Accessibility links

"Жалақыны 12,5 пайызға көбейтеміз деді, келіспедік". "Аралтұз" жұмысшылары бесінші күн ереуілде тұр


"Аралтұз" акционерлік қоғамы жұмысшылары еңбекақыны көтеруді талап етіп ереуілде тұр. Арал ауданы, Қызылорда облысы, 5 қыркүйек 2021 жыл.
"Аралтұз" акционерлік қоғамы жұмысшылары еңбекақыны көтеруді талап етіп ереуілде тұр. Арал ауданы, Қызылорда облысы, 5 қыркүйек 2021 жыл.

Қызылорда облысы Арал ауданында "Аралтұз" акционерлік қоғамының жұмысшылары бесінші күн ереуілде тұр. 1 қыркүйек күні олар басшылыққа жалақыны көбейту туралы талап қойып, жұмысты тоқтатқан.

Жұмысшылардың айтуынша, жалақысы 48 мың теңге, экологиялық қосымшамен бірге есептегенде қолына 80 мың теңгедей алады. Олар алар айлығының 2014 жылдан бері өзгермегенін айтады.

Жұмысшылар жалақысын 50 пайызға көбейтуді талап етеді.

4 қыркүйек күні зауыт әкімшілігі жұмысшылармен кездесіп, өз ұсыныстарын айтқан, бірақ олар оны қабылдамаған. Жұмысшылар жіберген видеоға қарағанда, кездесуге зауыт атынан "Аралтұз" АҚ вице-президенті Ғалымжан Сержанов келген.

– Жалақыны 1 қыркүйектен бастап 12,5 пайызға көбейтеміз. Ал 1 қаңтардан бастап тағы 10 пайызға көбейтеміз. Үшіншіден, жылдың аяғына дейін төрт ай қалды, осы уақыт ішінде бар күшімізді салып, жоспарды орындасақ 42 500 теңге көлемінде сыйақы береміз, – деді Сержанов.

Жұмысшылар зауыт басшылығының бұл шартына көнбеді.

– Оған біз келіспей отырмыз. Талабымыз орындалмайынша, ереуіл жалғаса береді, – деді аты-жөнін атамауды сұраған жұмысшы.

"Аралтұз" акционерлік қоғамы тұз өндіру және қайта өңдеу саласындағы ірі кәсіпорын. Компания мәліметтеріне қарағанда, жылына 450 мың тоннаға жуық тұз өндіріп, оның 75 пайызын Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Украинаға экспорттайды. 1200-ден аса қызметкері бар.

Компания сайтындағы мәліметтерде "2021 жылдың 1 наурызынан бастап зауыт жұмысшыларының жалақасы орта есеппен 10 пайызға көбейеді" деп көрсетілген. Бірақ жұмысшылар мұны жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG