Accessibility links

Пентагон: АҚШ-тың қарымта шабуылында "Ислам мемлекетіне" мүше тағы бір адамның көзі жойылған


Кабулдағы жанкешті шабуылы болған жер.
Кабулдағы жанкешті шабуылы болған жер.

Ауғанстанның шығысында АҚШ әскери дроны "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының екі адамын атып, көзін жойды. Бұл туралы 28 тамыз күні АҚШ-тың әскери шенеуніктері мәлімдеді. Бұл шабуыл ауған азаматтарын эвакуациялау кезінде Кабул әуежайы түбінде болған жарылысқа жауап ретінде жасалды.

Ауғанстанның шығысындағы Нангархар уәлаятындағы әскери операция кезінде әуежай сыртындағы жарылысты "жоспарлаушы" және "ұйымдастырушы" екі адам мерт болды деді АҚШ генерал майоры Хэнк Тейлор баспасөз мәслихатында. Оның сөзінше, "Ислам мемлекеті" ұйымының тағы бір мүшесі жараланған, бейбіт тұрғындар арасында ешкім жарақат алмаған.

"Бізде осы шабуылды жасауға мүмкіндік берген барлау болды" деді Тейлор өзге деректерді нақтыламай.

26 тамыз күні Кабул әуежайының қақпасында, ішке кіргісі келген ауған азаматтары жиналған жерде жанкешті шабуылынан 170 ауған азаматы, 13 америкалық сарбаз қаза тапты. Жарылысты "Ислам мемлекеті" ұйымының "Хорасан уәлаяты" тобы мойнына алды.

Осының алдында АҚШ әскери билігі шабуыл кезінде нысанаға дәл осы Хорасан тобының адамдарын алғанын айтқан.

Әуежайдағы жарылыстан кейін АҚШ президенті Джо Байден экстремистік топтан кек алуға уәде берген.

"Кешірмейміз. Ұмытпаймыз. Аңдып жүріп ұстап аламыз, жауап бергіземіз" деді Байден 26 тамызда.

27 тамыз күні АҚШ әскери билігі Кабул әуежайында 31 тамызға дейін аяқталуы тиіс эвакуация операциясына әлі де қауіп төніп тұрғанын айтты.

"Алдағы талпыныстарды күтіп отырмыз және оған дайынбыз" деді Пентагон өкілі Джон Кирби журналистерге.

Ақ үй өкілі Джен Псаки 27 тамызда сөйлеген сөзінде, АҚШ ұлттық қауіпсіздік сарапшылары тағы бір "шабуыл болуы ықтимал" екенін және алдағы бірнеше күн "осы кезге дейінгі ең қауіпті кезең" болатынын баса айтты.

НАТО-ға мүше одақтас елдердің тағы бірнешеуі Ауғанстандағы операциясын аяқтады. ИМ шабуылынан соң, АҚШ жетекшілік ететін адамдарды эвакуациялау миссиясы ақырғы кезеңіне аяқ басты. Өз азаматтары мен ауған азаматтарын Кабулдан ұшақпен тасымалдауға қатысқан 20-дан астам одақтас елдің көпшілігі 27 тамызға дейін эвакуацияны аяқтағаны жайлы хабардар еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG