Accessibility links

Түркістан облысында журналист Батырбековтің жазбаларына байланысты қылмыстық іс қозғалды


Журналист Амангелді Батырбеков.
Журналист Амангелді Батырбеков.

Түркістан облыстық полиция департаменті облыстық соттың үш судьясының арызынан кейін "Сарыағаш-инфо" газетінің редакторы Амангелді Батырбековтің Facebook парақшасында жариялаған жазбаларына байланысты қылмыстық іс қозғады. Судьялар өз арызында журналист әлеуметтік желі арқылы жала жапты дейді. Батырбеков іс бойынша қорғануға құқығы бар куә ретінде тергеліп жатыр.

Полиция департаментінің мәліметінше, іс қылмыстық кодекстің 411-бабымен ("Судьяға, алқабиге, прокурорға, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға, сарапшыға, сот приставына, сот орындаушысына қатысты жала жабу") қозғалған. Сараптама тағайындалып, тергеу басталған.

Батырбеков арызданып отырған судьялар Айдос Сұлтанов, Талғат Оңғарбаев, Бүркіт Байдуллаев туралы жазбаларын 13 шілде және 6 тамыз күндері жариялағанын айтады.

– Судья Оңғарбаев пен Байдуллаев сараптама қорытындысы Ләйла Дарханбаева мен Гүлшан Артықбаеваның әлеуметтік желі арқылы мені қорлағанын растап тұрса да, оларды ақтап шықты. Сол туралы жазба жаздым. Арызбен келіспеймін, – дейді ол.

Түркістан облыстық сотының судьялары Оңғарбаев, Байдәулетов және Сұлтановтан пікір алу мүмкін болмады.

2020 жылы Батырбековтің үстінен бірнеше рет "жала жабу" және "қорлау" бабымен іс қозғалып, журналист ақталып шыққан. Ол кезде де істің қозғалуына Батырбековтің әлеуметтік желідегі жазбасы себеп болған.

2019 жылы Түркістан облысы Келес аудандық білім бөлімінің бастығы Бақтияр Әбдиев "ар-намысыма тиіп, қорлады" деп Батырбековті сотқа берген. Бұл үшін Сарыағаш аудандық соты Батырбековті 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырғанымен, Түркістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, журналисті ақтаған.

2020 жылы Амангелді Батырбековтің өзі өзге бір журналист Әсет Әссәндиді "жала жапты", "қорлады" деп сотқа берген. Бірақ санаулы айдан соң Шымкент сот Батырбековтың шағымын қарауды тоқтатқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG