Accessibility links

"Авторитардың ізімен". Мирзияевті "ұлт көшбасшысы" деп атауды ұсынды


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев тәуелсіздік күніне арналған шарада сөйлеп тұр. Ташкент, 31 тамыз 2021 жыл.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев тәуелсіздік күніне арналған шарада сөйлеп тұр. Ташкент, 31 тамыз 2021 жыл.

Өзбекстанда жоғары лауазымды екі депутат президент Шавкат Мирзияевке "ұлт көшбасшысы" құрметті атағын беруді ұсынды. Жеке басты дәріптейтін мұндай атаққа бұған дейін Орталық Азиядағы елдердің бұрынғы және қазіргі президенттері ие болған.

Өзбекстан парламентінің екі депутаты елде шексіз саяси билікке ие болып отырған президент Шавкат Мирзияевқа "ұлт көсбасшысы" атағын беру туралы бастама көтерді. Әйткенмен мұны Орталық Азия өңірінде тың идея деуге келмейді. Бұдан отыз жыл бұрын тәуелсіздік алған аймақтағы постсоветтік елдердің алғашқы президенттері демократияға жат үрдіс – авторитар басшының жеке басын дәріптейтін осыған ұқсас атақ-мәртебеден кенде емес.

Ал Өзбекстанда биыл мұндай бастаманы алғашқылардың бірі болып сенат депутаты Кудратилла Рафиков көтерді. Ол 19 тамызда жарияланған "Шавкат Мирзияевтің феномені" деген мақаласында президенттің "ұлтқа сіңірген еңбегін" мадақтап, Мирзияевқа "жастар сенетінін, ал балалар оны құрметтейтінін" айтқан.

"Мирзияевтің табиғи болмысы мен мінезіндегі ерекше бірдеңе "Бұл кісі ұйықтап, демала ма?" деп ойландырады" деп сүйсінеді сенатор.

Ол Шавкат Мирзияев өз елінде танымал, ал аймақ елдері басшылары арасында сыйлы екенін жазып, ол "миллат сардори", яғни "ұлт көшбасшысы" деп атауға лайық тұлға деп түйіндеді.

Президент Шавкат Мирзияевтің Ташкенттегі балалар үйіне келуі. Ресми сайттағы сурет.
Президент Шавкат Мирзияевтің Ташкенттегі балалар үйіне келуі. Ресми сайттағы сурет.

Бірнеше күннен соң Өзбекстан парламенті төменгі палатасының мүшесі Акмал Саидов та мақала жариялап, онда президентті "ұлт көшбасшысы" деп атады. Саидов Мирзияевтің Өзбекстандағы рөлін айта келе "юртбаши", яғни "елбасы" деп атады.

Бейресми осы атауды бұған дейін бірнеше БАҚ пен қоғам өкілі де қолданған.

Өзбекстанды совет кезінен басқарған авторитар президент Ислам Каримов осыдан тура бес жыл бұрын қайтыс болған соң Шавкат Мирзияев билікке келген. Көп жыл ел үкіметін басқарған әрі Каримовтың үзеңгілесі болған Мирзияев президент болып сайланған соң елге өзгерістер қажетін, басшыны мақтап-мадақтайтын жағымпаздықты ұнатпайтынын айтқан.

Ал қазір өзіне "ұлт көшбасшысы" атағын беру жайлы ұсыныстарға байланысты ол әлі ештеңе деген жоқ.

Бұл ұсыныстар Өзбекстанда биыл 24 қазанда өткелі отырған президент сайлауы қарсаңында айтылып жатыр.

Өткен айда билік басындағы либерал-демократиялық партия 64 жастағы Шавкат Мирзияевты президент сайлауына кандидат ретінде ұсынды. Елде оның сайлауда жеңімпаз атанатынына күмән келтіретіндер аз.

Бұл жолғы сайлау да бұрынғыдай өткелі отыр: шынайы бәсеке жоқ, Батыс бақылаушылары қатыспайды. Жұрттың көбі бұл сайлауды Шавкат Мирзияевтің тағы бес жылға сайлануы үшін жасалған "шартты нәрсе" деп атайды.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖЕКЕ БАСҚА ТАБЫНУ

Егер Шавкат Мирзияевқа "ұлт көшбасшысы" атағын берсе, онда бұған дейін дәл осындай атақ-дәрежені иеленген Орталық Азия елдерінің өзге басшыларының қатарына тағы біреу қосылмақ.

1993 жылы Түркіменстанның бірінші президенті Сапармұрат Ниязов "Түркіменбасы" деген ресми атаққа ие болды. 2006 жылы қайтыс болғанға дейін ол жеке басқа табынудың мысалына айналған оғаш жарлықтарымен есте қалды.

Түркіменстанды 1990 жылдан 2006 жылы қайтыс болғанға дейін басқарған Сапармұрат Ниязовтың 12 метрлік алтынмен апталған ескерткіші Бейтараптық монументінің ұшар басына орнатылған. Ниязовтың мүсіні үнемі күнге жүзін беріп айналып тұратын.
Түркіменстанды 1990 жылдан 2006 жылы қайтыс болғанға дейін басқарған Сапармұрат Ниязовтың 12 метрлік алтынмен апталған ескерткіші Бейтараптық монументінің ұшар басына орнатылған. Ниязовтың мүсіні үнемі күнге жүзін беріп айналып тұратын.

Ниязов өзінің "Рухнама" кітабын оқу бағдарламасына енгізіп, шенеуніктерді сол шығарманы оқуға міндеттеді. 1999 жылы Түркіменстан парламенті Ниязовтың президент қызметінде өмір бойы отыруын заңдастырып берді.

2006 жылы Ниязовтың орнына келген Гурбангулы Бердімұхамедов елді әлі басқарып отыр. Қазір оның "Арқадағ" ("желеп-жебеуші" дегенді білдіреді - ред.) деген ресми атағы бар. Бұл атақты оған 2011 жылы ақсақалдар кеңесі берген.

Бердімұхамедов 2010 жылы Ашғабаттағы Сапармұрат Ниязовтың алтынмен апталған ескерткішін алып тастаған кезде біраз жұрт Түркіменстанда жеке басқа табыну дәуірі осымен аяқталған шығар деп үміттенген.

Бірақ бес жылдан соң "Арқадағ" сән-сәлтанатпен өзіне зәулім ескерткіш қойды: биіктігі 15 метр ақ мәрмәрдан қаланған тұғыры бар ескерткіштегі ақалтеке сәйгүлігін мінген президенттің мүсіні алтынмен апталған.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовке орнатылған ескерткішті ашу шарасы. Ашғабат, 25 мамыр 2015 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовке орнатылған ескерткішті ашу шарасы. Ашғабат, 25 мамыр 2015 жыл.

Қаржы дағдарысы қысқан халқы азық-түлік жетпей қиналып жатқан шақта мемлекеттік телеарналар Гурбангулы Бердімұхамедовтің салт атпен серуендеп, немересімен бірге ән салғанын, кітап жазып, түрлі жаттығу жасап, қарудан нысана атып, я ұшқыр көлікті айдап немесе жай ғана демалып, рахатқа бөленіп отырғанын жиі көрсетеді.

Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі мемлекет – Қазақстанды отыз жылдай билеген Нұрсұлтан Назарбаев та жеке басқа табынуды қалыптастарды.

Назарбаев 2019 жылы президенттіктен кеткенімен, биліктегі ықпалды орган – Қауіпсіздік кеңесін әлі басқарып отыр. Кеңес мүшелерінің қатарында елдің қазіргі президенті де бар.

2010 жылы президенттің ығынан шықпайтын Қазақстан парламенті Назарбаевқа "Елбасы" атағын беру туралы заң қабылдаған.

Тұңғыш президент саябағында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңадан қойылған ескерткіштің қасында тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 6 шілде 2021 жыл.
Тұңғыш президент саябағында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңадан қойылған ескерткіштің қасында тұрған адамдар. Нұр-Сұлтан, 6 шілде 2021 жыл.

2019 жылы мемлекет астанасының атауы оның құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертілді.

Билікке ықпалын әлі күнге дейін жүргізіп отырған Назарбаевтың есімі елдегі университет, әуежай, мектеп, көшелерге де берілді.

Ұлттық банк оның портреті салынған ақша шығарған.

2015 жылы Тәжікстан парламенті ел президенті Эмомали Рахмонға "ұлт көшбасшысы" атағын берді.

Титулмен қоса авторитар басшы мен оның отбасы өмір бойына қудаланбайтындай етіп заң қабылдады.

Ал Рахмон ресми түрде "Тәжікстандағы ұлттық ынтымақ пен бірліктің негізін қалаушы" деп танылды.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды қолдау жиынында оның үлкен суретінің жанында тұрған адамдар. Душанбе. 3 қараша 2013 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды қолдау жиынында оның үлкен суретінің жанында тұрған адамдар. Душанбе. 3 қараша 2013 жыл.

Орталық Азияда Қырғызстан ғана бұл үрдіске қосылмай тұр. 2005 жылы бірінші президенті елден қуылған Қырғызстанда одан кейін сайланған мемлекет басшылары билікте ұзақ мерзімге қалып көрген жоқ.

Қазіргі Конституция бойынша Қырғызстанда президент қызметіне бір ғана мерзімге сайланады.

Бұған дейін елде үш президент жаппай наразылықтың әсерімен қызмет мерзімі аяқталмай жатып биліктен кетуге мәжбүр болған.

Азаттықтың Өзбек қызметі - Озодлик радиосы материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG