Ауғанстан азаматтық авиациясының өкілі "Әл-Жазира" телеарнасына Кабул әуежайы жұмысы қайта басталатынын айтты.
"3 қыркүйекте ішкі рейстер басталады, халықаралық рейстер кейінірек шығады" деді ол.
Ауғанстанда елуге жуық әуежай бар. Ең әуелі Қандағар, Мазари-Шариф және Жалалабад қалаларының әуежайлары іске кіріседі деген болжам бар.
Әуежай жұмысын тезірек қалпына келтіру үшін Катар 1 қыркүйекте техникалық қызметкерлерін ұшақпен жіберген. Доха Америка әскері кеткеннен кейін Кабул әуежайының жабылғаны стратегиялық және гуманитарлық проблемалар туғызуы мүмкін деп санайды.
Осы ұстанымдағы Түркия да "Талибанға" техникалық көмек бергісі келеді. Оның үстіне екі ел де қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінің бір шетін мойындарына алғалы отыр. Қазір әуе компанияларының бәрі Ауғанстанның әуе кеңістігін айналып өтіп жатыр.
Әуежайдың ашылғанын Германия, Нидерланд, Ұлыбритания секілді Еуропа елдері де қалайды. Ұлыбрианияның сыртқы істер министрі Доминик Рааб өз елі сәуір айынан бері 17 мыңға жуық азаматы мен ауғандарды эвакуациялағанын және Ауғанстанда қауіп астында қалғандарға пана беруге дайын екенін мәлімдеді.
Кабул әуежайының ашылғанын ауғандарға гуманитарлық көмек бергісі келетін БҰҰ да күтіп отыр. Пентагон эвакуация аяқталарда әскери мақсатта қолдануға болатын техникалардың бәрін жарамсыз қылып тастағанын, бірақ өрт сөндіруші мәшинелер мен жүк тиегіш техникаларға тиіспегенін мәлімдеген. Оларды әуежай жұмысына пайдалануға болады.
Әуе рейстерінен өзге ақша аударымдары да жанданады: Western Union компаниясы Ауғанстандағы қызметін қайта қосатынын, 3-17 қыркүйек аралығында комиссия алудан бас тартатынын хабарлады.
Дүниежүзілік банк шетелдерде жұмыс істейтін ауған азаматтары өткен жылы өз еліне үлкен көлемде ақша аударғанын, бұл ақшаның ауған экономикасында маңызды рөл атқаратынын айтқан.
15 тамызда тәліптер Кабулды алып, Ауғанстанға бақылау орнатқанын жариялаған. АҚШ пен оның одақтастары өз елінің азаматтары мен тәліптер қуғын-сүргінінен сескенген ауған азаматтарын эвакуациялаған. Эвакуацияланғандардың жалпы саны 120 мыңға жеткен.
30 тамызда АҚШ әскері Ауғанстанннан толығымен шығып кетті. Америка әскері Ауғанстанда 20 жылға жуық тұрды. 2001 жылы 11 қыркүйектегі терактіні "Әл-Қайда" террор ұйымы мойнына алғаны, оның жетекшісі Усама бен Ладеннің Ауғанстанға жасырынғаны белгілі болғаннан кейін АҚШ Ауғанстанға әскер кіргізген. Ауғанстанда АҚШ-қа "әл-Қайдадан" өзге "Талибан" қозғалысы да көп жыл қарсылық көрсеткен.
ПІКІРЛЕР