1 қыркүйекте Душанбедегі АҚШ елшілігі тәжік-ауған-өзбек шекарасындағы шекара жасақтарына арнап құрылыс салатын жоспары бар екенін айтты. Кейінгі айда "Талибан" қозғалысы бақылау орнатқалы Ауғанстанның Орталық Азиядағы постсоветтік елдермен шекарасындағы жағдайы шиеленісе бастаған.
Елшілік мәлімдемесіне қарағанда, 2022 жылдың басында құрылыс іргетасы құйылады. "Жаңа құрылыс Шахритустағы шекара қызметіне аз уақытта жаңа жасақ қосуға мүмкіндік береді", — дейді елшілік.
Құрылыс шекарашылар мен олардың отбасыларына арналған.
Ауғанстандағы жағдайға байланысты онымен шектесетін Орталық Азия республикаларының шекараларына қауіп төнуі ықтимал, "Талибан" билігінен сескенген мыңдаған босқын шекараға ағылуы мүмкін деген болжам бар.
"АҚШ пен Тәжікстан қауіпсіздік саласы бойынша тығыз ынтымақтастық орнаған. Бұл жоба соның бір ғана көрінісі", — дейді АҚШ елшісі Джон Поммершайм.
Дипмиссияның мәліметіне қарағанда, 2002 жылдан бері АҚШ қауіпсіздік саласы бойынша Тәжікстанға 300 миллион доллардан астам көмек берген.
Тәжікстан мен Қырғызстанға әскери база орналастырған Ресей Мәскеудің Орталық Азиядағы одақтастарын Ауғанстаннан төнетін қауіптен қорғауға уәде берген.
ПІКІРЛЕР