Accessibility links

Білім министрлігі биылғы оқу процесі қалай болатынын түсіндірді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда карантин талаптары күшейіп, коронаирус жұқтырғандар саны артқанына қарамастан мектеп пен жоғары оқу орындары қалыпты жағдайда оқуға оралады. Бұл туралы 27 тамызда білім және ғылым министрлігі өкілдері мәлімдеді.

- Биыл Қазақстанда 7 мыңнан астам мектеп 3,6 миллион оқушыны қабылдауға дайын. Оның 308 мыңы – бірінші сынып оқушылары. Пандемияға байланысты бір сыныпта оқитын бала саны 25-тен аспайды. Кейбір пәндер қашықтан оқытылуы мүмкін, оны әр мектеп өзі анықтайды. Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болған балаларға қашықтан оқуға мүмкіндік жасалады, - деді вице-министр Шолпан Каринова баспасөз мәслихатында.

Қаринованың айтуынша, үш ауысымдағы мектептерде де оқу штаттық режимде жүреді, оқу графигі өзгермелі болады, негізгі пәндерден басқасы қашықтан оқылады.

Министрліктің мәліметінше, мектеп пен жоғары оқу орындары "Ашық" бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін болады. Жоғары оқу орындарында 3-4 курс студенттері сабақты 1 қыркүйекте бастаса, 1-2 курс студенттері мен магистранттар оқуды қыркүйек айы ішінде бірақ 30 қыркүйектен кешіктірмей бастай алады және сабақ қажеттілікке қарай аралас форматта жүреді. Маска режимі, антисептиктерді қолдану, температураны өлшеу талаптары сақталады.

- Мектептер мен жоғары оқу орындарында әр сыныпқа, топтарға бір сынып, бір аудиторияны белгілеуге тырысамыз. Жоғары оқу орындарында студенттер арасында вакцина алу маңыздылығы жайлы түсініктеме жүргізіледі. Бірақ олардан ПТР тесті талап етілмейді. "Ашық" бағдарламасы арқылы жасыл немесе көк статусы бар студенттер оқуға кіргізіледі, - деді министрлік өкілдері.

Вице-министр Қуаныш Ерғалиев вакцина алған студенттерге оқу бағасына, жатақхана құнына жеңілдік берілетінін де айтты.

Қазақстан мектептер мен университеттердің басым бөлігі коронавирус пандемиясына байланысты 2020 жылдың наурызынан бері онлайн оқып келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG