Accessibility links

Паралимпиада: Тағы бір қазақ дзюдошысы финалға шықты


Паралимпиада ойындарының ашылу рәсімі.
Паралимпиада ойындарының ашылу рәсімі.

Токиода өтіп жатқан паралимпиада ойындарында қазақстандық дзюдошы Зарина Байбатина финалға өтті. Бұл туралы Халықаралық олимпиада комитетінің сайтында хабарланды.

+70 келі салмағында өнер көрсетіп жатқан Байбатина 29 тамыз күні ширек финалда Моңғолия балуанын, жартылай финалда Италия дзюдошысын жеңді. Финалда ол әзербайжан дзюдошысы Дурсадаф Каримовамен күреседі.

Ерлер арасында 90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жанбота Аманжол түстен кейінгі сессияда қол жүлде үшін күреседі. Жарыс жолын жеңіспен бастаған ол ширек финалда украин балуанынан жеңіліп қалды. Жұбаныш белдесуінде Аманжол өзбек дзюдошысы Шухрат Бобоевты иппон әдісімен жеңіп кетіп, қол жүлде үшін күреске жолдама алды. Енді ол француз балуанымен күреседі. Жеңсе, қола медаль алады.

Қазақстан құрамасы паралимпиада ойынында осымен төртінші медальге қол жеткізіп отыр. Мұның алдында пара дзюдошылар Теміржан Дәулет пен Әнуар Сариев күміс жүлдегер, ауыр атлет Давид Дегтярев пауэрлифтингтен чемпион атанған.

Қазір жалпыкомандалық есепте Қазақстан 28-орында тұр.

  • Қазақстан жазғы паралимпиада ойындарына 1996 жылдан бері қатысып келеді. 2016 жылға дейінгі паралимпиадаларда жүлде иеленбеген еді. 2016 жылы Риода өткен паралимпиадада бір алтын, бір күміс медальмен жалпы есепте 58-орын алған. Рио паралимпиадасында жүзуден Зүлфия Ғабидулина чемпион атанса, пауэрлифтингтен Раушан Қойшыбаева күміс медаль иеленген.
  • Ғабидулина мен Қойшыбаева да Токио паралимпиадасына қатысты. Ғабидулина финалға шыға алмады, ал Қойшыбаева 4-орын алды.
  • Токиодағы паралимпиада 5 қыркүйекте аяқталады. Жарысқа Қазақстаннан 25 паралимпиадашы қатысып жатыр. Бұл дода 2020 жылы өтуі тиіс еді, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты биылға шегерілген.
  • Токио паралимпиадасы алдында өткен олимпиада ойындарында Қазақстан алтынсыз қалып, тек 8 қола медаль иеленген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG