Бүгін Жанболат Мамайдың қорғаушысы Ерлан Қалиев "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің үстінен қылмыстық іс қозғауды талап етіп, Алматы прокуратурасына шағым түсірді.
- Бауыржан Байбек туралы фильмде оның Алматы әкімі кезінде жасаған істерінде қылмыс бар екені дәлелді көрсетілді. Осыдан кейін жемқорлықпен күрес қызметі деректі фильмдегі мәліметтерді тексеруге бірден кірісуі тиіс еді. Әлі күнге дейін тексермегендіктен арыз түсіруге мәбүр болып отырмыз,- дейді Ерлан Қалиев.
Жанболат Мамайдың сөзінше, Бауыржан Байбектің "іскерлік беделіме нұқсан келтірді, ар-намысыма тиді" деген арызы бойынша істі қараған сот фильмдегі мәліметтердің рас-өтірігін тексеруді құқық қорғау органдарына жүктемеген.
- Бауыржан Байбек Алматы әкімі болып тұрғанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіе тиесілі жердің бір бөлігін әкімдікке алғаны, бірақ бастапқы уәдеде айтылғандай ештеңе салынбағаны, қаладағы басқа да бағалы жерлердің заңсыз жолдармен жекеге өткені, әкімдікке қарайтын автопарктің жолаушылар автобустарын асыра бағалапы сатып алғаны анық дәлелденген фактілер, бұл жөнінде қылмыстық іс қозғалуы тиіс,- дейді ол.
Биыл көктемде Жанболат Мамай Youtube-тегі "Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан" арнасында "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін берді", "пара алды", "көмір мафиясын құрды" және Алматыдағы ЖЭС-2-ні "газға көшіруді кешеуілдетті", "адам құқықтарын бұзды" деп айыптаған.
Бауыржан Байбектің заңгері бұл сөздер "нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдеуі тиіс" деп сотқа шағымданған.
15 маусымда Алматының Әуезов аудандық №2 сотында "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен саяси белсенді Жанболат Мамай арасындағы дауға байланысты сот шешімі оқыды. Сот Жанболат Мамайды шенеунік жайлы шығарған фильмді өшіруге міндеттеді. Судья Байбекті жемқорлық жасады деп айыптаған фильмдегі мәліметтер шындыққа жанаспайды деп тапты. Осылайша Байбектің шағымы толық қанағаттандырылған.
Судья Райхан Сартаева сот шешімін шығарғанда талапкер және жауапкер тарап ұсынған құжаттарды "толық зерттегенін" айтқан.
Сот Жанболат Мамайды 860 мың теңге көлемінде сот шығынын және психологиялық-лингвистикалық сараптама үшін 75 мың теңге төлеуге міндеттеген.
Жанболат Мамай жақтастары таяуда көшеге шығып, "халықтан Бауыржан Байбекке садақа беруді" сұраған. Бұл әрекеттерін сот шешімін заңсыз деп санайтынымен түсіндірген. Байбекке "садақа" сұраушы белсенділерге бір топ белгісіз адамдар қарсы ұрандатып келіп, садақа жәшігін тарып әкеткен. Жанболат Мамай жақтастары онларды биліктің жіберген адамдары деп атаған.
Жанболат Мамай "садақа жинау" науқанынан кейін сот міндеттеген ақша төленгенін, бірақ видеоны өшірмейтінін айтты.
ПІКІРЛЕР