Accessibility links

Баласының өліміне полицейлер кінәлі деп санайтын ананың аштық жариялағанына 30 күн болды


Ұлы Анатолий Рейбанттың өліміне кінәлілерді жазалауды талап етіп, үйінде аштық жариялап жатқан Ирина Рейбант. Петропавл, 10 тамыз 2021 жыл.
Ұлы Анатолий Рейбанттың өліміне кінәлілерді жазалауды талап етіп, үйінде аштық жариялап жатқан Ирина Рейбант. Петропавл, 10 тамыз 2021 жыл.

Петропавл тұрғыны Ирина Рейбанттың аштық акциясы отызыншы күнге ұласты. Ол баласын "ұрып-соқты" деп санайтын полиция қызметкерлерін қылмыстық жауапқа тартуды талап етіп, судан өзге тамақ ішуден бас тартып жатыр. "25 жастағы баламды ұрып өлтірді" деп санайтын Рейбант іс қозғалып, сотқа жетпейінше аштығын тоқтатпауға бекінген.

— Әлсіреп, жар жағалап жүрсем де аштығымды тоқтатпаймын. Жоғалтатын ештеңем жоқ. Бас прокуратура телефон тұтқасын алмайды, — дейді ол Азаттық тілшісіне.

Ирина Рейбант полиция қызметкерлері қызметін асыра пайдаланғаны туралы қылмыстық істің тоқтатылғанымен келіспейтіні жайлы талап арызына облыстық прокуратурадан жауап алған. Прокуратура жәбірленуші тараптың уәждері мен дәлелдері тексерілгенін, шара қолдануға негіз жоғын, сол себепті Рейбанттың шағымы қанағаттандырылмайтынын айтқан.

61 жастағы Ирина Рейбант 26 шілдеден бері аш. Оған дейін жалғыз өзі пикетке шығып та көрген.

Оның ұлы Анатолий Рейбантты 2017 жылдың наурыз айында полиция тоқтатып, Уақытша адаптация және детоксикация орталығына апарған. Оның ата-анасы мен куәгерлер Анатолий Рейбантқа полиция күш қолданды деп санайды.

Осыдан кейін Рейбанттың миы шайқалып, бет сүйегі мен мұрны сынған деген диагноз қойылған. Бірнеше айдан кейін, 4 шілдеде үйінде қайтыс болған. Оны "соққы салдарынан өлді" деп есептейтін анасы полиция қызметкерлерін қылмыстық жауапқа тартқысы келеді.

2021 жылы шілденің ортасында "қылмыс жоқтығына байланысты"» іс кезекті рет тоқтатылған. Тергеуді жүргізген облыстық полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы Анатолий Рейбан өзін өзі жарақаттаған, оның өліміне 2017 жылы 2 наурызда болған оқиғаның қатысы жоқ деген қорытынды шығарған, оған қала прокуратурасы да келіскен. Алайда куәгер Рейбантты қалай ұрып-соққанын көргенін айтады. Егер іс сотқа дейін жетсе ол куәгер болуға дайын.

Осы айда Бас прокуратура Рейбанттың қазасына байланысты қылмыстық іс материалдарын сұратып алып, заңдылығын тексермек болған. Әзірге нәтижесі белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG