Accessibility links

Атырауда екі полицей адам азаптаған деген күдікпен ұсталған


Полиция көлігі. Көрнекі сурет.
Полиция көлігі. Көрнекі сурет.

Полиция күні мерекесінен кейін Атырау облысы Жылыой аудандық полиция бөлімінің екі қызметкері азаптау қылмысына күдікті ретінде ұсталған. Бұл туралы жергілікті "Ақ жайық" газеті хабарлады.

Басылым дерегінше, полиция қызметкерлері Құлсары ауылында тұратын азаматты "ұрлық жасағанын мойындатпақшы" болып азаптаған деген күдікке ілінген. Жапа шегуші азамат жемқорлықпен күрес қызметіне арызданған. 24 маусым - полиция күні мейрамын атап өткен соң Жылыой аудандық полиция бөлімінің екі қызметкері әлгіндей күдікпен ұсталған. Атырауға жеткізілген екеуі уақытша ұстау изоляторында отыр.

Екеуіне қатысты "Топ болып немесе алдын ала сөз байласып алып азаптау" және "Билiктi немесе лауазым өкiлетiн асыра пайдалану" баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған деп жазады газет.

Атырау облыстық полиция департаменті екі қызметкерінің ұсталғанын растап, қазір бұл оқиғаға байланысты тексеру жүргізіп жатқанын айтқан.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда жыл сайын қамау және тергеу мекемелерінде азапталғанын айтқан азаматтардан шағым көп түсетінін, алайда олардың басым көпшілігі қорлық көргенін ешқашан дәлелдей алмайтынын айтады. Ресми орындар әдетте "азаптау фактісі дәлелденген жоқ" деген жауап қайтарады.

Ресми мәлімет бойынша, 2021 жылдың алғашқы бес айында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестрінде "Азаптау" бабымен 120 құқық бұзу фактісі тіркелген. Бірақ оның бірде-бірі сотқа жеткен жоқ.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы әлемдегі адам құқықтарының жай-күйіне арналған биылғы есебінде Қазақстан абақтылары мен полициясында азаптау қатігездікпен қолданылатынын әрі жауапсыз қалатынын айтқан. Ұйым азаптауға қарсы ұйымдарға сілтеме жасап, елде 2020 жылғы қаңтар-шілде айлары аралығында азаптау байланысты 140 шағым түскенін жазған. Азаптау туралы шағымдардың тек кейбірі ғана сотқа жетеді. Қазақстан билігі былтыр елдегі түрмелерде азаптау фактісі тіркелмеді деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG