Accessibility links

БАҚ: Үкімет құру жайын талқылау үшін "Талибан" басшылары Кабулда бас қосады


Президент Ашраф Ғани кетіп қалған соң оның сарайына кіріп алған "Талибан" өкілдері. Кабул, Ауғанстан. 15 тамыз, 2021 жыл.
Президент Ашраф Ғани кетіп қалған соң оның сарайына кіріп алған "Талибан" өкілдері. Кабул, Ауғанстан. 15 тамыз, 2021 жыл.

Ауғанстанда билікке бақылау орнатқан "Талибан" исламшыл тобының жоғары басшылары Кабулда кездесіп, болашақ үкіметтің жобасын жасап жатыр. Бұл жөнінде ақпарат агенттіктері хабарлады.

АҚШ бастаған халықаралық күштер жиырма жылға созылған соғыстан соң елден кетіп жатқанда билікті тартып алған "Талибан" өзін біршама салмақты саяси күш ретінде көрсетуге тырысып жатқан сыңайлы.

"Талибанның" аты-жөнін айтпауды өтінген жоғары лауазымды өкілі AFP агенттігіне берген сұхбатында ұйымның саяси кеңсесінің басшысы әрі оның негізін қалаушылардың бірі Мулла Абдул Ғани Барадар Кабулда "инклюзив үкімет құру мақсатында басшылармен және саясаткерлермен кездеседі".

Ал Reuters ұйымның аты-жөнін айтпаған бір адамының сөзін келтіреді. Оның айтуынша, Барадар "командирлерге жауапкершілік жүктеп, бұрынғы үкімет басшыларымен, жергілікті жасақ командирлерімен, саясаткерлермен және дінбасылармен кездесу үшін" Ауғанстанға келген.

Дереккөздің айтуынша, "Талибан" ішкі қауіпсіздік және қаржылық дағдарыс мәселелерін шешу үшін бөлек командалар жасақтамақ.

"Талибан" лидерлерінің кездесуіне "Хаққани" тобының өкілдері де қатыспақ. Тәліптермен қатысы бар бұл топ АҚШ-та терорлық ұйым деп танылған.

"Талибан" 1996-2001 жылдардағы исламның фундаменталистік бағытына негізделген қатаң режиммен салыстырғанда "әлдеқайда жақсы" үкімет қалыптастыруға уәде берген.

Қарулы топ билікті бақылауға алған соң Ауғанстанда діни азшылық пен әйелдердің құқығы тапталатын қатаң режим қалыптаса ма деген қауіп туған. "Талибан" билігі тұсында әйелдер қоғамдық өмірден мүлде оқшауланып қалған еді.

"Талибан" АҚШ-тың қолдауына сүйенген үкіметке жұмыс істеген адамдардың бәріне амнистия жариялайтынын айтқан. Алайда тәліп әскері журналистерді, бұрынғы жауынгерлерді және үкімет өкілдерін қудалап жатыр деген хабарлар тарады.

Amnesty International халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы "Талибан" өткен түні Ауғанстандағы көбіне шейіттерден тұратын хазара азшылық тобының бірнеше мүшесін "қырып салып", қалғанын ұрып-соқты деген ақпар таратты. Құқық қорғау ұйымы радикал діни топ құратын режимнің "үрейлі белгілері" бар деп ескертті.

"Талибанның" ресми өкілі заңгерлер, діндарлар мен сыртқы саясат мамандарынан тұратын мамандар жасаған жүйе демократия болмағанымен, "әр адамның құқығын қорғайды" деді.

"Талибан" өкілінің айтуынша, олар аталған қайғылы оқиғаларға қатысты тергеу жүргізеді.

"Кей жерлерде бейбіт адамарға хайуандық жасалғаны, қылмыс болғаны туралы естідік. Тәліптер заңға және тәртіпке қайшы мұндай әрекетке барған болса, бұл тергеледі" деді аты-жөнін атамауды өтінген "Талибан" өкілі Reuters агенттігіне берген сұхбатында.

АҚШ биылғы мамырдан бастап Ауғанстандағы әскерін шығарып жатыр, бұл операция тамыздың соңында аяқталуы тиіс болған. Ел аймақтарын біртіндеп басып алып жатқан "Талибан" тобы 15 тамызда Кабулды өзіне қаратып, Батыс қолдауына сүйенетін заңды үкімет құлады, президент Ашраф Ғани елден қашты. Қазір мұнда "Талибан" әскерінен зардап шегуі мүмкін деген шетелдіктер мен ауғандарды эвакуациялау жүріп жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG