Accessibility links

Жамбылдағы жарылыстың хроникасы

26 тамыз кешкісін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы 28349 әскери бөлімі аумағындағы оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Жұма күні билік жарылыстан 13 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккенін, үш кісінің хабар-ошарсыз кеткенін хабарлады. Азаттық сұрағына жауабына Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев отставкаға кететіні туралы өтініш беретінін мәлімдеді. Жарылыс хроникасы.


Жамбыл облысындағы жарылыс деп тараған видеодан скриншот.
15:14 29.8.2021

Жамбыл облысындағы әскери қоймада тағы бір жарылыс болды

29 тамыз күні Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы өртенген әскери қоймада тағы жарылыс болды. Зардап шеккендер жоқ. Бұл туралы Қазақстан қорғаныс министрлігі хабарлады.

"26 тамызда өрт шыққан инженерлік оқ-дәрілер қоймасының аумағында бүгін, 29 тамызда сағат 12.20 шамасында тарс еткен жалын орын алды. Оқиға орнында зардап шеккендер жоқ, адамдар болмаған. Себептері анықталуда" делінген министрлік баспасөз хабарламасында.

15:13 29.8.2021

Тоқаев Жамбыл облысындағы жарылыста қаза тапқандарды марапаттады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқан қызметкерлерге түрлі дәрежеде марапат табыстады. Бұл туралы Akorda.kz сайтында жарияланған қаулыдан білуге болады.

Президент Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа "қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін" "Халық қаһарманы" атағын, "Алтын жұлдыз" белгісі мен "Отан" орденін тапсыруды бұйырды.

Тоқаев тағы бір қаулысымен Бас әскери прокуратураның Оңтүстік аймақ әскери прокуроры Арман Қапезов пен Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жедел кезекшісі Александр Микропулоға I дәрежелі "Айбын" орденін тағайындады.

Бұдан бөлек қорғаныс министрлігінің қызметкерлері Оразбек Дәлібаевқа, Руслан Жанболатовқа, Марат Мешінбайға, Еркін Нәдірбековке; Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері Елдос Сандыбаевқа, Арнұр Темірболатовқа және Тәңірберген Төребековке III дәрежелі "Айбын" ордені берілді.

15:13 29.8.2021

Қазақстанда Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқандарды аза тұтып жатыр

Алматы түбінде жолаушы ұшағы құлағанда адамдар әуежай терминалы алдында гүл шоғын қойды. 2019 жыл.
Алматы түбінде жолаушы ұшағы құлағанда адамдар әуежай терминалы алдында гүл шоғын қойды. 2019 жыл.

Жексенбі, 29 тамыз – Қазақстанда Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыстан қаза тапқандарды аза тұту күні. Төтен жағдай салдарынан 13 адам мерт болды. Олардың арасында төтенше жағдай министрлігінің, әскери бөлімнің және әскериленген күзет пен әскери прокуратураның қызметкерлері бар. Үш адамның кім екені әлі анықталмады. Бұдан бөлек, үш адам із-түссіз жоғалған. Ондаған адам жарақат алған. Дәрігерлер ауруханаға түскендердің кейбірінде күйік шалу деңгейі жоғары екенін, олардың ауыр хәлде жатқанын айтады.

Жексенбі күні мемлекеттік ғимараттарда, шетелдегі дипөкілдіктерде Қазақстан туы түсірілген, көңіл көтеру шаралары өтпейді, радиолар мен телеарналарда көңіл көтеру бағдарламалары мен жарнама эфирге шықпайды.

Қазақстанның президент әкімшілігі жексенбі күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына мемлекет басшыларынан, халықаралық ұйымдардан көңіл айту жеделхаттары түсіп жатқанын хабарлады. Көңіл айтушылар қатарында Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Армения басшылары және Шанхай ынтымақтастық одағы мен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің басшылары бар.

"Жеделхаттарда қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қолдау білдірген. Сонымен қатар жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуін тілеген" делінген Ақорда баспасөз хабарламасында.

15:12 29.8.2021

Жамбыл облысындағы жарылыста мерт болған 13-адам табылды

Жамбыл облысындағы әскери қоймада жарылыс пен өрт болған жерден қаза тапқан тағы бір адам табылған. Бұл туралы 28 тамыз күні Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.

Марқұмның кім екені анықталып жатыр. Төтенше оқиға болған кезде хабарсыз кеткен үш адамның тағдыры әзірше белгісіз.

26 тамыз күні кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жарылыс пен өрт салдарынан қаза тапқандар саны 13 адамға жетті. Олардың арасында үш адамның кім екені әзірше анықталған жоқ деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG