Accessibility links

"Ислам мемлекеті" Кабул әуежайына жасалған ракета шабуылын мойнына алды


"Талибан" содырлары ракета шабуылынан бүлінген көліктің жанында тұр. Кабул, 30 тамыз 2021 жыл.
"Талибан" содырлары ракета шабуылынан бүлінген көліктің жанында тұр. Кабул, 30 тамыз 2021 жыл.

"Ислам мемлекеті" террористік ұйымы Кабул әуежайына жасалған ракета шабуылын мойнына алды. 30 тамызда АҚШ әскерилері Кабул әуежайына атылған кемі бес ракетаны зымыраннан қорғану жүйесі атып түсіргенін хабарлаған. Сол күні кешкісін "ИМ" террористік тобы Телеграмдағы каналында Кабул аэропортына алты "Катюша" зымыраны атылғанын айтты.

30 тамыздағы зымыран шабуылынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жайлы ақпарат жоқ.

Ракета АҚШ Ауғанстанда қалған азаматтарын эвакуациялау операциясының соңғы сағаттарында атылды. Ауғанстанда билікті басып алған "Талибан" қозғалысының (Қазақстан мен бірқатар елде террористік ұйым деп танылған) талабына сай, АҚШ 31 тамызға дейін Ауғанстандағы күштерін түгел әкетуі тиіс.

26 тамызда Кабул әуежайының маңында екі жойқын жарылыс болып, 170-тен аса адам қаза тапқан. Мерт болғандардың арасында АҚШ әскерилері де бар. Бұл шабуылды да "Ислам мемлекетінің" Хорасан тобы мойнына алған еді.

Осыдан соң Америка "Ислам мемлекеті" тобына екі рет дрон шабуылын жасап, бірнеше содырды өлтіргенін хабарлаған.

15 тамызда тәліптер Кабулды алған соң АҚШ 117 мыңнан астам шетелдік пен ауғанды Ауғанстаннан әкеткенін мәлімдеді. Ресми Вашингтон Кабул әуежайындағы эвакуацияға "көп кедергі жасалып жатқанын", бұл операция аяқталғанға дейін шабуыл қаупі көп екенін ескертті. АҚШ президенті Джо Байден эвакуацияның соңғы сағаттары "өте қауіпті болуы мүмкін" дейді.

30 тамыздағы ракета шабуылынан кейін Кабул тұрғындары көшелер мен үйлерінің маңынан зымыран сынықтарын көргенін айтқан. Куәгерлер Associated Press агенттігіне Кабул әуежайының маңындағы аудандарға түскенін, кейін атыс болғанын жеткізген.

29 тамызда АҚШ әскерилері Кабулда дрон шабуылымен "Ислам мемлекеті – Хорасан" тобына тиесілі көлікті жойғанын, бұл көлікпен террорлық шабуыл жоспарланғанын мәлімдеді. Ал "Талибан" өкілдері бұл шабуылдан қарапайым тұрғындар қаза болғанын айтты. Tolo news агенттігін, әуе шабуылынан соң кемі 10 тұрғын қаза тапқанын, мерт болғандардың арасында балалар да барын хабарлады.

АҚШ әскерилері бұл ақпаратты тексеретіндерін мәлімдеді.

"Көліктерді жойған кезде көліктердің ішінде жасырылған жарылғыш заттар жарылған. Осы жарылыстан тұрғындар қаза болуы мүмкін. Қазірше не болғаны белгісіз, біз тексеріп жатырмыз" деді АҚШ-тың орталық әскери бөлімі.

Тәліптер Ауғанстандағы билікті өз қолына алған соң инклюзивті үкімет құруға уәде берген. "Талибан" 1996-2001 жылдары Ауғанстанда билік құрған тұста шариғат заңына сүйеніп, әйелдердің жұмыс істеуіне, білім алуына шектеу қойған. Ер адамдарды сақал өсіруге міндеттеген. Өлім жазасы, адамның қолын кесу сынды жазалар қолданған.

Қазір тәліптер әйелдердің білім алуына, жұмыс істеуіне мүмкіндік беретінін айтады, бірақ әйелдердің киімі ислам заңына сай келу керек деп талап етеді. Алайда ауған жұрты тәліптердің сөзіне күмәнмен қарайды.

"Талибан" өкілдерінің агенттіктерге айтуынша, тәліптер 31 тамыздан соң жиналып, Ауғанстанның болашақ үкіметінің жағдайын талқылайды.

Дарға асу, қол кесу, бурка кию. Жұрт тәліптерден неге қорқады?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:11 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG