Accessibility links

Қазақстандағы қудалау мен азаптауды жазған сайт ашылмай қалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Kuresker.org құқық қорғау сайты Қазақстандағы белсенділерді қудалау, түрмедегі тұтқындарды азаптау жайлы материалдарынан кейін билік сайтты әдейі бұғаттап тастады деп санайды. Шенеуніктер оны жоққа шығарады.

Қазақстан аумағында Kuresker.org құқық қорғау сайты мамыр айының 16-сынан бері ашылмай тұр. Сайтта Қазақстанда азаматтық белсенділерді биліктің жиі қудалайтыны, елде қамау орындарында отырған азаматтардың қысым көріп, азаптауға ұшырағаны туралы бірқатар материал жарияланған болатын.

Ал мамырдың 15-і күні Kuresker.org сайты Ақтөбеде жергілікті белсенді, зейнеткер Серік Оразовтың үйінің ауласында полиция қызметкерімен сөзге келгеннен кейін қайтыс болғаны туралы хабарлаған.

"Ақсақал өзі өлген жоқ, өлтірілді. Оны өлтіргендер — "халқымды қорғаймын, қызмет етемін" деп ант бергендер" деп жазды Kuresker.org. Келесі күні Қазақстан аумағында сайт ашылмай қалды.

Серік Оразовтың жаназасынан кейінгі шағын митингіде тұрған белсенділер. Ақтөбе, 17 мамыр 2020 жыл.
Серік Оразовтың жаназасынан кейінгі шағын митингіде тұрған белсенділер. Ақтөбе, 17 мамыр 2020 жыл.

Өткен жексенбіде Ақтөбеде Серік Оразовты соңғы сапарға шығарып салуға белсенділер көп жиналды. Кеудесін көк лента таққан олар жаназадан кейінгі шағын митингіде "Билік белсенділерді қудалауды тоқтатсын!" деген талап қойды. Ақтөбеде кейінгі төрт жылдан бері үкіметке қарсы акцияларға қатысып, белсенділігімен танылған Серік Оразов тірі болғанда бүгін, мамырдың 19-ы күні 69 жасқа толар еді.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі белсендінің өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі ("Билікті немесе лауазымдық өкілетін асыра пайдалану") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

"БИЛІККЕ ҰНАМАЙТЫН МАТЕРИАЛДАР"

Kuresker.org сайтындағы алғашқы ақпарат наурыздың 16-сы, Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай режимі күшіне енген күні жарияланған. Содан бергі өткен уақыт ішінде сайт биыл ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған белсенді Дулат Ағаділдің өліміне байланысты тергеудің созылып кеткені, Ленгірдегі түрмеде жазасын өтеп жатқан жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаевқа қысым жасалғаны, Шымкенттегі ИС 167/2 мекемесіндегі тұтқындардың жаппай соққыға жығылғанын айтып, олардың туыстары көмек сұрағаны туралы жазды.

Өткен аптада сайт бетінде "жихадшылар ісі" бойынша сотталған алматылық белсенді Кенжебек Әбішевтің, "Тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысу" бабы бойынша айып тағылған ақтөбелік белсенді Роман Рейхерттың, дәл осындай айып тағылған петропавлдық блогер Азамат Байкеновтың істері туралы, сонымен бірге Павлодар облысы Ақсу кентінде тұрғындармен арадағы жанжалға қатысқан қару асынған қарапайым киімдегі белгісіз адамдар туралы ақпараттар жарияланды.

Бұдан өзге Kuresker.org сайты азаматтардың Қазақстан заңдарында көрсетілген құқықтары бұзылып, қысымға ұшырағаны туралы ақпаратты жариялап отыруды мақсат тұтатынын жазады. Сайт Қазақстанда тіркелмеген "Көше партиясының" белсенділері билік тарапынан жиі қысым көріп жатқаны туралы материалдар да жариялаған.

Сот "Көше партиясына" тыйым салды

2020 жылы мамырдың 19-ы күні Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық соты Қазақстанда "Көше партиясының" қызметіне тыйым салу туралы прокуратураның талабын қанағаттандырды. Прокуратура соттан "Көше партиясын" 2018 жылғы наурыздың 13-і күні Есіл аудандық соты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының "атауын өзгерткен түрі" деп тануын және оның қызметіне тыйым салуын сұраған.

Сот шешімінде "ҚДТ/"Көше партиясы" ұйымының қызметіне кез келген түрде қатысуға, идеяларын насихаттауға, ақпараттық материалдарын жариялауға және таратуға, бұл ұйымның атынан кез келген акция өткізуге, оған қаржы жинауға я сыйға тартуға, өзге де қызметтер көрсетуге тыйым салынатыны" айтылған. Бұл шешімді бұзған азаматтар қылмыстық жауапқа тартылады және оларға шартты жаза, қамаудан шартты түрде мерзімінен бұрын босату, жазаны өтеуін кейінге қалдыру және жеңілдету қолданылмайды, рақымшылық пен кешірім жасалмайды деп ескертеді сот.

Қазақстан соты экстремистік деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент 2019 жылғы наурыздағы қарарында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. Бұл қозғалысты 2009 жылдан бері шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. Ол ҚДТ туралы сот шешімнің саяси астары бар деп санайды.

Kuresker.org құқық қорғау сайтының негізін қалаушылардың бірі, қазақстандық бұрынғы саяси тұтқын Владимир Козлов қазір Украинада тұрып жатыр. Козлов сайттың Қазақстан аумағында ашылмай қалуын ондағы материалдармен байланыстырады.

- Ақсуда оқ атқандар, Ақтөбедегі Серік Оразовтың қазасы туралы материалдарда полицияның іс-әрекеті байқалады. Ақсудағы оқиға туралы әлеуметтік желіде тараған видеода көк түсті шолақ жең жейде киген адам "Біздің жерімізге неге келесің?" деп айқайлап, адамдарды арандатады, ол жанындағыларға оқ атуға бұйрық береді. Жергілікті заңгерлер арқылы ол адамның кім екенін анықтадық. Ол туралы материалды жуық арада жариялаймыз, - дейді Козлов.

Владимир Козлов. Алматы, 22 қазан 2018 жыл.
Владимир Козлов. Алматы, 22 қазан 2018 жыл.

Оның пікірінше, ақтөбелік белсенді Серік Оразовқа жергілікті құқық қорғау органдарының "жиі шұқшиып, қудалағаны" баяндалған материалдар да құзырлы орындарды бей-жай қалдырмаған.

- Kuresker.org құқық қорғау сайтының пікірлерді тым ашық әрі тура айтқаны да ашылғанына бір ай болмай жатып бұғатталуына себеп болғанға ұқсайды. Оны бұғаттайтын техникалық мүмкіндік Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінде бар. Олар "Қазақтелеком" құралдары арқылы бұғаттап, ол туралы акционерлік қоғамға хабарламауы да мүмкін, - дейді саясаткер.

Козлов Kuresker.org сайтының бұғатталу себебін сұрап Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, елдегі ірі ұлттық байланыс операторы "Қазақтелеком" компаниясына сауал жолдағанын, бірақ әзірге жауап алмағанын айтады.

"ЕЛДЕН КЕТУГЕ МӘЖБҮР БОЛДЫМ"

2011 жылы желтоқсанда болған Жаңаөзен оқиғасынан соң көп ұзамай Қазақстан билігі тіркелмеген "Алға!" оппозициялық партиясының (сот экстремистік деп танып, тыйым салған) бұрынғы жетекшісі Владимир Козловты қамауға алып, 2012 жылы қазанда "әлеуметтік араздық тудырды" деп айыппен жеті жарым жылға соттаған. 2016 жылы тамызда Алматы облысының Заречный кентіндегі түрмеден мерзімінен бұрын шартты жазамен босап шыққан Козловтың жазасын өтеу мерзімі 2019 жылдың шілдесінде аяқталған. Сол жылы тамызда ол отбасымен Киевке қоныс аударған. Козлов мұндай шешім қабылдауға еріксіз мәжбүр болғанын айтады.

- Құқық қорғау органы өкілдері маған егер аузымды жаппасам, екінші жаза мерзімін алатынымды ескертті. Оның үстіне, Қазақстанда мен сияқты "экстремистерге" өмір сүруге мүмкіндік қалған жоқ, - дейді ол.

Козлов Украинадан саяси баспана сұрағанын, алайда ол елде біржола қалу ойы жоғын айтты.

- Режим ауысқан соң Қазақстанға ораламын, бірақ оған дейін қайтсам, елде мені лагерь күтіп тұр, - дейді ол.

Козлов Қазақстанда түрмеде отырғанда өзі куә болған оқиғалар туралы "Түрме жазбаларын" да Kuresker.org сайтына жариялап тұрады.

"БҰҒАТТАҒАН ЖОҚПЫЗ"

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің өкілі Азаттық тілшісіне "сайттың бұғатталуы - комитеттің құзырындағы мәселе емес" деп жауап берді. Аты-жөнін атағысы келмеген ҰҚК қызметкері Kuresker.org деген сайтты білмейтінін, мұндай мәселемен ақпарат және қоғамдық миниcтрлігі айналысатынын айтты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Айжан Мусинова аталған сайтқа қатысты мәселені жан-жақты тексергенін, бірақ министрлік тарапынан Kuresker.org сайтына шектеу шарасы қолданылмағанын мәлімдеді.

Kuresker.org сайтына байланысты министрлік сот шешімін алған жоқ.

- Заңға қайшы келетін контент болған жағдайда, мысалы, порнографиялық материалдар, экстремизм мен терроризмді, суицид пен есірткіні насихаттайтын болса, ондай сайт бұғаттауға жатады. Ал Kuresker.org сайтына байланысты министрлік сот шешімін алған жоқ, - деді Айжан Мусинова.

"Қазақтелеком" акционерлік қоғамының баспасөз хатшысы да "сайтты бұғаттауға компанияның қатысы жоқ" деп жауап берді.

- Біз ресурстарды бұғаттаумен айналыспаймыз. Оны құзырлы орындар тек сот шешімімен жүзеге асырады, - деді ол.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР МЕН МАМАННЫҢ ПІКІРІ

Құқық қорғаушылар мен техник мамандар Қазақстанда іс жүзінде сайтты бұғаттаған органды табу мүмкін емесін айтады. "Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова Қазақстанда жекелеген сайт емес, интернет тұтас бұғатталып қалған жайттар болғанын еске салады.

- Былтыр мамырдың 9-ы күні елде интернет шектелді. Қазақстандағы сайттардың бұғатталуы қалыпты нәрсеге айналып барады және оны сотқа беріп, техникалық жағынан дәлелдей алмайсың. Кімді сотқа бересің? "Қазақтелеком" немесе ҰҚК-ны берсең, олар "Кешіріңдер, біздің қатысымыз жоқ" дейді. Қазақстан аумағында Fergananews.com сайты да әлі күнге дейін бұғаттаулы тұр, - дейді Гүлмира Біржанова.

Құқық қорғаушы әрі "Internet Freedom" жобасының жетекшісі Елжан Қабышев Қазақстанда сайттарды сот шешімінсіз бұғатту - "дәстүрге" айналғанын айтады. Ол change.org сайтының 2016 жылдан бері ашылмай тұрғанын мысалға келтірді.

- Change.org сайты бойынша ақпарат министрлігіне де, цифрлық даму министрлігіне де, ұлттық қауіпсіздік комитетіне де шағымдандым. Тікелей операторға - "КарТел"-ге де жаздым. Нәтиже болған жоқ. Бұл мемлекеттік органдардың жұмысында ашықтық жоғын көрсетеді. Сондықтан Kuresker.org сайты сот шешімінен тыс бұғатталған бірінші және соңғы сайт емес деп ойлаймын, - дейді Елжан Қабышев.

"Internet Freedom" жобасының программисі Аршын Тайжанов Kuresker.org сайтын зерттеп көріп, пакеттердің сайт серверіне жетпей жоғалатынын анықтағанын айтты. Ол Kuresker.org сайтына кіруге жасалған сұраныс уақытының "Қазақтелеком" серверінен соң ұлғаятынын байқаған.

Интернетті бұғаттау. Ғалымның карикатурасы.
Интернетті бұғаттау. Ғалымның карикатурасы.

- Біз сайтқа кіруге кедергі аномалиясын сараптап, оның себебін түсіндіруді сұрап, ақпарат министрлігіне хат жолдаймыз және олар да әдеттегідей "біздің қатысымыз жоқ" деп жауап береді. Дегенмен кей шағымдарымыздан соң Қазақстанда бұғатталған Киберленинка, SoundCloud, Tumblr тәрізді кей сайттар ашылды. Ал Kuresker.org сайтына қатысты провайдерлер инфрақұрылымына кіру мүмкін болмағандықтан, бұғатталуы туралы тек желідегі түйіндердің арасындағы сигналдардың кідіруі тәрізді қосымша метриктер арқылы ғана бағалай аламыз, - дейді Аршын Тайжанов.

Былтыр Қазақстанда 42 мыңға жуық сайт бұғатталған. Құқық қорғаушылар оның 80 пайызына экстремизм мен терроризмді насихаттау бабы бойынша шектеу қойылғанын, арасында әлеуметтік желілердегі парақшалар мен жеке материалдар да барын айтады.

"Internet Freedom" жобасының мәліметінше, Қазақстанда 2014 жылы - 1300, 2016 жылы - 1150, ал 2019 жылы - 61 сайт сот шешімімен бұғатталған. Былтыр бұғатталған сайттардың дені "әлеуметтік араздық тудырды" деген айыпқа іліккен. Ал құзырлы орындар шешімімен 2016 жылы 31 мың, 2019 жылы - 21267 cайт бұғатталған, оның 17 мыңы - терроризм, діни экстремизмді насихаттағаны үшін шектеуге түскен сайттар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG