Accessibility links

"Талибан" қайта оралды. Енді не болмақ?


Талибан жасағы Кабулдағы Ауғанстан президентінің сарайының ішінде. 15 тамыз, 2021 жыл.
Талибан жасағы Кабулдағы Ауғанстан президентінің сарайының ішінде. 15 тамыз, 2021 жыл.

Ауғанстан астанасы Кабулдағы жағдай жылдам өзгеріп жатыр. Қазақстанда экстремистік деп танылған "Талибан" тобының әскері президент сарайын басып алып, мемлекет басшысы елден кеткен соң қауіпсіздік күштері жым-жылас болды.

Елдің ендігі болашағы түсініксіз, сұрақ көп жауап аз. Радикал діни қозғалыс бақылауына алған соғыс титықтатқан елді не күтіп тұр? Кей сауалдарға жауап іздеп көрейік.

ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ЖОЛМЕН САЙЛАНҒАН АУҒАН ҮКІМЕТІ ҚАЙДА КЕТТІ?

Кабулдағы халықаралық қауымдастық мойындаған үкімет орнынан кетті деуге болады.

15 тамызда "Талибан" әскері астананы қоршап алып, оған басып кірген соң президент Ашраф Ғани билікті тапсыратынын айтып, Ауғанстаннан кетті.

Ашраф Ғани үкіметінің басты өкілдері, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Хамидулла Мохиб пен президент әкімшілігінің басшысы Фазел Фазли де елден кетті.

Үкіметтің кей мүшелері Кабулда қалды.

ҚАЗІР ЕЛДІ КІМ БАСҚАРЫП ОТЫР?

15 тамыздың соңындағы жағдай бойынша Ауғанстанның қауіпсіздік күштері Кабулдың кей бөлігін бақылап отырған, бірақ ол "Талибанға" жылдам орын босатып жатқан сыңайлы.

Басында қалаға кірмейміз деп уәде берген "Талибан" кейін тәртіп орнатып, тонауға жол бермеу үшін Кабулдың "кей бөлігіне" әскер жіберетінін айтты. Қаланың кей бөлігінде оқтын-оқтын атыс болғаны хабарланды, бірақ үлкен ұрыс болған жоқ.

Ауғанстанның кей әскерилері постты тастап, киімдерін шешіп, қаруын алып қашып жатыр.

"Талибан" әскері үкімет ғимараттарын бақылауға алып, командирлері Кабулдың орталығындағы президент сарайының ішіне кіріп, Ашраф Ғани кабинетіне ұқсас бөлмедегі Ауғанстан туын алып тастады.

Дипломаттар, Ауғанстанда жұмыс істейтін шетелдіктер және шетел мекемелерінде қызмет еткен ауғандарды шығарып әкету мақсатында Кабулдың халықаралық әуежайын АҚШ-тың бірнеше мың солдаты әлі қорғап тұр.

Елден кеткісі келген жұрт Кабулдағы Хамид Карзай халықаралық әуежайының дуалынан секіріп жатыр. 16 тамыз, 2021 жыл.
Елден кеткісі келген жұрт Кабулдағы Хамид Карзай халықаралық әуежайының дуалынан секіріп жатыр. 16 тамыз, 2021 жыл.

Еуропада қызмет еткен Ауғанстанның бұрынғы дипломаты Омар Самадтың айтуынша, "барлық жерде қауіпсіздік қызметкері жүр, бірақ оларға бұйрық беретін бас қолбасшы жоқ, себебі жоғарғы эшелон елден кетіп қалған".

Ауғанстандағы ықпалды тұлға, экс-президент Хамид Карзай 15 тамызда "үйлестіру кеңесі" құрылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл орган билікті бейбіт жолмен тапсыруды басқарады.

Үш адамнан тұратын кеңесте Кабулдағы екінші лауазымды тұлға Абдулла Абдулла мен Ауғанстанға аты әйгілі бұрынғы дала командирі Гүлбеддин Хекматияр бар.

"Басқару осы кеңестің қолында сияқты. Бірақ бұл кеңеске кім құзырет бергені анық емес. Кеңестің құрылуы Кабул халқын тыныштандыра қойған жоқ" деді Кабулдағы Afghanistan Analysts Network тәуелсіз зерттеу орталығының сарапшысы Әли Әдили.

ҚАНДАЙ ҮКІМЕТ ҚҰРЫЛУЫ МҮМКІН?

Ауғанстанның ішкі істер министрі Абдул Саттар Мирзакауал билік транзиттік үкіметке тапсырылатынын мәлімдеді. Бірақ тәліптер бұл ұсынысты қабылдамаған тәрізді, олар билік түгел өз қолына өтуі керек деп санайды.

"Меніңше тәліптер бірден билікті қолға алады, немесе олардың өкілдерінен тұратын уақытша үкімет ел басқарады. Мұндай жағдайда елдің саяси жүйесі инклюзив болмайды, яғни ауғандардың көбі оны күшпен енгізілген, заңсыз билік деп қабылдайды" дейді Кабулдағы Ауғанстан Америка университетінің құқық бойынша ассисент-профессоры Харун Рахими.

АҚШ-тың ресми өкілдері "Талибан" билікті күшпен тартып алса, оның заңдылығын мойындамайтынын айтқан.

Мұның алдында "Талибан" Ғани кеткен жағдайда транзиттік үкімет құруға қарсы емеспіз деп келген. Бірақ олар осы уәдесінде тұра ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.

"Ғани кетіп қалды, енді бір-екі күнде бүкіл халықты қамтитын жүйеге бет аламыз ба, әлде бір партиялы жүйе бола ма, соның нобайы белгілі болады, әзірге біршама инклюзив аралық кезең болатын сияқты" дейді Омар Самад.

Ауған үкіметінің бұрынғы кеңесшісі Торек Фархадидің айтуынша, біршама инклюзив жүйе болған күннің өзінде онда "Талибан" өктемдік етеді, бірақ онда басқа саяси акторларға да орын берілуі мүмкін. Дегенмен олардың көбі Кабулдағы қазіргі саяси элита өкілдерінен емес, жұртқа аса белгілі емес адамдардар тұрады.

"Талибан" барлық аймақтан және этностық топтардан өкілдері бар, бірақ біз білетін саяси тұлғалар құрамына кірмеген, өз қалауындағы үкімет құратын болар" деді Фархади.

БОЛАШАҚТА НЕ БОЛМАҚ?

Сарапшылардың айтуынша, Кабулда "Талибан" үстемдік құрған үкімет құрылады.

Мұның алдында бұл ұйым ел басқарғанда билік "мұсылмандардың әмірі", яғни "Амр ул-муминнің" қолына шоғырланған. Ол өзі мемлекет басшы әрі діни көсем болды, барлық өкілет соның қолында болды. Бұл орында "Талибанның" негізін қалаушысы әрі рухани көсемі Мулла Омар отырды.

"Талибан" демократияны және сайлауды "шетелдің экспорты" деп санап, одан бас тартқан.

Олар сол аса қатаң режимді қайта орната ма, жоқ па, әлі белгісіз. 1996-2001 жылдардағы "Талибан" билігі кезінде ислам фундаменталистері әйелдерді басып-жаншып, этностық және діни азшылық өкілдерін қырған, музыка мен телевидениеге мүлде тыйым салған.

Алғашқы әрекеттеріне қарасақ, тәліптер репрессияшыл заңдары мен керітартпа саясатын қайта енгізетін сияқты. Олар бұрынырақта басып алған аймақтар мен қалаларда осындай ережелерді енгізіп үлгерген.

Бұл топ әйелдердің үйден аулақта жұмыс істеуіне тыйым салды, қыздардың білім алуына шек қойды және әйелдер үйден тек ер адаммен бірге сыртқа шыға алады деген тәртіп шығарды. Бірнеше жас әйел "Талибан" өкілімен некелесуге мәжбүрленді деген хабарлар да болды.

Соған қарамастан, олар әйел құқығын қорғаймыз, шетелдіктерге де, ауғандарға тиіспейміз деп уәде беріп, біршама заманауи кейіп танытуға тырысты. "Әсіресе Кабул халқына уәде береміз, олардың өмірі мен мүлкіне ешкім тиіспейді" деді "Талибанның" ресми өкілі Сухаил Шахин.

ӘЛЕМ ДЕРЖАВАЛАРЫ ҚАЛАЙ ЫҚПАЛ ЕТЕ АЛАДЫ?

Батыс державалары 31 тамызда шетелдің барлық күштері шығып кеткен күннің өзінде Ауғанстанмен байланысты азайтпаймыз деген.

"Халықаралық қауымдастық уәдеде тұруы тиіс, олар Ауғанстаннан кетіп, оны 1989-2001 жылдардағыдай ұмыт қалдырмауы керек, бұл – өте маңызды" дейді Омар Самад.

"Бұған қоса әлемнің назары мен қолдауына ие болу үшін тәліптердің әсіресе адам [және] әйел қүқықтары мәселелерінде және сөз бостандығы сияқты негізгі еркіндіктер бойынша дұрыс әрекет етуі өте маңызды" дейді бұрынғы дипломат.

Сарапшылардың айтуынша, АҚШ және басқа державалар титықтаған елге халықаралық көмек ұсынып, оларды ресми мойындау арқылы "Талибанға" ықпал ете алады. Кейбіреулердің айтуынша, Вашингтонда "Талибан" 1990 жылдардағыдай керітартпа саясат жүргізіп, халықаралық қауымдастықтан бөлініп қалмауға тырысады деген үміт бар.

Соңғы мәлімет бойынша, Ауғанстандағы 34 аймақтың 27-сін, соның ішінде ел астанасы мен билік органдарын бақылауда ұстап отырған "Талибанға" халықаралық қауымдастықтың мойындағаны керек пе, жоқ па, бұл да анық емес.

"Талибан" инклюзив үкімет құрып, ішкі легитимділікке қол жеткізуге ниет танытпаса, онда оған ықпал етуге мүмкіндік беретін жалғыз тетік – халықаралық легитимділік мәселесі болмақ" дейді сарапшы Харун Рахими.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG