Accessibility links

Қазақстанда Covid-тің тәулік дерегі жарияланды. Індеттің беті қайтқаны байқалады


Нұр-Сұлтан қаласындағы Covid-19 / коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін орталық қызметкерлері. 6 тамыз 2021 жыл.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Covid-19 / коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін орталық қызметкерлері. 6 тамыз 2021 жыл.

Қазақстанда бір күнде коронавируспен 7035 адам тіркеліп, 109 адам қайтыс болды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Ауруға шалдыққандар арасында 6725 адам вирус жұқтырғанын ПТР тесті арқылы білген (КВИ+), 310 адамға диагнозы ауру белгілері бойынша (КВИ- немесе "ковидтектес пневмония) қойылған. Қайтыс болғандар арасында 16 адамға "ковидтектес пневмониясы" диагнозы болған.

КВИ+ есебі бойынша ең көп науқас Алматыда анықталған. Онда бір күнде коронавируспен 1613 адам тіркелген. Қарағанды облысында 920, Нұр-Сұлтанда 829 адамның ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен.

Елдің эпидемиялық картасында Түркістан облысынан өзге өңірлер әлі де "қызыл аймақта". Бұл індеттің өршіп тұрғанын білдіреді. "Жасыл аймақта" жалғыз тұрған Түркістан облысында өткен тәулікте 65 науқас тіркелген.

Бұл есеп бойынша індет басталғалы 736 906 адам тіркелген. Ресми статистикада оның 8302-сі қайтыс болды деп көрсетілген. Билік бұл есепке коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "өзге аурудан қайтыс болды" деген екі мыңнан астам адамды қоспай отыр.

Қазақстан үкіметі "ковидтектес пневмония" есебін былтыр 1 тамыздан бастап жүргізіп келеді. Содан бері пневмонияның бұл түрімен 67 805 науқас тіркелген, оның 4216-сы көз жұмған.

Екі есепті қоса алғанда, елде 27 шілдеден бері ең төменгі көрсеткіш тіркеліп отыр. Сол күннен бері коронавирус күн 7,5-8 мың адамнан анықталып келген.

Індеттің кейінгі айларда өршуін коронавирустың "дельта вариантымен" байланыстырады. Жұқпалығы жоғары, ауыр халге жылдам түсіретін бұл вариант алғаш рет Үндістанда анықталып, Қазақстанда маусымның соңында тіркелген.

Мамандар вакциналардың қауіптірек саналған "дельта" вариантынан да қорғайтынын айтады. Екпе салуды 1 ақпанда бастаған Қазақстанда осы күнге дейін барлығы 4 миллион 995 мың адам вакцинаны толық алған. Бұдан бөлек 1,3 миллион адам екінші дозаны күтіп отыр.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, індет басталғалы әлемде коронавируспен 211 миллионнан астам адам тіркелген. Оның 4,4 миллионы қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG