Accessibility links

Байден мен Пентагон өкілі Ауғанстандағы "Әл-Қайда" қаупі жайлы екі түрлі болжам айтты


АҚШ президенті Джо Байден
АҚШ президенті Джо Байден

АҚШ президенті Джо Байден мен АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі Джон Кирби Ауғанстанға "Әл-Қайда" террорлық ұйымының орнығу қаупі жөнінде екі түрлі болжам айтты. Бұл жөнінде "Интерфакс" агенттігі хабарлады.

Америка әскерін Ауғанстаннан алып кету шешімінің дұрыс болғанын жұма күні тағы қайталаған Джо Байден "Әл-Қайданың" көзін жою арқылы АҚШ Ауғанстандағы өз миссиясын орындады деді.

- Бұған перспектива тұрғысынан қарайықшы. Қазір "Әл-Қайда" жоқ, ендеше Ауғанстанға қандай қызығушылығымыз бар? Біз Ауғанстанға "Әл-Қайданың" көзін жоямыз, Осама бен Ладенді қолға түсіреміз деген айқын мақсатпен бардық. Бұған қол жеткіздік, - деді АҚШ президенті.

Байденнің мәлімдемесінен соң журналистер сұрақтарына жауап берген Пентагон өкілі Джон Кирби Ауғанстанда "Әл-Қайда" әлі бар деді.

- Ауғанстанда "Ислам мемлекеті" де, "Әл-Қайда" да әлі бар екенін бұрыннан айтып келеміз, - деді ол.

"Әл-Қайда" террористерінің Ауғанстандағы саны "соншалық көп емес, бірақ біздің қолымызда нақты дерек жоқ" деді Кирби. Оның айтуынша, Пентагонның Ауғанстаннан барлау мәліметін алу мүмкіндігі бұрынғыдай көп емес.

Байденнің мәлімдемесіне қатысты пікір айтқан Кирби: "20 жыл бұрынғы 11 қыркүйек оқиғасы кезіндегідей біздің елге қауіп төндіретін көп террорист жоқ деп ойлаймыз" деді.

2001 жылғы 11 қыркүйектегі Нью-Йоркте болған жойқын терактіден соң АҚШ бастаған халықаралық күштер Ауғанстанда террормен күрес операциясын бастаған. Кейін сол террорлық операцияны ұйымдастырды деген "Әл-Қайда" басшысы Осама бен Ладен өлтірілген. Содан бері Ауғанстандағы шетел әскерін алып кету мәселесі жиі көтеріліп тұрады.

АҚШ биылғы мамырдан бастап Ауғанстандағы әскерін шығарып жатыр, бұл операция тамыздың соңында аяқталуы тиіс болған. Ел аймақтарын біртіндеп басып алып жатқан "Талибан" тобы 15 тамызда Кабулды өзіне қаратып, Батыс қолдауына сүйенетін заңды үкімет құлады, президент Ашраф Ғани елден қашты. Қазір мұнда "Талибан" әскерінен зардап шегуі мүмкін деген шетелдіктер мен ауғандарды эвакуациялау жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG