Accessibility links

Қызылорда түрмесінде тағы үш сотталушының өзіне қол жұмсағаны хабарланды


Қызылордадағы ЗК-165/5 мекемесі.
Қызылордадағы ЗК-165/5 мекемесі.

Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 түрмесіндегі сотталушылар өзіне қол жұмсады деген хабар тараған соң олардың жақындары 20 тамызда мекеме алдына жиналды.

Азаттыққа хабарласқан сотталушылардың бірі 18 тамызда Қызылордадағы ЗК-169/5 түрмесінде жазасын өтеп жатқан Ерасыл Арғынбаевтың, ал 19 тамызда Әлімжан Искаков пен Елжаппас Байжеместің өздерін зақымдап, қарындарына шеге тыққанын айтты.

- Сотталушыларға қысым тоқтар емес, біздің ар намысымызды таптау бұрынғыдан күшейді. Өткен аптадағы сотталшылардың түрмедегі наразылығынан соң жағдайымыз нашарлап кетті, - деді аты-жөнін атамуды сұраған сотталушы.

Осы хабардан соң сотталушылардың туыстары 20 тамызда таңертең түрме алдына жиналғанымен, жақындары жайлы хабар ала алмағанын айтты. Оларға түрме қызметкерлері ешкімнің өзіне қол жұмсамағанын, туыстарының "орындықтан құлап қалғанын" жеткізген.

Ал тағы бір сотталушы Руслан Қожамқұлов туыстары арқылы БҰҰ мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат пен "өлер алдындағы хат" деген жазбасын жолдаған. 19 тамызда жазылған шағымда ол арыздарының ешқайда өтпейтінін айтып, денсаулығының нашарларғанын әрі бірнеше диагнозы болғанына қарамастан аса қатаң режимде жүргенін, мүгедектік ала алмағанына шағымданған.

Азаттық тілшісі ЗК -169/5 мекемесі бастығы Тасболат Қалымбетовке бірнеше мәрте қоңырау шалғанымен ол не жеке, не қызмет телефонын көтермеді, WhatsApp мессенджеріне жазылған хабарламаға да жауап бермеді. Мекеменің баспасөз хатшысы Данагүл Достанова өзін жарақаттау фактісі тіркелмегенін, тек бірнеше адамға гипс салынғанын айтты.

Ал Қызылорда облыстық прокурорының орынбасары Жарылқасын Батталов бұл жайтқа қатысты "басшысымен ақылдаспай жауап бере алмайтынын" мәлімдеді.

10 тамызда осы мекемедегі жазасын өтеп жатқан төрт тұтқын: Абай Ұзынжасов, Берік Бердешов, Меңілік Бейбітов және Бақытжан Есенбаевтың наразылық ретінде өздеріне қол жұмсағандары хабарланған еді. Олар бұл туралы әлеуметтік желіде видео жариялап, түрме қызметкерлері өздеріне қысым жасайтынын, ар-намыстарына тиетін сөздермен балағаттайтынын айтып шағымданған.

Бұл оқиғадан кейін ЗК -169/5 мекемесіне прокуратура мен арнайы қоғамдық комиссия барғаны хабарланды, бірақ тексеріс нәтижесі әзірге белгісіз.

Халықаралық ұйымдар мен қазақстандық құқық қорғаушылар Қазақстандағы түрмелерде сотталушыларды азаптау барын, қамаудағыларға дұрыс жағдай жасалмайтынын айтып, Нұр-Сұлтанға жиі қайырылады.

Amnesty International құқық қорғау ұйымы 2020 жылғы Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі есебінде де "елдегі түрмелерде азаптау мен басқа да қорлық түрлері қолданылаған. Билік санаулы жағдайда ғана болмаса, көбіне мұндай оқиғаларға байланысты әділ, тәуелсіз әрі тиімді тергеу жүргізбеген" деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG