Accessibility links

Тоқаев: Қазақстанға АЭС қажет, бұл мәселені қарастыратын уақыт келді


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Владивостокта өтіп жатқан Шығыс экономика форумының пленарлық отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елге атом электр станциясы қажет деп мәлімдеді.

Жиынға видео байланыс арқылы қатысқан Тоқаев "Қазақстан халқына жолдауымда елде атом энергетикасын құру мүмкіндігін жан-жақты зерттеуді тапсырдым. Елдің, халық пен бизнестің қажеттілігін де ескеру маңызды. Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыратын уақыт келді деп есептеймін. Себебі Қазақстанға атом станциясы қажет" деді.

Кейінгі уақытқа Қазақстан билігі халықтың қарсылығына қарамастан елде атом энергетика станциясын салу жайын жиі айтып жүр.

1 қыркүйектегі жолдауында Тоқаев үкіметке "бір жылдың ішінде қауіпсіз атом энергетикасын дамытуды зерделеуді" тапсырған.

"2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергияcының тапшылығы болады. Ал әлемдік тәжірибеге сәйкес, тиімді шешім бар. Ол – бейбіт атом. Иә, оңай шаруа емес. Сондықтан осы мәселені ұтымды шеше білуіміз керек, сан алуан болжам мен эмоцияға жол бермейік" деген еді Тоқаев биылғы жолдауында.

2019 жылы сәуірде Ресей президент Владимир Путин Қазақстан президенті Тоқаевпен кездесуде Қазақстанда "ресейлік технология" бойынша АЭС салу туралы ұсыныс айтқан. Бұл ақпарат Қазақстан қоғамында ірі резонанс тудырды, жұрт ұсынысты сынады. Елде болған наразылық шараларында өзге ұрандармен қатар "АЭС салынбасын!" деген талап та болған. Халық елде салынған АЭС апатқа ұшырай ма деп қауіптенеді. Көп ұзамай Тоқаев "халықтың пікірін ескермей АЭС салу жөнінде шешім қабылданбайды" деп мәлімдеген еді.

Биыл 26 мамырда президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясы төңірегінде айтылып жүрген қауіптердің орынсыз екенін атап өтіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырған.

Былтыр үкімет АЭС салуға ең қолайлы орын ретінде Алматы облысы Үлкен қаласының маңы деген. Алайда бұл ұсынысты жұрт сынап, Тоқаев құптамаған.

Биыл 30 маусым күнгі брифинг кезінде энергетика министрі Нұрлайн Ноғаев Семей ядролық полигоны орналасқан Курчатов қаласында болашақ АЭС салынуы мүмкін екенін айтты.

"Биыл Семей ядролық полигонын зерттеуді толық аяқтаймыз. Қазірге дейін аумақтың 80 пайызы зерттелді. Жылдың соңына дейін зерттеу жұмыстарын аяқтаймыз. Одан соң аумақтың қандай бөлігін халық шаруашылығы мен өзге мақсаттарға бере аламыз, сол жағын қарастырамыз" деген еді Ноғаев.

Ресей бұған дейін Қазақстанда АЭС салу мәселесін бірнеше рет қозғады. Биыл ақпанда Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин кремльшіл "Комсомольская правда в Казахстане" басылымына берген сұхбатында "Ресей Қазақстанда әлі де АЭС салғысы келеді" деп мәлімдеген еді.

Жақында 26 тамызда Жамбыл облысындағы әскери бөлімде қару-жарақ қоймасы жарылғанда (апаттан 15 адам қайтыс болды) жұрт әлеуметтік желіде "қару-жарақ қоймасына ие бола алмай отырған үкімет АЭС салмасын" деп қарсылық білдірді.

Жұрт Тоқаевтың атом энергетикасын дамыту идеясын сынады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:46 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG