Accessibility links

Байден Ауғанстаннан эвакуациялау операциясы "біршама қарқын алғанын" айтты


АҚШ президенті Джо Байден
АҚШ президенті Джо Байден

АҚШ әскерін Ауғанстаннан әкету кезіндегі хаосқа, "Талибан" аяқ асты Кабулды басып алғанына байланысты ел ішінде һәм шетелде сынға қалған Джо Байден 20 тамызда америкалықтарды Ауғанстаннан қалай да толық алып кетуге уәде берді.

Ақ үйде жасаған мәлімдемесінде Байден Кабулға 6 мың солдат жіберудің арқасында АҚШ бастаған эвакуация операциясы "біршама қарқын алғанын", қазір тасымал тұрақты түрде жүріп жатқанын мәлімдеді. "Талибан" Кабулға кірген алғашқы күндері әуежайды мыңдаған адам басып қалып, аласапыран басталған. Тәліптерден қашқан жұрт ұшу алаңына кіріп, ұшақтың төбесіне шығып, шассиіне жабысып, бірталайы мерт болған.

Тәліптер басып алған Ауғанстандағы ахуал қандай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:46 0:00

"Бұл – әуемен тасымалдаудың тарихтағы ең үлкен әрі ең ауыр шарасы" деген АҚШ президенті эвакуация барысында Америка одақтастарымен, әріптестерімен және НАТО-мен қоян-қолтық жұмыс істеп жатқанын айтты.

Байден Ауғанстаннан барлық америкалықты, АҚШ басқарған халықаралық күштермен жұмыс істеген ауғандарды және әйел лидерлер, журналистер сияқты қауіп төнуі мүмкін деген топ өкілдерін қауіпсіз жаққа алып кетуге уәде берді.

Оның айтуынша, АҚШ әскері 14 тамыздан бері 13 мың, ал тамыз айында 18 мың адамды Ауғанстаннан шығарған. Бұған қоса мыңдаған адам "АҚШ үкіметінің көмегімен" чартерлік жеке рейстермен ұшып кеткен.

Ұшаққа мінуге тырысқан мыңдаған ауған Кабул әуежайының айналасында жүр, кей ақпарат құралдарының хабарлауынша "Талибан" әскері әуежайға өтпек болғандардың жолын бөгеп, оларды қорқытып, ұрып-соққан. Эвакукация күтіп әуежай ішінде мыңдаған адам отыр.

Осының алдында Пентагон жасаған мәлімдемені қайталаған Байден "Талибан" елден шығармай жатқандар арасында АҚШ азаматтары жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, АҚШ-тың ресми тұлғалары америкалықтар мен басқаларды қауіпсіз жағдайда шығарып әкету үшін "Талибан" өкілдерімен тұрақты байланыс ұстап отыр.

Пентагон Кабулды "Талибан" басып алғалы АҚШ әскерилері алғаш рет әуежайдан сыртқа шыққанын 20 тамызда хабарлады. Әскерилер үш Chinook тікұшағымен қонақүйде қалып, әуежайға жете алмай отырған 169 Америка азаматын алып шыққан.

Пентагон өкілі Джон Кирбидің айтуынша, америкалықтар қонақүйден әуежайға жаяу бармаққа оқталған, бірақ кейін бұл райынан қайтқан.

20 тамызда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен өміріне қауіп төнгендіктен Ауғанстаннан эвакуацияланған жергілікті халықты тым құрығанда уақытша паналатуға 13 ел келісім бергенін айтты. Тағы ондаған ел эвакуацияланғандарды алып өтетін өткел болуға уәде еткен.

Блинкеннің айтуынша, АҚШ-та қоныстануға әлі рұқсат алмаған босқындар Албания, Канада, Колумбия, Коста Рика, Чили, Косово, Солтүстік Македония, Мексика, Польша, Катар, Руанда, Украина және Уганданы паналай тұрады.

Ал транзит елдер қатарында БАӘ, Бахрейн, Британия, Германия, Дания, Италия, Катар, Кувейт, Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркия бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG