Accessibility links

"Демарш және Еуразияшыл билікке ескерту". Ресей депутаттарының мәлімдемесін сарапшылар әркелкі бағалайды


Ресей мемлекеттік думасындағы "Единая Россия" фракциясының мүшелері Вячеслав Никонов (сол жақта) пен Евгений Федоровтың суреттерінен коллаж.

Ресей мемлекеттік думасының екі мүшесі Қазақстанға қазіргі жерін Ресей сыйлаған деген мәлімдеме жасады. Бұған Қазақстанда реакция білдіргендер мұндай сөз тегін айтылған жоқ, артында үлкен күштер тұр деп санайды.

"ҚАЗАҚСТАНҒА СЫЙҒА БЕРГЕН ЖЕР"

Ресей мемлекеттік думасының білім және ғылым комитетінің жетекшісі, биліктегі "Единая Россия" партиясы фракциясының мүшесі Вячеслав Никоновтың өткен аптада ресейлік "Первый канал" телеарнасындағы "Большая игра" бағдарламасында "Қазақстан аумағы – Ресейдің Қазақстанға берген үлкен сыйы" деп мәлімдеді.

"Қазақстан деген болған емес" деген Никонов қазіргі Қазақстанның "солтүстігіндегі жері иен жатқан", ал оңтүстігіндегі жерді "кезінде Ресей, Совет одағы сыйға берген" деді. Ертесіне бірқатар басылымдар ресейлік "Патриот" қозғалысының белсендісі Қазақстанның Мәскеудегі елшілігінің қоршауына "Солтүстік Қазақстан – орыс жері" деген жазу іліп кеткені туралы хабарлады.

Ресей Мемлекеттік думасының отырысы. Мәскеу, 22 шілде 2020 жыл.
Ресей Мемлекеттік думасының отырысы. Мәскеу, 22 шілде 2020 жыл.

Дума депутаты Никоновтың сөзіне байланысты іле-шала Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясының уақытша сенімді өкілі Александр Комаровты шақырып алып, наразылық нотасын тапсырды.

"Ресейдің кейбір саясаткерлерінің Қазақстан жайлы арандатушы әрекеттерінің жиілеуі одақтық қатынастарға айтарлықтай нұқсан келтіретіні атап өтілді. СІМ Ресей тарапының мұндай мәлімдемелерге тиісті баға беруін күтеді және мұндай мәлімдемелерге жол бермеу үшін шаралар қабылдауға шақырады" деді Қазақстан сыртқы істер министрлігі.

Бірақ ресми Нұр-Сұлтанның нотасына Ресей сыртқы істер министрлігінен гөрі Ресей думасының тағы бір депутаты Евгений Федоров жылдам жауап беріп үлгерді. "Единая Россия" партиясы фракциясының мүшесі Федоров БАҚ-қа берген сұхбатында "жолдас Назарбаев пен Тоқаев кеткілеріңіз келсе, шамадандарыңызды жинап, Алматы мен өзге де (жерді Ресейге) беріп, кетіңіздер" деп мәлімдеді.

Қазақстанның Ресеймен шекарасындағы Үй өзені мен шекараның арғы бетіндегі ресейлік ауыл.
Қазақстанның Ресеймен шекарасындағы Үй өзені мен шекараның арғы бетіндегі ресейлік ауыл.

Федоров "Қазақстан сыйға алған жерін сыйға алдым демесе, басқаша сөйлесу керек" дейді. Оның сөзінше, Ресей думасының депутаттары 1990 жылы Совет одағы Жоғарғы кеңесі қабылдаған "СССР құрамындағы республикалардың СССР құрамынан шығу тәртібі" туралы заңды заңсыз деп санау және сол заң бойынша СССР құрамынан шыққан республикалардан жерді қайтарып алу туралы бастама көтеріп жүр.

– Бізді ұстап тұрған ең соңғы бір ғана аргумент бар, ол – достық деген түсінік. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің нотасынан кейін бұл аргумент те жоқ. Ондай болса, заңсыз алған жерді қайтарыңдар. 1990 жылы қабылданған заңда "СССР құрамынан шығатын республикалар СССР құрамына кіргеннен кейін алған жерін СССР-ге қайтарып береді" деп жазылған. Бұл – құқықтық мәселе. Қазақстан өз аумағын түгел СССР-ден алған. Кеткілерің келе ме, жолдас Назарбаев, Тоқаев, сыртқы істер министрлігі? Шамадандарыңды жинаңдар да Алматыдан бастап, бәрін тастап кетіңдер. Бізде жер қалмайды ғой дейтін шығарсыңдар? Ол сендердің мәселелерің. Бізден жер ала тұра, алған жоқпыз деп ұрсысқыларың келеді, – деді Федоров.

