Accessibility links

Беларусь соты "Лукашенконы балағаттағаны үшін" 81 жастағы зейнеткерге айыппұл салды


Могилев қаласы Октярь аудандық соты
Могилев қаласы Октярь аудандық соты

Александр Лукашенкоға тіл тигізгені үшін Беларусьтегі Могилев қаласының Октябрь аудандық соты 81 жастағы зейнеткер Алла Неумоеваға 870 Беларусь рублі ($347) көлемінде айыппұл салды. Бұл жөніндегі "Весна" құқық қорғау ұйымының Могилевтегі бөлімшесі хабарлады.

Оқиға 2021 жылғы сәуірде болған. Екінші топ мүгедегі Алла Неумоева қоқыс тастауға далаға шыққанда қоқыс жинайтын "Спецавтопредприятие" мекемесінің қызметкерлерін көріп, оларға коммуналдық мәселелерді айтып шағынған. Зейнеткердің айтуынша, сөйлескен адамдардың бірі сұрақ қойып, видеоға түсіріп тұрыпты.

Зейнеткердің видеосы TikTok әлеуметтік желісінде "Кім дауыс беріпті? Ол **** өзін өзі сайлайды. Лукашенкоға реніші бар зейнеткер апаның көзқарасы" деген атпен жарық көрген соң оның үстінен қылмыстық іс қозғалған. Бұл істе Александр Лукашенко "жәбірленуші" деп танылған.

Алла Неумоева Беларусь басшысының атына жаман сөз айтқанын мойындады.

"Президентті неге балағаттадым? [Коммуналдық мәселелер бойынша] оған қайырылдым, жауап келген жоқ. [Беларусь президенті әкімшілігінің азаматтардың және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарымен жұмыс басқармасының бастығы] Шлык бірнеше рет жауап берді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық министрлігіне сілтеді. Олар сосын хатымды Могилевқа жіберді, ал Могилевте еш жауап бермейді" деді ол.

Зейнеткер Лукашенконың атына былапыт сөз айтқанын да мойындады. "Бұл сөздің бәрін айтқаным рас. Басында бәрін сабырмен айтып жүргенмін, соңынан жүйкем жұқарды, жанталасып жүрмін, ал мені тыңдайтын адам жоқ" деді Алла Неумоева.

Беларусьте былтыр тамызда өткен президент сайлауынан соң алтыншы рет додаға түскен Александр Лукашенко жеңіске жеткені хабарланған. Алайда сайлау нәтижесімен келіспеген жұрт ондаған мың адам қатысқан наразылық шараларын айлар бойы өткізіп, 1994 жылдан бері билікте отырған Александр Лукашенконың отставкаға кетуін талап етті. Мұның соңы оппозицияны, тәуелсіз баспасөз бен азаматтық қоғам өкілдерін жаппай қудалауға ұласты. Осы оқиғаларға байланысты Батыс елдері Лукашенко мен оның айналасындағы адамдарға санкция салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG