Петропавл тұрғыны Ирина Рейбанттың аштық жариялағанына 10 тамызда екі жұмадан асты. 16 күн бойы нәр татпаған кейуананың мұндай қадамға баруына 5 жыл бұрын ұлынан айрылғаны және тергеу амалдарының тоқтап қалғаны себеп болған.
- Тергеу амалдары қайта басталмайынша аштықты жалғастыра беремін. Өз сөзімнен қайтпаймын. Ұлымның өліміне кінәлі адамдар өз жазасын алуы керек, - дейді Ирина Рейбант Азаттық тілшісіне.
Ол ұлының өліміне полиция қызметкерлерін кінәлайды. Ирина Рейбанттың сөзіне қарағанда, 2017 жылы наурыз айында ұлы Ресейге қайтар алдында "сапарын атап өту үшін" досымен бірге қоғамдық орында ішімдік ішкен. Мұны полицейлер көріп қалып, әуелі бөлімшеге, кейіннен Бейімдеу және детоксикация орталығына апарған.
Ирина мен күйеуі Иван Рейбант оқиғаны естіп, орталыққа барған кезде аулада ұлы Анатолийді бес полицейдің ұрып жатқанын көрген. Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросына берген сұхбатында Ирина Рейбант ол сәтті былайша сипаттаған.
"Олар оны шашынан ұстап, басынан ұрып соқты. Аяқ киімді аузына тықты. Ұлым тұрмақ болды, оның қолы қайырылған кісендеулі болды, олар оны бас көтертпей ұрып соқты" деді Ирина Рейбант.
Анатолий Рейбантты ауруханаға жеткізген кезде дәрігерлер оның миының шайқалғанын, мұрнының және бас сүйегінің сынғанын анықтаған.
Осы оқиғадан оқиғадан кейін бірнеше айдан соң 4 шілдеде Анатолий өз үйінде, еденде отырған күйінде қайтыс болған. Сарапшылар Анатолий Рейбант "тыныс жолдары жабылып, тұншығып қайтыс болған" деген қорытындыға келген. Ал анасы бұл сараптамаға сенбей, қайтыс болған ұлының сүйектерін алып қалған. Оның пікірінше, ұлының мерт болуына полицияның қатты ұрып-соғуы ықпал еткен.
– Маған Новосибирскіден адамдар медициналық сараптама жасауға көмектескен. Олар сүйектерді сақтап қою керектігін айтты. Бұл алда тағы сот басталса керек болады. Сүйек қалдықтары 2019 жылдан бері сақталып тұр ,- дейді аштық жариялаған ана.
Ақпаратқа қарағанда, 5 жыл бұрын осы оқиғаға байланысты "қызметтік өкілетін асыра пайдалану" және "өзін өлтіруге итермелеу" баптары бойынша қылмыстық істер қозғалған. Осы уақыт аралығында іс бірнеше рет тоқтап, қайта жалғасқан. Соңғы рет 2021 жылдың 15 шілдесінде тергеу амалдары тоқтатылған.
Дәл сол күні Ирина Рейбант прокуратура алдында аштық жариялаған. Полиция оны сол жерден ұстап әкеткен.
- Мен әкімдікке өзімнің аштық жариялайтынымды айттым. Кейін қалалық прокуратураның алдына барғанда, мені полиция қызметкерлері күшікше сүйреп өздерімен РУВД бөлімшесіне алып кетті. Мені сол жерде 3-4 сағат бойы ұстап отырды, - деді Ирина Рейбант.
10 тамызда Азаттық тілшісі Петропавл қаласы ішкі істер департаментіне "Рейбант ісі "бойынша хабарласып көрді. Ондағылар іс бойынша мәлімет беру үшін бір-екі күн қажет екенін айтты.
Ирина Рейбант 26 шілдеден бастап аштық жариялаған. Енді ол күніне 1 литрға жетпес мөлшерде су ғана ішеді. 16 күн ішінде оның денсаулығы нашарлаған.
- Менің салмағым 72 келі болған. Қазір 58 келімін. Құсқым келеді, тамақ ішкім де келеді. Кейде басым айналып, көзім қарауытып кетеді. Денсаулығым нашарлап жатыр, қатты жүдеп кеттім, өз-өзіме қарауға қорқамын. Ішімде судан басқа еш нәрсе жоқ. Медицина қызметкерлері үйіме келіп жалпы қан анализін алса деймін. Ауруханада қан тапсырсам, маған укол қойып, тамақ ішті деп шығарады. Мен дәрігерлерге де, полиция қызметкерлеріне де сенуден қалдым, - дейді аштық жариялаған ана.
Ол тергеу амалдары қайта жалғасып, әділ шешім шыққанға дейін аштықты тоқтатпайтынын айтады.
– Егер өліп қалсам, мәйітімді прокуратураға апарыңдар деген өтініш айтқым келеді. Прокуратура қызметкерлері мені қандай жағдайға дейін жеткізгенін көрсін. Мен өз сөзімнен айнымаймын, осылай соңына дейін аштық жариялаймын, - дейді Рейбант.
Аштық жариялаған күннен бастап (26 шілде – 10 тамыз) прокуратура, полиция, әкімдік өкілдерінен ешкім келмеген. Қайтыс болған Анатолий Рейбанттың артында жары және екі баласы қалған.
ПІКІРЛЕР