Accessibility links

"Көп жерімізден айырылдық". Путин "Ресейдің сыйлығы" жайлы тағы айтты


Ресей президенті Владимир Путин Мәскеуде өткен Қырым аннексиясының жеті жылдығына арналған концертте сөйлеп тұр. 18 наурыз 2021 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин 18 наурыз кешкісін Мәскеуде өткен Қырым аннексиясының жеті жылдығына арналған шарада Ресейдің Совет одағы құрамында болған елдерге жер беріп, "мол сыйлық" жасағанын тағы да айтты. Ол Совет одағы құлаған соң Ресей "талай территориядан айырылып қалды" деп санайды.

ПУТИН НЕ ДЕДІ?

Путин өз сөзінде Қырымның Ресейге қосылуын "тарихи әділдік" деп атады. Ол Қырымды орыс халқының қалыптасуына негіз болған жердің бірі деп санайды.

"Өткен ғасырдың 20-жылдары больщевиктер Совет одағын құрып, әлі күнге түсініксіз себеппен көп аумақты, географиялық кеңістікті квазимемлекеттік құрылымдарға берді. Кейін өздері қирап, партия мен Совет одағын құлатты, соның салдарынан Ресей көптеген территориясы мен геосаяси кеңістігінен айырылды" деді ол.

Путин Ресей "жаңа геосаяси жағдайда өмір сүруге" дайын екенін де айтады.

"Біз көршілерімізді географиялық тұрғыдан жақын көрші ретінде ғана емес, бауырлас ел ретінде қараймыз. Оларға көмек қолымызды созып, біздің бәсекеге қабілетті мүмкіндіктерімізді пайдаланып дамуға, алға жылжуға жағдай жасауға дайынбыз. Бізде [мүмкіндік] жеткілікті" деді ол.

Путин "көршілерге көмек" жайлы айта келе "Ресейдің сыйлығын Ресей федерациясына қарсы қолданғандармен ешқашан келіспейтінін" ескертті.

"Бұл сөзімді естиді деп үміттенемін" дейді Путин.

Қырым анексиясының жеті жылдығына арналған концерт Мәскеудегі "Лужники" стадионында өтіп, оған ресейлік әншілер қатысты. "Россия 24" арнасы таратқан видеоға қарағанда, стадион тола болған, көрермендердің көбі маскасыз отырды.

Коронавирус шектеулеріне сай, Мәскеуде өтетін шараларда зал я стадион елу пайызға ғана толуы тиіс. Келушілер арақашықтық сақтап, маска тағуы керек. Бұл шараны ұйымдастырушылар концерт алдында барлық санитарлық талап сақталады деген.

Ресей 2014 жылы Қырымда референдум өткізіп, Украина құрамындағы түбекті аннексиялап алған. Бұл шара Ресей әскерилерінің бақылауымен, Украина заңнамасына қарсы өтті. Референдумнан кейін Қырымды Ресей әскері бақылауға алды.

Фактчек: Ресей пропагандасындағы Қырым аннексиясы жайлы бес миф

Ресей пропагандасындағы Қырым аннексиясы жайлы бес миф
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:03 0:00

АҚШ пен Еуропа одағы Ресейге Қырымды аннексиялап, Ураина шығысындағы сепаратистерді қолдағаны үшін санкция салған. Мәскеу Қырымның Ресейге қосылуын "тарихи әділдік" дейді, ал Донбасстағы әскери қақтығысқа қатысып жатқанын жоққа шығарады.

Қазақстан Ресей әрекетіне түсіністікпен қарайтынын білдірген. 2014 жылы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымында "Украинаның аумақтық тұтастығын қолдау туралы" резолюция қаралғанда Қазақстан ешкімді қолдамай, қалыс қалған.

Тоқаев 2019 жылы желтоқсанда Deutsche Welle неміс телерадиокомпаниясына берген сұхбатында "Қырымда болған жағдайды аннексия деп атамаймыз. Аннексия – тым ауыр сөз" деп жауап берген.

"РЕСЕЙ СЫЙЫ" ЖАЙЛЫ БҰҒАН ДЕЙІН ДЕ АЙТЫЛҒАН

Ресейлік шенеуніктер Совет одағы құлаған соң орыс халқы "көп жерінен айырылып қалғанын", "одақта болған елдерге көп жер сыйға беріліп кеткенін" жиі айтады. Мұндай сөздер постсоветтік елдерде, соның ішінде Қазақстанда жиі талқыға түседі.

2020 жылы 21 маусымда Путин "Россия 1" телеарнасындағы "Москва. Путин. Кремль" хабарына берген сұқбатында "Қандай да бір республика Совет одағының құрамына кіреді, сөйтіп Ресейдің ірі көлемде дәстүрлі-тарихи аумағын алады. Сөйтеді де бір күні одақтан шығуға шешім қабылдайды. Олай болса, орыс халқының сыйлығын қоса әкетпей немен келдің, сонымен шығуың керек қой" деген еді.

Ресей президентінің бұл сөзі Қазақстан қоғамын тіксінткен. Сарапшылар "арсеналында халықтың рухын көтеретін ештеңе қалмаған" Путин мұндай сөздерін "Ресейді жинаушы образын" күшейту үшін айтады деген.

2020 жылы желтоқсанда Ресей мемлекеттік думасының депутаты Вячеслав Никоновтың ресейлік "Первый канал" телеарнасындағы "Большая игра" бағдарламасында "Қазақстан аумағы – Ресейдің Қазақстанға берген үлкен сыйы" деп мәлімдеген.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта).
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта).

"Қазақстан деген болған емес" деген Никонов қазіргі Қазақстанның "солтүстігіндегі жері иен жатқан", ал оңтүстігіндегі жерді "кезінде Ресей, Совет одағы сыйға берген" деді.

Дума депутаты Никоновтың сөзіне байланысты іле-шала Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресейдің уақытша сенімді өкілі Александр Комаровты шақырып алып, наразылық нотасын тапсырды.

Бірақ ресми Нұр-Сұлтанның нотасына Ресей сыртқы істер министрлігінен гөрі Ресей думасының тағы бір депутаты Евгений Федоров жылдам жауап беріп үлгерді. "Единая Россия" партиясы фракциясының мүшесі Федоров БАҚ-қа берген сұхбатында "жолдас Назарбаев пен Тоқаев кеткілеріңіз келсе, шамадандарыңызды жинап, Алматы мен өзге де [жерді Ресейге] беріп, кетіңіздер" деген еді

Осы сөзден кейін Қазақстан қоғамы ресейлік депутаттардың сөзіне қарсы шығып, пикеттер өткізді. Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді ресейлік депутаттардың сөзін "бос сандырақ", "Мәскеудің ресми ұстанымы емес" деді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG