Accessibility links

Ресейде шілде айында COVID-19 жұқтырған 50 мың адам өлген


Ресейдегі коронавирус жұқтырғандарды емдейтін аурухана дәрігерлері мен науқас. Көрнекі сурет.
Ресейдегі коронавирус жұқтырғандарды емдейтін аурухана дәрігерлері мен науқас. Көрнекі сурет.

Шілде айында Ресейде коронавирус инфекциясын жұқтырған 50 мыңнан астам адам қайтыс болған деп хабарлады Росстат. Бұл қаңтардан бергі кезеңдегі ең жоғары айлық көрсеткіш. Қаңтар айында 37 мыңнан астам адам қайтыс болған еді.

Шілдедегі өлім-жітімнің 39 мыңға жуығына негізгі себеп COVID-19 болса, қаңтарда бұл көрсеткіш 21 мыңға тең болған.

Бұған дейін Ресей вице-премьері Татьяна Голикова науқастардың көбеюін коронавирустың «дельта» вариантының пайда болуымен байланыстырған.

Маусым айынан бастап Ресей аймақтарының жартысынан көбі азаматтардың жекелеген тобын міндетті вакциналау тәртібін енгізді.

Ресейде вакцина салу науқаны былтыр желтоқсанда басталған, бірақ ол баяу қарқынмен жүріп жатыр. Кейінгі мәлімет бойынша, елде халықтың ширек бөлігі ғана толық вакцина алса, 30 пайызы екпенің бірінші дозасын алған.

Дертпен күрес жөніндегі жедел штабтың ресми мәліметіне сәйкес, Ресейде індет басталғалы бері алты жарым миллионнан астам адам COVID-19 жұқтырып ауырған. Дәл осы мәліметте 180 мыңнан астам науқас қайтыс болғаны көрсетілген. Росстат дерегіне қарағанда, коронавирус жұқтырған науқастардың өлімі шамамен екі есе көп (атап айтқанда, шілдеде жедел штабта тәулігіне орташа есеппен 700-800 өлім тіркелсе, Росстат мәліметі бойынша өлім-жітім тәулігіне 1,500-ден асуы керек еді). Көптеген сарапшылар артық өлім-жітім деп аталатын деректерге сүйене отырып, шындығында ол әлгінде келтірілген деректен де көп деп санайды.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметіне сай, әлемде 215 млн-нан астам адамға коронавирус жұғып, 4,4 млн-нан астам адам қайтыс болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG