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып тағылды. Агенттік Лукашенкоға қарсы бірнеше айға созылған наразылықтан хабар таратқан. Былтыр тамызда өткен сайлау нәтижесімен келіспеген жұрт Лукашенконың отставкаға кетуін талап етіп, айлар бойы он мыңдап көшеге шыққан.
Өткен айда полиция тәуелсіз журналистердің үйін қайта тіни бастағанда BelaPAN-ның бірнеше тілшісі елінен кетіп қалған.
1994 жылдан бері билікте отырған Александр Лукашенко басқаратын режим соңғы айларда еркін пікір айтып, билікке қарсы шыққан азаматтық қоғам өкілдеріне шүйлігіп, қуғынды күшейткен. Батыс Беларусь басшылығына және бейбіт халықты қудалауға, сайлауды бұрмалауға қатысы бар тұлғаларға санкция салған.
Құқық қорғаушылар қамаудағы адамдарға зорлық-зомбылық жасалып жатқанын айғақтайтын дәлелдер бар дейді.
ПІКІРЛЕР