"ДЕПУТАТТАРҒА ЖОҒАРЫДАН БҰЙРЫҚ ТҮСТІ МЕ?"

Қазақстанда Ресей Думасы мүшелерінің Қазақстан жері туралы айтқан сөздері қарсы реакция туғызды. Әлеуметтік желіде пікір білдірген қолданушылар арасында 2014 жылы жазда Ресей президенті Владимир Путиннің жастармен кездесудегі сөзін еске салғандар болды.

Путин Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа баға бере келе: "Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған" деп мәлімдеген еді. Сол жолы Путин Еуразия одағын құру идеясы да Назарбаевқа тиесілі екенін айтқан болатын.

Ал қазір әлеуметтік желіде қазақстандықтар елдің сыртқы істер министрлігі Ресейдің Қазақстандағы елшісіне емес, елшіліктің әлдебір өкіліне нота тапсырды, депутаттар мен сайлау науқанын бастап кеткен саяси партиялар неге үндемейді деген наразы пікірлер білдіріп жатыр.

Қазақстан парламенті депутаттары да үнсіз қалған жоқ. Никоновтың сөзіне қарсы пікір білдірген сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммедке кейін парламенттің тағы бірнеше депутаты қосылды. "Ақ жол" партиясы мен "Қазақстан халық партиясы" (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы – ред.) Ресей депутаттарының сөзіне қарсы мәлімдеме жасады.

Ресейдегі Қазақстан жайлы пікірлерге депутаттар реакциясы

Ресейдегі Қазақстан жайлы пікірлерге депутаттар реакциясы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:38 0:00

Азаттық тілшісі Қазақстан парламенті депутаттары мен кейбір саясаттанушылармен сөйлесіп, Ресей депутаттарының пікіріне Қазақстанның реакциясы қандай болды және қандай болуы керек еді деп сұрап көрді.

Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев Ресей депутаттарының сөзі жайдан-жай айтылмаған деген пікірде.

Ресей Украинамен жауласып, Беларусьті әрең ұстап отыр, 7,5 мың шақырым шекарасы ортақ Қазақстанның да еркін ел болғанын қаламайды.

– Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды. Ресей басшылығы тапсырма берді дей алмаймын, бірақ Ресейдегі қазіргі саяси коньюктураның ыңғайы солай болып тұр. Ресей Украинамен жауласып, Беларусьті әрең ұстап отыр, 7,5 мың шақырым шекарасы ортақ Қазақстанның да еркін ел болғанын қаламайды. Бірақ саяси сабыр керек. Біреу айтты екен деп екі мемлекетті араздастыруға да болмайды. Ресейге де Қазақстанмен конфронтация керек деп ойламаймын. Еуразия экономикалық одағын президенттер талқылағанда Қасым-Жомарт Тоқаев келісімнің кей тұстарын тағы да қарау керек деп қарсы болғаны бар. Бұл да ықпал етуі мүмкін, – дейді ол.

Азаттық тілшісі әдетте Ресей мен Қазақстан арасындағы шетін саяси мәселелерге келгенде әліптің артын бағып, үнсіз қалатын депутаттардың үні бұл жолы батылырақ шығуының себебін сұрады. Омархан Өксікбаевтың сөзінше, Қазақстан депутаттарының бұл мәселеге байланысты айтқанын жоғарыдан түскен тапсырыс деуге болмайды.

– Мемлекет мүддесін қорғай отырып, ұстанымымды еркін айтамын, – деді ол.

Дума мүшелеріне қарсы мәлімдеме жасаған Қазақстан парламенті сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы да өзіне ешкім жоғарыдан нұсқау берген жоқ деп сендіреді. Оның пікірінше, Ресей депутаттарының сөзі "Ресейдің империялық саясатының әлі де жалғасып жатқанының белгісі".

– Мұндай нәрсе кейін де айтылады. Қазақстан уақыт өткізіп алды. Солтүстік облыстарға халқы тығыз қоныстанған оңтүстік тұрғындарын көшіру бағдарламалары жартыкеш болды. Петропавл мен Павлодар атауы да өзгертілмеді. Ресейдің көптеген телеарналарының Қазақстанда еркін көрсетілуіне де шектеу салу керек еді, – дейді ол.

Депутат Мұрат Бақтиярұлы "төзімнің де шегі болуы керек. Сондықтан Қазақстан сыртқы саясатта Еуропа, АҚШ, Түркияға арқа сүйегені дұрыс" деп санайды.

Ресей депутаттарының артында үлкен саяси күштер тұр.

– Елімізге Түркияның, НАТО-ның әскери базаларын орналастыру керек. Өте қиын жағдайдамыз, бір жағымызда – Ресей, бір жағымызда – Қытай. Ресей депутаттарының артында үлкен саяси күштер тұр. Ресей Думасының депутаты біздің президентіміз бен елбасымыз елден кетсін деді. Біздің қай депутат Ресейге қарата солай айта алады? Біздің депутаттарға айтқызбайды, – дейді Мұрат Бақтиярұлы.

Ол қазір Қазақстан парламенті депутаттарының "солтүстіктегі қалалардың атын ауыстыру, оңтүстіктен солтүстікке көш жайлы депутаттық сұрау салу жөнінде ақылдасып жатқанын" айтты.

Қазақ-Ресей шекарасындағы жер-су атаулары. Батыс Қазақстан облысы.
Қазақ-Ресей шекарасындағы жер-су атаулары. Батыс Қазақстан облысы.

Бұрынғы СССР елдерімен, соның ішінде Ресеймен түрлі экономикалық және әскери келісімшарт жасап, өз жеріне Ресейдің әскери базасын орналастырған Қазақстанда НАТО базасын орналастыру мәселесі ресми деңгейде көтерілмеген.

Сондықтан бұл депутаттың өз ойы ма, әлде Қазақстан билігінің ұстанымы ма деген сауал қойдық.

– Бұл – парламенттің емес, жеке пікірім, – деді ол.

– Ресей депутаттарының да жеке пікірі емес пе?

– Олардың артында үлкен саяси күштер тұр.

– Ал сіздің артыңызда саяси күш тұрған жоқ па?

– Менің артымда ешкім жоқ. Маған мұны ешкім айт деген жоқ. Тіпті Никоновтың сөзіне пікірімді ашық айтқан соң кейбір азаматтар хабарласып, "біреудің сандырағына пікір айтып қайтесің" деді. Ол жай адамның сөзі емес, Дума комитеті төрағасы мен депутатының сөзі, – деді Мұрат Бақтиярұлы.

Омбы қазақтары мәдени шара кезінде. Ресей, 24 желтоқсан 2011 жыл.
Омбы қазақтары мәдени шара кезінде. Ресей, 24 желтоқсан 2011 жыл.

Алдағы жылы 10 қаңтарда өтетін парламент сайлауы науқанына кіріскен екі партия Ресей депутаттарының сөзіне байланысты мәлімдеме жасағанда биліктегі "Нұр Отан" партиясы неге үнсіз қалды деген сұрақты сол партияның өкілі Мұрат Бақтиярұлына қойдық.

– Өз сөзімді айттым. Мен де "Нұр Отанның" мүшесімін. Партия нені мәлімдейтінін партия басшылығынан сұрау керек, – деп жауап қатты ол.

"НАЗАРБАЕВ ТУРАЛЫ ДА, ТОҚАЕВ ТУРАЛЫ ДА БҰЛАЙ АЙТПАЙТЫН"

"Нұр Отан" партиясының атынан парламент сайлауына кандидат болып тіркелген саясаттанушы Ерлан Сайыров Ресей депутаттарының сөзін халықаралық құқыққа сәйкес келмейтін демарш деп бағалайды. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі наразылық нотасын елшіліктің қарапайым қызметкеріне емес, Ресейдің Қазақстандағы уақытша сенімді өкіліне тапсырғанын айтады.

– Екі депутаттың сөзі – Ресейдің ұстанымы деуге ерте. Кеше Ресей президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан тәуелсіздігімен құттықтады. Бұл – "Қазақстанның аумақтық тұтастығын мойындаймыз" деген сөз. Дегенмен Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жасалған келісімдер бұзылып, дүниежүзінде турболентті процестер жүріп жатқанын көріп отырмыз, – дейді саясаттанушы.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин екі елдің өңіраралық әріптестік форумында. Омбы, Ресей, 7 қараша 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин екі елдің өңіраралық әріптестік форумында. Омбы, Ресей, 7 қараша 2019 жыл.

Сайыровтың пікірінше, Ресей депутаттарының Қазақстан жеріне қатысты сөзі санкцияларға байланысты экономикалық қиындыққа кезіккен Ресейде шовинизм патриотизмді көтеру құралына айнала бастағанын көрсетеді.

Ол биліктегі "Нұр Отан" партиясының мүшелері Ресей депутаттарының сөзіне жеке-жеке мәлімдеме жасап, Никоновтың сөзінен соң әлеуметтік желіде өзі де пікірін білдіргенін айтады.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев Никоновтың сөзінен кейін Ресей елшілігінің өкіліне нота тапсырған Қазақстан сыртқы істер министрлігі Ресей ресми түсініктеме бермесе, халықаралық дипломатиялық қатынас ережесі бойынша, Қазақстанның Ресейдегі елшісін "кеңесу үшін Қазақстанға шақырып алу қажет" деп санайды.

– Сыртқы істер министрлігі "Екі депутаттың пікірі Ресейдің ресми ұстанымы ма?" деген сауал қоюы тиіс. Ресей Думасының басшылығы, сыртқы істер министрлігі немесе президент Путиннің өзі мәселені түсіндіруі керек. Өзін-өзі сыйлайтын ел солай жасайды. Қазақстанмен шекара дауы Ресейдің Қырымды даулағанымен тең емес. Өйткені Қазақстан мен Ресей шекарасы анықталып, Біріккен ұлттар ұйымына тіркелген. Ресей мен Украина арасында ондай болған жоқ, – дейді ол.

Қазақстан мен Ресей шекарасында өткен шараға қатысқан екі елдің өкілдері. Көрнекі сурет.
Қазақстан мен Ресей шекарасында өткен шараға қатысқан екі елдің өкілдері. Көрнекі сурет.

Қазбек Бейсебаев "екі депутаттың сөзі Қазақстандағы парламент сайлауы қарсаңында жұрт назарын сыртқы проблемаға аудару үшін айтылуы мүмкін" деген де ой-пікірлер барын, бірақ онымен келіспейтінін айтады.

– Меніңше, бұл тұста біз білмейтін бір мәселе бар. Ресей түсініктеме берер, бермес, айтылған сөз – атылған оқ. Бұл кездейсоқтық емес, біздің билікке берілген ескерту белгі деп ойлаймын. Қазақстан билігі мен Ресей билігінің арасында әлдеқалай келіспеушіліктен туып отырған мәселе болса таңғалмаймын. Өйткені Ресей саясаткерлері жиі айтатын Қазақстанның солтүстігінің Ресей үшін үлкен стратегиялық маңызы жоқ. Шекараны бұзу – үлкен соғыс бастау деген сөз. Оның Ресейге де керегі жоқ, – дейді бұрынғы дипломат.

Ресейдің Владимир Жириновский секілді депутаттары мен Эдуард Лимонов сынды саясаткерлері бұрын да түрлі мәлімдеме жасағанымен, ширек ғасырдан бері Еуразия одағы жайлы бастама айтып жүрген Нұрсұлтан Назарбаевты Ресейдің жоғары билік өкілдері арасында ешкім дәл қазіргідей сынап, мінемейтін.

Қазбек Бейсебаев та мұндайды алғаш естігенін айтады.

– Еуразияшыл Назарбаев туралы да, Тоқаев туралы да Ресейде ашық сын айтылмайтын. Шамадандарын жинасын да, кетсін дегені – ауыр сөз, – дейді ол.

Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда Ресеймен шектесетін солтүстігі мен шығысындағы облыстарда орыс ұлтының өкілдері бұрыннан басым болатын. 1999 жылдың соңына қарай Қазақстан арнаулы қызметі Шығыс Қазақстан облысында сепаратистік көңіл-күйді қоздыруға талпынған 22 адамның (он екісі – Ресей азаматы) қолға түскенін хабарлаған. "Пугачев" деген лақап атқа ие ресейлік Виктор Казимирчук басқарған топқа "Русская земля" мемлекетін құру үшін жергілікті орыс тұрғындарының арасында көтеріліс ұйымдастырып, жергілікті әкімшілікті басып алмаққа даярланған" деген айып тағылды. Бұл іс бойынша он адам әртүрлі мерзімге сотталып, түрмеге қамалды. 18 жылға бостандығынан айырылған Казимирчук жеті жылдан соң, Назарбаевқа "өкінетіні туралы" хат жазғаннан кейін мерзімінен бұрын босатылып, Ресейге кетті. Ол кейін Ресей газетіне берген сұхбатында "төңкеріс жасауға талпыныс" делінген іс-әрекетті қазақ арнаулы қызметінің ұйымдастырғаны деп атаған.


  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG