Accessibility links

"Көкпен де, жермен де қашты". Ауғанстандағы ахуалдың Орталық Азиядағы көршілеріне әсері


Ауғанстанмен шекарадағы Әмудария өзені үстінен салынған көпірден екі шақырым жерде, Термез қаласы маңындағы бекетте күзетте тұрған өзбекстандық әскерилер. 15 тамыз 2021 жыл.
Ауғанстанмен шекарадағы Әмудария өзені үстінен салынған көпірден екі шақырым жерде, Термез қаласы маңындағы бекетте күзетте тұрған өзбекстандық әскерилер. 15 тамыз 2021 жыл.

Ауғанстанда билікті тәліптердің басып алуы Орталық Азия елдерінің мазасын қашырып, оларды шекара қауіпсіздігіне баса назар аударуға мәжбүр етті.

Тәжікстан, Түркіменстан мен Өзбекстан билігінің кейінгі апталардағы ең үлкен қорқынышы шындыққа айнала бастады.

Ауғанстанда үкімет құлап, билік тәліптердің қолына өтіп жатыр. Орталық Азия елдерінің оқиғаның осылай өрбуі мүмкін екенін алдын ала болжап, тиісті іс-қимыл жоспарын дайындауға бірнеше жыл уақыты болған. Бірақ оңтүстік шекарадан келген алғашқы соққы бәрібір Тәжікстан мен Өзбекстанды қиын жағдайда қалдырған сыңайлы.

Тәжікстан маусымның басынан Ауғанстанның солтүстігіндегі ахуал ушыққан жағдайда ол жақтан келетін босқындарды қабылдауға қамдануға кіріскен. Көп ұзамай босқындар да ағыла бастады.

Ауғанстандағы жағдай Қазақстанға әсер ете ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00

Бірақ маусымның аяғында Ауғанстаннан Тәжікстанға өткендердің көбі әскерилер еді. Қаруы мен азығы таусылған 150 шақты адам Ауғанстаннан қашудан басқа амалы қалмағанын айтқан.

Одан кейін де жүздеген босқын Тәжікстан шекарасына бет алды. Ауған үкіметінің дерегінше, Тәжікстан көрші елден пана іздеген 2300 адамды ұшақтарға отырғызып, Кабулға қайтарған.

Өзбекстанда да осыған ұқсас жағдай болды. Маусымның аяғында ондаған жауынгер мен әскери топ мүшесі шекарадан өтуге әрекет жасады. Бірақ Өзбекстан билігі оларды қабылдамай, келген жағына қайтарды.

Маусымның басында мыңға жуық бейбіт тұрғын Тәжікстанның шығысында шекарасын кесіп өтті.

Ауғанстанмен шекараны заңсыз кесіп, Тәжікстан аумағына өткен адамдар. 2021 жылғы 22 маусымда Тәжікстан шекара қызметі таратқан сурет.
Ауғанстанмен шекараны заңсыз кесіп, Тәжікстан аумағына өткен адамдар. 2021 жылғы 22 маусымда Тәжікстан шекара қызметі таратқан сурет.

14 тамызда Ауғанстанның солтүстігіндегі ең ірі қала – Мазари Шариф тәліптер қолына өткеннен кейін ауғандар ұшақ және тікұшаққа мініп қаша бастады. Бұл Тәжікстан мен Өзбекстан билігі үшін күтпеген жағдай болды.

ҚАЗІРГІ АХУАЛ

Орталық Азияға Ауғанстаннан шыққан қанша ұшақ келіп қонғаны белгісіз. Бұл туралы деректер де әрқилы.

Солардың бірінде 14-15 тамызда Ауғанстаннан Өзбекстанға 22 әскери ұшақ пен 24 тікұшақ өткені, олар [Өзбекстан шекарасындағы] Термез қаласының халықаралық әуежайына қонуға мәжбүр болғаны айтылады.

Хабарға сенсек, ұшақта 585 ауған жауынгері болған.

Ауғанстаннан адамдарды алып шыққан Германия әскери жүк ұшағы Ташкент әуежайына қонып келеді. 2021 жылғы тамыз.
Ауғанстаннан адамдарды алып шыққан Германия әскери жүк ұшағы Ташкент әуежайына қонып келеді. 2021 жылғы тамыз.

15 тамызда 158 бейбіт тұрғын мен жауынгер Ауғанстан шекарасындағы Әмудария өзенін кесіп, Өзбекстан аумағына өткен.

17 тамызда Өзбекстан бас прокуроры 14-15 тамызда Ауғанстаннан ұшып шыққан 46 әуе көлігі (22 ұшақ, 24 тікұшақ) Өзбекстан шекарасын "заңсыз" кесіп өтіп, Термез әуежайына қонғаны туралы мәлімдеме жариялады.

Кейінірек бұл мәлімдеме өшірілді. Бас прокуратура мәлімдемені өшіру себебін "қате дерек болған" деп түсіндірді.

Бірақ бас прокуратура өкілдері кейінгі күндері өңірге қаншама әскери басшы мен шенеунік келгеніне қарамастан, ресми мәлімдемеде қандай қате жіберілуі мүмкін екенін ашып айтқан жоқ.

18 тамызда Janes Defence компаниясы жасанды жер серігінен түсірілген суреттерге қарап, 16 тамызда Термез әуежайында Ауғанстан әскери әуе күшіне тиесілі "шағын, қанаты қозғалмайтын 21 ұшақ" және "26 тікұшақ" тұрғанын хабарлады.

Ауғанстаннан Өзбекстанға ұшқан әскери ұшаққа байланысты қарама-қайшы деректер айтылды. 15 тамыз күні Өзбекстан шекарасындағы Сұрхандария өңіріне ауған әскери ұшағы құлағаны туралы хабар тарады.

2021 жылғы 15 тамызда Өзбекстанның Сұрхандария облысы аумағында әуеден атып түсірілген ауған ұшағы мен ондағы адамдар жайлы Telegram мессенджерінде тараған суреттер.
2021 жылғы 15 тамызда Өзбекстанның Сұрхандария облысы аумағында әуеден атып түсірілген ауған ұшағы мен ондағы адамдар жайлы Telegram мессенджерінде тараған суреттер.

Gazeta.uz басылымы ұшақта болған ауған жауынгерлері жергілікті ауруханаға жеткізілгенін жазды.

Кейінірек бұл ұшақты шекараны заңсыз кесіп өткені үшін Өзбекстан әуе қорғанысы күштері атып түсіргені белгілі болды.

16 тамызда, содан бір күн бұрын Ауғанстанның үш әскери ұшағы Өзбекстан әуе кеңістігіне еніп, Ханабад әскери базасына қонуға рұқсат сұрағаны туралы ақпарат шықты.

Өзбекстан әуе диспетчерлері ауған ұшақтарын Термезге жіберіп, оларды алып жүру үшін екі Миг-29 әскери ұшағын әуеге көтерген.

Тағы бір ақпаратқа сәйкес, Сұрхандария облысы Шерабад ауданында Ауғанстан мен Өзбекстан ұшағы соқтығысып қалған. Бірақ екеуіндегі ұшқыштар тірі қалған.

14 тамызда Өзбекстан билігі 84 ауған жауынгерін уақытша паналатып, емделу үшін елге кіруге рұқсат берген. Басқа хабарларда қос мемлекеттің шекарасындағы Достлук (Достық) көпірінде "жүздеген" ауған азаматының кезекте тұрғаны айтылған.

Ауғанстаннан келген босқындарға арналған орын. Термез, Өзбекстан. Gazeta.uz сайтында жарияланған сурет.
Ауғанстаннан келген босқындарға арналған орын. Термез, Өзбекстан. Gazeta.uz сайтында жарияланған сурет.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі ауған азаматтарын келген жағына қайтару туралы келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді.

Бас прокуратура ауған азаматтарын Өзбекстан шекарасын заңсыз кесіп өткені үшін жауапқа тартатынын хабарлады. Қазір ауған жауынгерлері тәліптер басқаратын Ауғанстаннан өзбек түрмесін артық көретін сияқты.

Ауғанстандағы Tolo TV арнасының дерегінше, 15-16 тамызда Тәжікстанға және Өзбекстанның Термез қаласына 45 ұшақ ұшып барған.

Ауғанстанмен шекара маңындағы Хорог қаласы. Таулы Бадахшан өңірі, Тәжікстан, 7 шілде 2021 жыл.
Ауғанстанмен шекара маңындағы Хорог қаласы. Таулы Бадахшан өңірі, Тәжікстан, 7 шілде 2021 жыл.

16 тамызда Азаттықтың Тәжік қызметі Тәжікстан төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетіндегі ақпарат көздеріне сүйеніп, Ауғанстаннан ұшып шыққан үш ұшақ пен екі тікұшақтың Тәжікстанның оңтүстігіндегі Бохтар қаласына қонғанын, онда жиынтығы 143 жауынгер болғанын хабарлаған.

Тәжікстандағы "Азия-плюс" тәуелсіз жаңалықтар сайтының хабарлауынша, сыртқы істер министрлігі "Бізге SOS хабары түсті. Сондықтан мемлекет қол қойған халықаралық келісімдерге сәйкес, ауған әскери [ұшақтарына] Бохтар әуежайына қонуға рұқсат бердік" деп мәлімдеген.

Сыртқы істер министрлігі елге екі ұшақ ғана қонғанын, олар жолаушыларын тастап, кері ұшып кеткенін айтқан.

Ауған жауынгерлерін жергілікті университет жатақханасына орналастырған.

"Азия-плюс" басылымы Ауғанстан елшілігінің "Тәжікстанға 18 ұшақ (16 әскери және екі жолаушылар ұшағы) жіберілді" деген мәлімдемесін таратты.

Түркіменстан мен Ауғанстан шекарасындағы жағдай туралы ақпарат мардымсыз.

Түркіменстан мемлекеттік басылымдары Ауғанстанда болған маңызды оқиғалар туралы ештеңе жазған жоқ.

Азаттықтың Түркімен қызметі ресми Ашбағаттың Ауғанстаннан келген жауынгерлер мен бейбіт тұрғындарға, оның ішінде ұлты түркімен азаматтарға ел аумағына кіруге рұқсат бермей отырғанын хабарлады.

АУҒАНСТАННАН ҚАШҚАН РЕСМИ ТҰЛҒАЛАР ОРТАЛЫҚ АЗИЯДА ЕМЕС

15 тамызда Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден қашқан кезде "ол Тәжікстанға кеткен" деген болжам айтылған.

Тәжікстан билігі бұл хабарды жоққа шығарды. Оған дейін Ғани мінген ұшақтың Кабулдан Тәжікстанға бет алғаны туралы ақпарат тараған еді.

Соған қарағанда Ғани көрші мемлекетпен алдын-ала келіскен, бірақ Тәжікстан соңғы сәтте белгісіз себеппен ауған президентін қабылдаудан бас тартқан болуы мүмкін. 18 тамызда Біріккен Араб Әмірлігі билігі Ашраф Ғани мен оның отбасы Дубайда екенін мәлімдеді. Бірақ олардың Дубайға қашан барғаны белгісіз.

Ауғанстан вице-президенті Абдул рашид Достум (сол жақта) мен Ауғанстан президенті Ашраф Ғани. Кабул, 29 қыркүйек 2014 жыл.
Ауғанстан вице-президенті Абдул рашид Достум (сол жақта) мен Ауғанстан президенті Ашраф Ғани. Кабул, 29 қыркүйек 2014 жыл.

14 тамызда бұрын Ауғанстанның вице-президенті болған, бірнеше күн бұрын елдің солтүстігіндегі әскерді басқаруға тағайындалған әскери қолбасшы Абдул Рашид Достум мен Балх уәлаятының бұрынғы губернаторы Ата Мұхаммед Нұр жауынгерлері мен қару-жарағын алып, Мазари-Шарифтен Өзбекстанға қашқан.

Достум мен Нұр әлі де Өзбекстанда деген дақпырт бар. Бірақ Азаттықтың Өзбек қызметі "Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Достум, Нұр мен Ғанидың Өзбекстанда емесін мәлімдеді" деп жазды.

ЕНДІ НЕ БОЛМАҚ?

Тәжікстан өз аумағына өткен ауған азаматтарын кері қайтаратыны жайлы ештеңе айтпады.

Бірақ Өзбекстан билігі тәліптермен қарым-қатынасын нашарлатып алмас үшін босқындарды қабылдаудан бас тартып отыр.

17 тамызда Өзбекстан сыртқы істер министрлігі тәліптермен тығыз байланыста екенін, мемлекеттік шекараны бұзуға жол бермейтінін мәлімдеді.

Ауғанстан мен Түркіменстан арасында теміржол қатынасы бар.
Ауғанстан мен Түркіменстан арасында теміржол қатынасы бар.

Түркіменстан билігі осыған дейін көрші елде тұрақтылық орнатуға шақырғаны болмаса, Ауғанстандағы жағдай жайлы тұщымды пікір білдірген емес. Ашғабат ауған-түркімен шекарасындағы жағдай жөнінде айтуға сараңдық танытады.

2021 жылы Түркіменстан билігі тәліптермен кемінде үш рет кездескен. Қос тараптың бір-біріне берген уәделеріне қарамастан, Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өз елінің қауіпсіздігіне алаңдап отырған сияқты.

Бердімұхамедов ел әскері мен кейінгі алты жылда сатып алынған әскери техниканың көп бөлігін Ауғанстан шекарасына жақындатып қойды. Одан бөлек, Түркіменстан президенті қыркүйектің ортасында Тәжікстанда өтетін Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитіне баруды жоспарлап отыр (Бердімұхамедов бұл саммитке 2007 және 2016 жылдары екі рет қатысқан).

Бердімұхамедов Душанбеде өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының кездесуіне де қатыспақшы (Түркіменстан басшысы осы ұйымның жиынына алғаш рет қатысқалы отыр).

Орталық Азия мемлекеттерінің болашақта кезігетін ең үлкен мәселесі Ауғанстанда тәліптер билікті басып алғаннан кейінгі бірнеше күндегі қиындықтармен ғана пара-пар болса, өңір елдерінің жолы болғаны.

Бірақ бұл жағдай Орталық Азия мен Ауғанстан тығыз байланысты екенін, Ауғанстанда болған нәрсе Орталық Азияға да таралатынын еске салды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG