Accessibility links

Трансгендер, ҰҚК өкілі және әйелдер түрмесіндегі зорлық ісі


Түрмедегі азаптау мен зорлық ісі бойынша жәбірленуші тұтқын Виктория Берікқожаева сот отырысынан кейін. Өтеген батыр ауылы, Алматы облысы, 6 наурыз 2020 жыл.

Алматы облысы Іле аудандық соты түрмедегі трансгендерді зорлау ісі бойынша айыпкерге үкім шығарды. Жәбірленуші қылмыскерге жеңіл жаза берілді деп есептейді, ал бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитетінде істеген айыпкер үкімді әділетсіз санайды. Құқық қорғаушы бұл іс түрмеде заңдастырылған заңсыздықтарды ашып көрсетіп отыр деген пікірде.

"Бес жарым жылға түрмеге жабылып, майор шенінен айырылсын, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынсын". Іле аудандық соты тұтқынды азаптап, сексуалды сипаттағы зорлық көрсеткен деп айыпталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы қызметкері С.А.-ға осындай үкім шығарды.

Былтыр шілде айында түрмеде әскери шені бар азаматтан зорлық көргенін айтып арыз жазған жәбірленуші, трансгендер Виктория Берікқожаева сот үкімін "жұмсақ" деп бағалайды. Қарауыл Викторияны 6 қазанда өткен соңғы сот отырысына судья үкімді жариялап, оны түсіндіріп жатқан кезде бір-ақ әкелді.

Сот отырысы аяқталған соң Виктория Берікқожаеваның адвокаты Айман Омарова айыпкерге ең төменгі жаза мерзімі берілгенін айтты. Адвокаттың сөзінше, мұндай сот тәжірибесі әдетте айыпкер кінәсін мойындаған кезде қолданылады. Бірақ бұл істе бәрі керісінше: айыпкер өзіне тағылған айыптарды толықтай жоққа шығарып отыр.

Омарова апелляциялық сотта түбегейлі өзгеріс болып, айыпкердің жазасы қысқаруы мүмкін деп санайды. Оның пікірінше, әділ жазаға қол жеткізу үшін әлі біраз күресуге тура келеді.

– Мұндай қылмыс үшін бес жарым жыл – тым аз мерзім. Бұл ақылға сыймайтын, жасалған қылмыстың ауырлығына сәйкес келмейтін жаза. Оның үстіне, айыпкер – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Бұл ҰҚК атына кір келтіреді. Қандай еңбегі үшін оған осындай жаза берілгенін түсіне алмай отырмыз, – дейді адвокат.

– [Оның үстіне] қылмыстың бірнеше рет қайталанғанын ескеру керек, – дейді осы тұста әңгімеге араласқан Берікқожаева.

Виктория Берікқожаеваның адвокаты Айман Омарова.
Виктория Берікқожаеваның адвокаты Айман Омарова.

Айыпкер сот залына келген жоқ. Ол сот процесіне видеобайланыс арқылы қосылды. Сот үкімінен кейін айыпкердің адвокаты Серік Ноғайбаев өз қорғауындағы азамат әділетсіз деп тапқан сот үкіміне шағым беретінін айтты:

– Сот үкімімен келіспейміз. Қылмыс болмағандықтан, сот айыпкерді ақтауы керек еді деп есептейміз.

АРЫЗДАН ҮКІМГЕ ДЕЙІН 14 АЙДАН КӨП УАҚЫТ ӨТКЕН. ҚЫСЫМ ТУРАЛЫ АРЫЗ

Виктория Берікқожаеваның арызы бойынша түрмедегі зорлық туралы қылмыстық іс былтыр жазда қозғалған, ал қазанда күдікті қамауға алынған. Желтоқсанда жәбірленуші тарап тергеу аяқталғаны туралы хабар алғанымен, кейін тергеу ісі қайта жалғасып, сотқа биыл ақпанда бір-ақ жеткен.

Берікқожаева тергеу кезінде өзіне қысым көрсетілгенін, тұтқындар арқылы "арызыңды қайтарып алсаң бостандыққа шығуға көмектесемін" деген "сәлем" алғанын айтқан. Жәбірленуші "қылмыскерді жазаға тарту маңызды" деп тауып, бұл ұсыныстардан бас тартқан.

Тергеу кезінде сол кездегі ҰҚК қызметкері С.А. қарсы түсініктеме берген негізгі куәгер Дина Искакова да өзіне қысым көрсетілгенін айтады. Ол мерзімінен бұрын бостандыққа шығуда кедергілерге тап болған. Биыл Жауғаштыдағы колониядан босап шыққан Искакова ҰҚК-нің бұрынғы қызметкеріне қатысты әділ үкім шығарылды деп есептейді.

– Сот оны ақтап алса, үкімді әділетсіз деп санар едім, – дейді Дина Искакова.

Бұл істе айыпкерді ашық қолдаған жалғыз адам – бұрынғы тұтқын Жанна Өмірова. ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері С.А. 2019 жылы түрмеден босап шыққанға дейін аталған тұтқынның "жетекшісі" болған (Өмірова түрмеде "экстремистік" бап бойынша жазасын өтеген).

– Сот үкімі туралы естігенде қатты қамықтым. Бірақ бұл іске көзқарасым өзгерген жоқ. Ары қарай да [ҰҚК-дағы] жетекшім үшін күресуді жалғастырамын. Ол үшін бір жыл бойы күрестім, ары қарай да күресемін. Өйткені оның кінәсі жоқ деп есептеймін, – дейді Жанна Өмірова.

ТҮРМЕГЕ "ӨЗ ҮЙІНЕ КЕЛГЕНДЕЙ" КІРЕТІН ҰҚК ҚЫЗМЕТКЕРІ

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис әйелдер түрмесінде, оның үстіне ҰҚК қызметкерінің қатысуымен жасалған зорлық пен азаптау туралы істе әр деталь маңызды деп есептейді. Оның айтуынша, процеске қатысушылар мен қоғам айыпкердің кінәсін тереңірек зерттеген сайын мәселенің анық-қанығына жету қиындап барады.

– Осының бәрін талқылап отырып, біз "ІІМ қарайтын, оның үстіне әйелдер отыратын мекемеде ҰҚК қызметкері не істеп жүр?" деген басты сұрақты ұмытып барамыз. Бір күш құрылымында істейтін қызметкер ресми, құқықтық тұрғыдан өзіне бағынбайтын басқа құрылымға қарасты мекемеге қалай кіріп жүр? Өкінішке қарай, бізге мұндай тәжірибе заңды әрі қалыпты нәрсе сияқты көрінеді. Ал шын мәнінде бұл – барып тұрған заңсыздық. Міне, мәселе осында – ҰҚК қызметкері ІІМ мекемесіне қарапайым азаматтармен бірдей тәртіпте ғана кіруі керек. Түрмелерде 174, 256 және 405 сияқты ["экстремистік"] баптар бойынша жазасын өтеп жатқан тұтқындар болса, олармен міндетті түрде ҰҚК-нен келген жетекші жұмыс істеп, "қайта тәрбиелеуі" керек дегенге үйреніп қалғанбыз. Ол жабық мекемеге өз үйіне не шаруа қожалығына келгендей емін-еркін кіріп-шығып, түрмедегі әйелдерге қол астындағы құлдарына қарағандай қарым-қатынас көрсете алады дегенге етіміз үйренген, – дейді Жовтис.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтис.

Жовтистің пікірінше, зорлық үшін жазаны қатаңдату және жекелеген істер бойынша жәбірленуші тараптың жеңіске жетуіне қарамастан, мұндай заңдастырылған заңсыздық алдағы уақытта да тұтқындарға, әсіресе, әйел тұтқындарға қарсы жасалатын қылмысқа жол ашады. Арнаулы қызмет өкілі тарапынан жасалатын зорлыққа қарсы күрестің басты шарты – (қылмыскерді жазасыз қалдырмау туралы жалпы ережеге қоса) қылмыстық-атқару жүйесін ІІМ құрамынан шығарып, азаматтық ведомствоның қарауына беру.

Қазақстандық және шетелдік құқық қорғаушылар түрме жүйесіндегі жағдайды жүйелі түрде сынап келеді. Былтыр наурызда АҚШ мемлекеттік департаменті жариялаған әлемдегі адам құқықтарының ахуалы жайлы есебінде Қазақстан колонияларындағы жағдай қатаң екені, ал тұтқындар нашар қарым-қатынасқа жиі ұшырайтыны жазылған.

Құқық қорғаушылар Қазақстанда лесбий, гей, бисексуал мен трансгендер (ЛГБТ) қауымы өкілдерінің құқығы жиі бұзылатынына да назар аударып жүр. Былтыр наурызда Еуропарламент Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайы туралы қарар қабылдап, ЛГБТ өкілдерінің дискриминация мен көпшіліктің теріс көзқарасына жиі тап болатынын жазған. ЛГБТ қауымының құқығы үшін күресіп жүрген белсенділер Қазақстанда ЛГБТ өкілдері қудалау, моральдық және физикалық зорлық, әлеуметтік оқшаулау мен агрессивті сын сияқты қиындықтарға кезігетінін айтады.

Тергеу мен сот процесі кезінде Алматы облысындағы әйелдер колониясынан Алматы шетіндегі тергеу изоляторына ауыстырылған Виктория Берікқожаева 1 қазанда Жауғашты ауылындағы түрмеге жіберілді. Ол осыған дейін колонияға оралуға қорқатынын, өйткені жүйе өзіне трансгендер адамдарға дұрыс қарамайтын тұтқындарды айдап салу арқылы кек қайтаруға тырысатынын айтқан.

– Жеке басыма төнген қауіпке байланысты уақытша тергеу изоляторынан түрмеге қайтуға қорқамын. Бұған негіз бар. Куәгерлерден түсініктеме алған кезде олардың бірі мені білмейтінін, бірақ бәрібір ұнатпайтынын айтқан, – дейді сот процесі кезінде Азаттыққа пікір берген Берікқожаева.

Виктория Берікқожаеваның жеті жылдық түрме жазасы 2023 жылы тамызда аяқталуы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG