Accessibility links

Украина "ақпарат кеңістігін" қорғау үшін жеке адамдар мен заңды тұлғаларға санкция салды


Андрей Деркач
Андрей Деркач

Украина "ресейшіл" пропаганданы таратқаны үшін ел ішінегі саясат, бизнес және медиа өкілдеріне санкция салды. Бұл жөнінде елдің Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі 20 тамызда хабарлады.

Санкцияға ілінетіндер арасында украиналық депутат Андрей Деркач бар. АҚШ үкіметі Деркачты "Ресей агенті ретінде Америкадағы сайлауға араласпақ болды" деп айыптап, былтыр қыркүйекте оған санкция салған.

Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі мәлімдемесінде: "Бұрынғы депутат Андрей Деркачқа қатысы бар сыртқы ықпал ету желісінің бір бөлігі саналатын алты адам мен үш мекемеге санкция салынады. Мұның алдында [Америкадағы] президент сайлауына араласпақ болғаны үшін бұл адамдарға АҚШ санкция салған еді" делінген.

Қаңтар айында АҚШ қаржы министрлігі Ресеймен байланысы бар, Деркач басқарған барлау желісінің құрамына кіреді делінген жеті украин азаматы мен төрт мекемеге санкция салған.

Бұл мәселе бойынша Деркачтың өзі пікір білдірмеді, бірақ бұрындары ол бұл айыптарды жоққа шығарып, "жемқорлықты әшкерелегенім үшін жазықты болдым" деп келген.

Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, Андрей Деркач АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың заңгері Руди Джулианимен бірлесе әрекет етіп, 2020 жылғы сайлау науқаны кезінде Трамптың қарсыласы Джо Байден мен оның ұлы Хантерге қарсы компромат жинауға қатысқан болуы мүмкін.

Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі төрт адамға, соның ішінде блогер әрі саяаткер Анатолий Шарый мен Ольга Шарыйға санкция салды, олардың ресейшіл деп саналған видеоблогы мен сайты бар. Сондай-ақ ерлі-зайыптылар қалалық және облыстық кеңестерде өкілдері бар саяси партия да құрған. Кремльшіл көзқарасты ұстанатын Strana.ua сайтының шығарушысы Игорь Гужваға да санкция салынды.

"Бұл азаматтар тікелей не жанама түрде бақылаған, Украинаға қарсы пропаганданы жүйелі түрде жариялап отырған интернет-ресурстарға қатысы бар тағы төрт мекемеге санкция салынды" делінген Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі мәлімдемесінде.

Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы Иван Бакановтың айтуынша, бұл шара елдің "ақпарат кеңістігін" қорғау үшін қолға алынды.

"Қайталаймын: қауіпсіздік қызметі сөз бостандығы мен Украинаның мемлекеттігі һәм егемендігіне шабуыл жасаудың ара-жігін анық ажыратып отыр" деді ол.

Бұған қоса, Ресей барлау қызметінің 28 өкіліне әрі Қырымдағы адам құқықтарын бұзуға қатысы бар деп айыпталған алты адамға да санкция салынды.

Сонымен бірге Қырымдағы 12 заңды тұлғаға, соның ішінде жергілікті телеарналар мен ақпарат агенттіктеріне және онлайн басылымдарға санкция салынды.

"Бұлардың барлығы Украинаға қарсы ақпараттық соғыс жүргізіп, гибрид агрессияға қосылып жатыр" делінген Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі мәлімдемесінде.

Ресей 2014 жылдың наурыз айында Қырымға әскер жіберіп, референдум өткізген соң Украинаға тиесілі түбекті өзіне қаратып алған. Әлемнің 100-ге тарта елі бұл референдумды заңсыз деп таныған.

Сонымен қатар, Мәскеу Украинаның шығысындағы сепаратистік күштердің әскери әрекеттеріне де қолдау білдіріп отыр деп айыпталады. 2014 жылғы сәуірден бері жүріп жатқан ұрыстан 13 мыңнан астам адам опат болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG