Accessibility links

Жетібайда "Techno Trading LTD" жұмысшылары 7 күннен бері ереуілдеп тұр


"Techno Trading LTD" компаниясының жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілдетіп отыр. Жетібай кенті, Маңғыстау облысы. 2 қыркүйек, 2021 жыл.
"Techno Trading LTD" компаниясының жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етіп, ереуілдетіп отыр. Жетібай кенті, Маңғыстау облысы. 2 қыркүйек, 2021 жыл.

Маңғыстау облысы Жетібай кенішінде мұнай құбырларын жуып-тазалайтын, жөндеу жұмыстарын жасайтын "Techno Trading LTD" компаниясының 200-ге тарта жұмысшысы 27 тамыздан бері жұмысқа шықпай, ереуілдетіп тұр. Бұл туралы Азаттыққа "Techno Trading LTD" мекемесі жұмысшысы Айбек Тәжіғалиев хабарлады.

- Біз айлығымызды 300 мың теңгеге көтеруді, Мұнайшылар күні, Тәуелсіздік күні, Наурыз мерекелері қарсаңында жалақымызға 30 айлық есептік көрсеткішке (шамамен 87 мың теңге) тең сыйақы беруді, сауықтыруға ақша төлеуді сұрап тұрмыз. Осы уақытқа дейін аз айлық алып келдік. Бізде ең төменгі айлық 80-90 мың теңгені еден жуушылар алады, ал операторлар алатыны 130-140 теңгеден аспайды,- дейді ол.

Айбек Тәжіғалиев өзінің 5 разрядты оператор бола жүріп қолына 180 мың теңге ғана тиетінін айтады.

- Жұмысымыз өте ауыр. Улы иіс аңқыған мұнай құбырларын қолмен тазалаймыз. Оның іші май, түтін. Айнала шуға толы. Құбырларды қолмен көтереміз. Жұмысымыз өте зиянды, ол үшін бар болғаны 10-12 мың теңге төлейді, - дейді АйбекТәжіғалиев.

"Techno Trading LTD" компаниясының өкілі Нұрсәуле Боранова жұмысшылар жалақысын сәуір айында 15 пайызға көтергендерін айтады. Оның сөзінше, компания өкілдері жұмысшылармен Маңғыстауда ереуілдер легі басталған өткен айларда кездесу өткізіп, шыдауды, жұмысты тоқтатпауды өтінген.

- Тапсырыс беруішіміз "Маңғыстаумұнайгаз" 2008 жылдан бері тарифті көтермейді. Олар тендерге ұсынған бағаға келісеміз, бас тартсақ объектісіз қаламыз. Осы мәселені айтып 2015 жылдан бері "Қазмұнайгазға" да, "Маңғыстаумұнайгазға" да, "Самұрық Қазына" әл-ауқат қорына да хат жаздық, бізді әлеуметтік маңызы бар компаниялар тізіміне қосуды сұрадық. Жауап жоқ. Міне тағы негіздеп хат жолдап, құжаттар дайындап, тариф көтеруді сұрап, келіссөзге бара жатырмыз, - деді ол.

"Techno Trading LTD" мекемесінде еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді сұраған талап 2014 жылдан бері қойылып келеді.

Компаниядағы жұмысшылардың ең ірі наразылығы 2016 жылғы наурыз-сәуір айларында өткен. 2016 жылғы қазанда Маңғыстау облысы әкімдігі жұмыс беруші мен кәсіподақ қатысқан үшжақты келісім комиссиясын өткізіп, жұмысшылар талабын орындауға келіскен. Кейін бұл талап орындалмады деп наразылық білдірген жұмысшылар 2017 жылғы қаңтар айында аштық жариялаған еді.

"Тechno Trading мекемесі "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясының Жетібай, Қаламқас мұнай кен орындарындағы жабдықтарын жөндеумен айналысады.

Қазір Жетібайда "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына транспорт қызметін көрсететін "West Oil Software" компаниясы жұмысшылары да он күннен бері ереуілдетіп тұр. Олар да жалақы өсіруді талап етеді.

Жетібайдағы ереуілге он күн болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:34 0:00

Биыл жазда Маңғыстау облысында, соның ішінде Жаңаөзен қаласында жұмысшылардың жалақы өсіруді, жұмыс жағдайын жақсартуды талап еткен ереуілдері жиіледі. Шілдеде ондаған мекеме жұмысшылары еңбек жағдайын жақсартып, жалақыны көтеруді талап етіп, жұмысын тоқтатты. Жұмысшылардың көбі ереуіл арқылы талаптарын ішінара орындатты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG