Accessibility links

Сарапшы: Қазақстан Ауғанстанға экспорттайтын бидай мен ұн көлемін азайтуы мүмкін


Бидай масағы. Көрнекі сурет.
Бидай масағы. Көрнекі сурет.

Ауғанстандағы ахуал салдарынан Қазақстан Ауғанстанға экспортталатын бидай мен ұн көлемін азайтуы мүмкін. Бұл туралы "Интефакс" ақпарат агенттігіне Қазақстан астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов айтты.

"2020 жылы Ауғанстанға 1 миллион 150 мың тонна ұн, 530 мың тонна бидай жеткіздік. Бидайға шаққанда барлығы 2 миллион тонна. Ондағы қазіргі жағдайға байланысты экспортты сақтау күмәнді болып тұр" деп келтіреді "Интерфакс" Карабановтың сөзін.

"Ауғанстанға азық-түлік керек екені анық, бірақ кімнің төлейтіні түсініксіз. Бұл сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Бәлкім халықаралық ұйымдар Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетер, бірақ соның өзінде біз Ауғанстанға жіберілетін [өнім көлемінің] азаютынын күтіп отырмыз" дейді ол.

Карабановтың сөзінше, Ауғанстан – Қазақстан бидайы мен ұны экспортталатын негізгі нарықтардың бірі, бұл жағдай қазақстандық астық өндірушілерге теріс әсер етуі мүмкін.

БҰҰ мәліметінше, 2019 жылы Қазақстан Ауғанстанға 400 миллион долларға татитын тауар экспорттаған, ол жақтан 2,8 миллион доллар тауарын импорттаған.

"Интерфакс" мәліметінше, осының алдында ауыл шаруашылық министрлігі 2021-2022 жылдары Қазақстанның бидай мен ұн жөніндегі экспорттық әлеуеті 6,5-7 миллион тонна көлемінде болмақ деп мәлімдеген.

15 тамыз күні Ауғанстан аудандары мен қалаларының басым бөлігін басып алған "Талибан" (Қазақстанда террористік деп танылып, тыйым салынған ұйым) Кабулге кіріп, тұтас Ауғанстанды бақылауға алғанын мәлімдеген. Сол күні ауған президенті Ашраф Ғани елден кеткен. 18 тамыз күні оның Біріккен Араб Әмірліктерінен пана тапқаны белгілі болды.

Қазақстанның астық одағы экспорттық әлеуеттің төмендеуіне алаңдағанымен, елдің өзінде қуаңшылық жайлап, шаруалар малы мен егісінен айырылып жатыр. 18 тамызда өткен үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев биыл қуаңшылық салдарынан 180 мыңға жуық егістің жойылып кеткенін мәлімдеді. Оның сөзінше, биыл елде 23 миллион гектарға егіс егілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG