Accessibility links

Қазақстанда коронавирустан тағы 157 адам қайтыс болды


Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін орталық қызметкерлері. 6 тамыз 2021 жыл.
Нұр-Сұлтан қаласындағы коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін орталық қызметкерлері. 6 тамыз 2021 жыл.

Қазақстанда 27 тамыз күні коронавирус жұқтырған 157 кісінің өлімі тіркелді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Коронавирус инфекциясы қайтыс болғандардың 135-інен анықталған (КВИ+). Қалған 22 адамда ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен, оларға ауру белгілеріне қарай "ковидтектес пневмония" (КВИ-) диагнозы қойылған.

КВИ+ санаты бойынша, Алматы қаласында 33 адам, Қарағанды облысында 22, Шымкентте 16, Маңғыстау облысында 12, Атырау облысында 11, Нұр-Сұлтанда 9 адам көз жұмған.

Ресми дерек бойынша, індет басталғалы елде 779 927 адамның анализінен коронавирус инфекциясы анықталса, соның 9118-і қайтыс болған. Бірақ билік бұған коронавирус жұқтырғаны расталған 2633 кісінің өлімін қоспай отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, бұл адамдарда коронавирус "жанама әсер" болған. Бірақ министрліктің өзі бұл азаматтардың көбі қанайналым жүйесі ауруларынан қайтыс болғанын айтады. Ал ДДСҰ мұндай аурулардың коронавируспен себеп-салдарлық байланысы барын айтады.

Үкімет "ковидтектес пневмония" есебін былтыр 1 тамызда ғана бастады. Содан бері пневмонияның бұл түрімен 69 630 адам тіркеліп, оның 4386-сы көз жұмған.

Екі есепті қоса алғанда, Қазақстанда кейінгі айда күн сайын 6-8 мың науқас тіркеліп келеді. Денсаулық сақтау министрлігі мұны жұқпалығы жоғары "дельта" вариантымен байланыстырады. Алғаш рет Үндістанда анықталған бұл вариант Қазақстанда маусымның соңында тіркелген.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәл қазір коронавирустан 115 мыңнан астам адам емделіп жатыр. Оның 25,7 мыңы емді стационарды алып отыр. 1796 науқастың жағдайы ауыр, 493 науқастың жағдайы өте ауыр, 237 науқас өкпені желдету аппаратына қосылған.

Коронавирустың "дельта" варианты жұқпалығы жоғары болумен қатар адамды ауыр халге жылдам түсіретінімен де ерекшеленеді. Бірақ зерттеулер қазіргі вакциналардың бұл варианттан да қорғайтынын көрсетіп отыр.

Вакциналау науқанын 1 ақпанда бастаған Қазақстанда 5,3 миллион адам екпені толық алған. Бұдан бөлек 1,3 миллион адам бірінші дозаны алып, екіншісін күтіп отыр. 19 миллион халқы бар Қазақстанда үкімет кәмелетке толған 10 миллион адамға вакцина салуды көздеп отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG