Мәскеу Орталық Азиядан АҚШ әскерін көргісі келмейді. - Егер Орталық Азияда АҚШ әскері жүрсе, онда бұл аймақ шабуыл нысанасына айналады,- деп мәлімдеді Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
24 тамызда Будапешт қаласында Венгрия Сыртқы істер министрімен келіссөзден кейін журналистер алдына шыққан Лавров Ресейдің Ұжымдық қауіпсіздік шарты келісімі бойынша Орталық Азиядағы постсоветтік республикалармен "ортақ қауіпсіздік кеңістігі" бар екенін еске салды. Аталған әскери альянсқа Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Армения, Беларусь және Ресей кіреді.
Лавровтың сөзінше, Ауғанстан босқындарын бұл аймаққа орналастыру туралы АҚШ-тың ұсынысы Орталық Азиядағы тұрақтылыққа қатер төндіреді.
Ресей Сыртқы істер министрі Орталық Азия елдері АҚШ әскерін орналастыруға келісе қалса, сол сәттен бастап-ақ шабуыл нысанасына айналады" деп санайды.
Лавровтың айтуынша, Ресей Қытай, АҚШ және Пәкістанмен бірге Ауғанстандағы қазіргі дағдарысты реттеуге қатысуға дайын.
15 тамызда тәліптер Кабулды соғыссыз алған соң, Ауғанстанда толық бақылау орнатқанын жариялаған. Оған дейін Ауғанстан президенті Ашраф Ғани шетелге шығып кеткен.
ПІКІРЛЕР